Жаңашыл педагогтің жарқын жетістігі

Павлодар облысының Железин ауданындағы №2 жалпы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Екатерина Николаевна Дерунова – ауданның білім саласындағы бірқатар жетістіктерімен танылған білікті педагог.

Екатерина Дерунова – Железин ауданындағы PhD ғылыми дәрежесіне ие алғашқы әрі әзірге жалғыз педагог. Ол Марғұлан университетінің (ППУ) тарихындағы алғашқы докторант ретінде диссертациясын мерзімінен бұрын сәтті қорғаған.

Педагогтің ғылыми ізденісі мектеп тәжірибесімен ұштасып келеді. 2026 жылдың мамыр айында ол Германиядағы Дрезден техникалық университетінде тағылымдамадан өтіп, білім беру саласындағы заманауи тәсілдерді меңгерді.

Мектеп басшысының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары ретінде Екатерина Николаевна дарынды оқушыларды ерте анықтау мақсатында Савенков әдістемесі бойынша диагностика жүйесін енгізді. Сонымен қатар оқушылардың ғылыми жобаларына жетекшілік ететін педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетіп келеді.

Оның шәкірттері де жоғары нәтижелер көрсетуде. 2022 жылы Екатерина Дерунова дайындаған Дария Ашимжанова республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанды. Амирa Сейплденова облыстық ғылыми жобалар кезеңінде екі мәрте жүлдегер болып, 2023 жылы 9-сынып оқушысы ретінде 10-сыныптар санатында орыс тілі пәнінен республикалық олимпиадада 3-орын иеленді. Биыл Виолетта Кива облыстық жобалар байқауында жүлдегер атанды.

Педагог сонымен қатар «вайб-кодинг» тәсілін қолданып, авторлық дидактикалық ойындар мен интерактивті қосымшалар әзірлейді және тәжірибесін әріптестерімен бөліседі.

Бес баланың анасы Екатерина Николаевна үшін ұстаздықтың басты мақсаты – әр баланың бойындағы қабілетті танып, оның өз күшіне сенуіне жол ашу.

Оның кәсіби ұстанымы бір ойға тоғысады: ұстаздың ең үлкен жетістігі – шәкіртінің өз жұлдызын жағуына мүмкіндік беру.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий