Еңбек нарығындағы сұраныстың жартысынан көбі колледж мамандарына тиесілі
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен аптаның сейсенбі күні ұйымдастырылған ел Үкіметінің кезекті отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлаудағы жаңа тәсілдер қаралып, жаңа заман талабына сай орта буын мамандарды даярлау жүйесі және жоғары оқу орындарының колледждермен әріптестігі туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасаған болатын.
– Біз инженерлік-техникалық кадрлар даярлаудың жаңа архитектурасына көшудеміз. Жұмыс төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт – кадрлық тапшылықты болжау және жаңа мазмұндарды анықтау. Кадрларға қажеттілікті кешенді болжауға сүйенетін болсақ, қазірдің өзінде сұраныстың елу пайыздан астамы техникалық және кәсіптік білім беру мамандарына тиесілі. Биыл жетпіс үш мың кәсіпорынға жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша орта мерзімді қажеттіліктің елу бес пайызы техникалық және кәсіптік білім беру мамандары, қолданбалы біліктіліктер, – деді ол сөйлеген сөзінде.
– Сауалнама нәтижелері және QS (Quacquarelli Symonds) халықаралық агенттігінің зерттеу қорытындысы негізінде білім беру бағдарламаларына жасанды интеллектті, өндірістік оқытуды, жаңа стандарттар мен біліктіліктерді бизнес талаптарына сай бейімдеп, болашақ құзыреттерді қалыптастырамыз. Және қосымша жиырма өңірлік мамандықтар атласы әзірленді. Оларда екі мыңнан астам жаңа мамандық айқындалып, қолданыстағы мамандықтардың трансформациясы көрсетілген.
Бейіндік ведомство жетекшісінің мәліметі бойынша, осы атлас негізінде білім беру бағдарламалары жаңартылды, мәселен төрт жыл бұрын небәрі жеті бағдарлама ғана болған болса, биылғы жаңа мамандықтардың саны 1983-ке жетіпті. Бұл жаңа мамандықтардың айқын мысалы – дрондар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары жүйелерін басқарушылар. Мамандарды даярлау азаматтық авиация, аэроғарыштық инженерия, жерді қашықтан зондтау және ұшқышсыз аппараттарды басқару бағыттары бойынша сегіз жоғары оқу орнында жүргізілуде.
– Студенттер контингенті төрт жүз отыз адамды құрайды. Және екінші бағыт – колледж бен жоғары оқу орны арасындағы алшақтықты жоя отырып, бірыңғай білім беру вертикалі құрылуда. Бүгінгі таңда бір жүз үш жоғары оқу орны колледж түлектері үшін 1158 синхрондалған білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда. Оларда 39,6 мың адам оқып жатыр. Отыз алты жоғары оқу орнының меншігінде 38 колледж бар. Одан басқа отыз жоғары оқу орны бір жүз техникалық және кәсіби білім беру ұйымымен серіктестік қатынас орнатқан, – деді министр.
Техникалық және кәсіптік білім беру нәтижелерін автоматты түрде тану, оқу мерзімін қысқарту, формалды емес білім беруді тану, микробіліктілік пен дуалды оқытуды жалғастыру енгізілді. Үш жоғары оқу орны базасында Лу Бань шеберханалары ашылған. Олар колледж түлектерінің техник, технолог және инженер деңгейіне дейін өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бір алаңда заманауи жабдықтар, технология, білім беру бағдарламасы және халықаралық сертификаттау жүйелері біріктірілген.
Үшінші бағыт – дуалды оқыту. Бүгінде жетпіс алты жоғары оқу орнының елу мыңнан астам студенті 6 мың кәсіпорын базасында дуальды оқытудан өтіп жатыр. Бір ғана мысал, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті Кореяның Dong-Eui университетімен бастаған өндірістік бағдарлама тікелей «KIA Qazaqstan» ЖШС зауытына мамандар даярлайды. Биыл оқып жатқан бір жүз отыз сегіз студенттің алпыс екісі тұрақты жұмысқа орналастырылғанын білдік. Барлық жоғары оқу орнында инженерлік дайындық бойынша Work-Based Learning (жұмыс орнында оқыту) бағдарламасы енгізілуде екен.
Төртінші бағыт – бизнеспен серіктестік. Тек қана бір мысал, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның портфельдік компанияларында жыл сайын 10 мыңнан астам студент дуалды оқыту мен өндірістік тәжірибеден өтеді. Ірі техникалық жоғары оқу орындарының негізінде арнайы өндірістік кеңестер құрылды. Енді кәсіпорындар тек жұмысқа орналастыруға ғана емес, сонымен қатар құзыреттерді анықтауға, бағдарлама мазмұнына, құрылымына, нәтижені бағалауға тікелей қатысады, – деді Саясат Нұрбек.
Осы модельдің бір мысалы, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен бірігіп оқу-өндірістік полигонын ашты. Онда он бес оқу аймағы, кәсіптік жабдықтары бар 3 ұңғыма жұмыс істейді. Студенттер көмірсутектерді барлаудан бастап, өндіру, дайындау және тасымалдауға дейінгі толық технологиялық циклді меңгереді. Алда тұрған ең басты мақсат – жасанды интеллект, жаңа технологиялардың өзгеруіне қатысты еңбек функциялары, біліктіліктер мен білім беру бағдарламалары арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз ету.
Бұл міндетті Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылып жатқан Ұлттық мамандықтарды трансформациялау орталығы атқаратын болады. Орталықтың тұжырымдамасы әзірленген. «Атамекен» ҰКП-мен келіссөздер жүргізілген. Ұлттық кәсіптерді трансформациялау орталығының ұйымдастырушылық моделі әзірленуде. Бизнес, жоғары оқу орындары мен технологиялық серіктестердің қатысуымен серіктестік ядросы қалыптасуда.
– Премьер-министрдің төрағалығымен ұйымдастырылған ел Үкіметінің жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлаудың жаңа тәсілдері қарастырылған кезекті отырысында баяндама жасаған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университеттер, колледждер және экономиканың нақты секторы арасындағы әріптестікті нығайтудың маңызына ерекше тоқталған болатын. Бүгінде еліміздегі жетпіс алты жоғары оқу орнының елу мың студенті алты мың кәсіпорын базасында дуалды білім алып жатқаны айрықша атап айтылды, – дейді Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасындағы кезекті жазбасында «Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті» КЕАҚ (ШҚТУ) Басқарма төрағасы – Ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент) Сауле Рахметуллина.
– Бұл модель білім беру үдерісін өндіріске жақындатып, еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкес мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Біздің жоғары оқу орны үшін тәжірибеге бағдарланған оқыту – дамудың негізгі бағыттарының бірі. 2025-2026 оқу жылында университетте 20 білім беру бағдарламасы бойынша үш жүзден астам студент дуалды оқытумен қамтылды. Кадр даярлау «Казцинк», Allur, Өскемен су электр станциясы, Согра жылу электр орталығы және басқа да ұйымдарды қамтитын сегіз кәсіпорын-серіктеспен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Сауле Жадыгеровнаның ақпаратына сүйенсек, өткен оқу жылымен салыстырғанда дуалды форматта жүзеге асырылатын білім беру бағдарламаларының саны үш есеге жуық, ал студенттер саны екі еседен астам өскен. Оқу үдерісінің бір бөлігі тікелей өндіріс орындарында өтеді. Кәсіпорын мамандары студенттерді даярлауға және олардың кәсіби құзыреттерін бағалауға қатысады. Жергілікті жоғары оқу орны аймақтағы колледждермен өзара ықпалдастыққа ерекше мән беруде.
Университет жұмысшы біліктілігін игеруден және техникалық-кәсіптік білім алудан бастап, жоғары оқу орнындағы инженерлік бағдарламаларды меңгеруге дейінгі үздіксіз кадр даярлау траекториясын жүйелі түрде қалыптастырып келеді. Бұл жүйеде ШҚТУ-дың Жоғары IT-колледжі ерекше орын алады. Осыған орай бағдарламалық қамтамасыз ету, машина жасау технологиясы, түсті металдар металлургиясы, пайдалы қазбаларды байыту, автомобиль көлігі, автоматтандыру және технологиялық процестерді басқару, есептеу техникасы мен ақпараттық желілер, құрылыс, геодезия және басқа да сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярланады.
Колледждегі білімнің тәжірибелік бағыты студенттердің кәсіби шеберлік чемпионаттарындағы нәтижелерімен де дәлелденіп отыр. WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионатында Владислав Рыбалкин «Веб-технологиялар» құзыреттілігі бойынша жүлделі үшінші орынды иеленді. Али Секишев «Компьютерлік ойындардағы 3D-модельдеу» құзыреттілігі бойынша, ал Қуат Қабылқайыров WorldSkills Kazakhstan-2025 чемпионатында «Құрғақ құрылыс қоспалары және сылақ жұмыстары» құзыреттілігі бойынша «Үздік маман» медальонымен марапатталған.
«Шығыс Қазақстан техникалық университеті» КЕАҚ (ШҚТУ) Басқарма төрағасы – Ректорының айтуынша, осы колледж педагогтері де TurkicSkills және басқа кәсіби шеберлік байқауларына қатысып, өз құзыреттерін үнемі жетілдіруде. Бірлескен жұмыс білім беру бағдарламаларының мазмұнын үйлестіруді, университеттің заманауи зертханалық базасын пайдалануды, тәжірибелік сабақтар, кәсіби байқаулар мен ортақ жобалар өткізуді қамтиды. Бұл тәсіл колледж студенттеріне таңдаған бағыты бойынша оқуын университетте жалғастыруға, ал кәсіпорындарға жүйелі әрі сапалы даярлықтан өткен мамандарды жұмысқа тартуға мүмкіндік береді.
– Өзара ықпалдастықтың негізгі алаңдарының бірі – Лу Бань шеберханасы. Мұнда университет пен колледж студенттері заманауи автомобиль технологияларын, интеллектуалды көлік жүйелерін, автономды жүргізуді, жасанды интеллект пен цифрлық егіздерді меңгереді. Шеберхана базасында ұтымды ұйымдастырылған кәсіби шеберлік жөніндегі халықаралық жарыстар ШҚТУ мен өңірдегі техникалық және кәсіби білім беретін ұйымдардың командаларын, шетелдік сарапшыларды және кәсіпорын өкілдерін бір алаңға біріктірді, – дейді Сауле Рахметуллина.
– Қатысушылар нақты өндірістік міндеттерге барынша жақын жағдайларда өз білімдері мен тәжірибелік дағдыларын сынап, даярлық деңгейін халықаралық стандарттармен салыстыруға мүмкіндік алды. Үкімет отырысында белгіленген міндеттер біздің алдағы басым бағыттарымызды айқындайды. ШҚТУ дуалды және өндірістік оқытуды кеңейтуді, колледждермен және жұмыс берушілермен бірлескен бағдарламалар әзірлеуді, микробіліктіліктер мен тәуелсіз сертификаттауды дамытуды, сондай-ақ заманауи зертханалық инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз етуді жалғастырады.
Сауле Жадыгеровнаның пайымынша, білім берудің кез келген деңгейіндегі түлек кәсіби дағдылармен қатар цифрлық құралдарды меңгеріп, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істей білуі және өндірістік міндеттерді шешуде жасанды интеллект технологияларын қолдана алудың маңызы зор. – Біздің ортақ мақсатымыз – Шығыс Қазақстанда мектептен бастап колледж бен университет арқылы нақты өндіріске дейін жалғасатын біртұтас кадр даярлау жүйесін қалыптастыру. Бұл жүйенің нәтижесі – заманауи технологияны меңгерген, кәсіби біліктілігі жоғары және жоғары технологиялық өндірістің жаңа талаптарына дайын маман, – деп түйіндеген автор сөзінің соңын.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...

