Тоғызқұмалақ – ұлттық ойынның әлемдік биігі
Бүгін – Халықаралық тоғызқұмалақ күні. Ұлттық зияткерлік ойынның абыройы артып, бүгінде ол Қазақстанда ғана емес, әлемнің бірқатар елінде кеңінен дамып келеді. Тоғызқұмалақ – ой ұшқырлығын, сабыр мен дәлдікті талап ететін ерекше спорт түрі.
Павлодар облысында да ұлттық ойынға қызығушылық жоғары. Өңірдің білім беру ұйымдарында 300-ден астам тоғызқұмалақ секциясы жұмыс істейді. Оларға 3500-ден астам оқушы қатысады. Бұл – жас ұрпақ арасында ұлттық зияткерлік ойынның кеңінен насихатталып келе жатқанының айқын көрінісі.
Павлодарлық жас тоғызқұмалақшылар республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Әлем чемпионаттарында Азиза Кульбаева, Алдияр Кучук, Амир Наурызғали, Елдана Оралбай, Азамат Халел және Тамерлан Сапар топ жарып, өңір мерейін үстем етті.
Атап айтқанда, Азиза Кульбаева мен Алдияр Кучук блицтен, Амир Наурызғали рапидтен, Елдана Оралбай классикадан әлем чемпионы атанды. Азамат Халел классикадан алтын, рапидтен күміс, блицтен қола жүлде иеленсе, Тамерлан Сапар классикадан әлем чемпионы атанып, блицтен қола жүлдеге қол жеткізді.
Өңірдің тәжірибелі спортшыларының қатарында Жанат Қаймолдиннің есімін ерекше атауға болады. Ақсулық тоғызқұмалақшы 30 жылдан астам уақыттан бері ұлттық ойынды серік етіп, Азия және әлем чемпионаттарында жүлде алып жүрген спортшы әрі жас таланттарды тәрбиелеп жүрген жаттықтырушы.
Ал Қазақстанның тоғызқұмалақ тарихында әлемдік деңгейде танылған Әсел Далиева да ерекше орын алады. Ол әлем чемпионатында классикадан жеңімпаз атанып, ұлттық ойынның үздік шеберлерінің бірі ретінде танылды.
Соңғы жылдары ел қоржынына әлемдік додаларда алтын медаль әкелген жас спортшылардың қатары да көбейіп келеді. Олардың арасында Ернұр Батыр, Махмұтжан Әзімхан, Сапар Тамерлан, Айдана Молдабек секілді чемпиондар бар. Мәселен, оқушылар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы сегіз алтын медаль жеңіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған.
Тоғызқұмалақтың басты ерекшелігі – оның спорт пен тәрбиені қатар ұштастыруында. Әр жүріс ойыншыдан есеп пен байыптылықты, ал әр партия төзім мен стратегиялық ойлауды талап етеді.
Загрузка...
