Тәрбиесі тұғырлы, дәстүрі берік шаңырақ

Ақсу қаласының Мәмәйіт Омаров ауылында тұратын Әділхан мен Еркегүл Сәкен отбасы – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, бала тәрбиесіне ерекше мән беріп келе жатқан өнегелі шаңырақ. Төрт баланы тәрбиелеп отырған отбасының береке-бірлігі, еңбекке деген құрметі мен ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі көпке үлгі.

Отағасы Әділхан Сәкен теміржол саласында абыройлы еңбек етіп, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті маман ретінде танылған. Ал Еркегүл Самархан 20 жылдан бері тарих пәнінің мұғалімі болып, жас ұрпаққа білім мен тағылымды тәрбие беріп келеді. Ұстаз үшін шәкірттеріне ел тарихын танытып, туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру – басты міндет.

Ата-анасының өнегесін бойына сіңірген балалары да білім мен өнерге жақын. Отбасының үлкен қыздары Анель мен Аймира домбыра тартып, ұлттық өнерді дәріптеп жүр. Бұл – шаңырақтағы дәстүр сабақтастығының айқын көрінісі.

Үлкен қызы Анель – Дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінің үздік аттестат иегері. Мектепте оқып жүрген кезінде пәндік олимпиадалар мен шығармашылық байқауларға белсенді қатысып, жүлделі орындардан көрінген. Қазір Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде ағылшын тілі пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жүр.

Ал Аймира ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақты серік еткен зерделі жас. Ол республикалық, облыстық және қалалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, ұлттық ойынның маңызын насихаттап келеді. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарына, пәндік сайыстар мен оқуларға қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз атанған.

Отбасының кенже балалары да ата-анасының қолдауымен өз қызығушылықтарын дамытып келеді. Данияр – 2-сынып оқушысы, тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысады. Ал биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған Айша вокал үйірмесіне қатысып, ән өнеріне қызығушылығын арттырып жүр.

Сәкен шаңырағында білім мен еңбек, ұлттық өнер мен спорт қатар өрілген. Ата-ана балаларының әр бастамасына қолдау көрсетіп, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасап келеді.

Сәкен отбасының басты құндылығы – балаға жақсы тәрбие беру, ұлттық мұраны құрметтеу және еңбекті бағалау. Берекесі жарасқан бұл шаңырақтың өнегесі – отбасы құндылықтарын дәріптеудің жарқын үлгісі.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий