Аймақтардағы алыс ауылдарға білікті мамандар ауадай қажет

Еліміздің аграрлық-өнеркәсіптік кешені (АӨК) – тәуелсіз жұртымыздың экономикалық тұрғыдан ілгері дамытуға зор үлес қосатын маңызды саланың бірі екендігі баршамызға белгілі. Ең бастысы, бұл ауқымды жүйе ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруге және сол өнімді тұтынушыға жеткізуге қатысатын барлық шаруашылық салаларын біріктіретіндігімен ерекше маңызға ие.

Статистикалық есеп бойынша, қазіргі кезде бұл кешенде үш жүз мыңға жуық өндіруші қызмет атқаруда және осы құрылымдар 1,1 миллион адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырғаны мәлім болады. Бес жүз тоқсан бес мыңы немесе елу бес пайызы жұмысшылар көрінеді. Алдағы он жылдай уақыт аралығында осы агроөнеркәсіп кешеніне шамамен 73 мың жаңа буындағы білікті кәсіби маман қажет болу мүмкін. Бұл туралы ел Үкіметінің өткен аптадағы кезекті отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Бейіндік ведомствоның мәліметіне сүйенсек, аграрлық колледждерге жыл сайын шамамен 4,8 мың адам, оның ішінде 3,8 мың адам – мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алады. Жалпы агроөнеркәсіп кешені үшін кадрлар даярлау өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын, ветеринарияны, балық шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді, механикаландыруды және басқа да бағыттарды қамтитын 17 мамандық пен 61 біліктілік бойынша даярланады.

– Бүгінгі таңда дуалды оқытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Колледждер ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен өзара іс-қимылды кеңейтіп, тәжірибе ұйымдастыру және студенттер даярлау жүргізуде. Солтүстік Қазақстан облысында кәсіптік колледжбен бірлесіп құрылған CLAAS оқу орталығы жақсы мысал бола алады. Сондай-ақ аграрлық-техникалық колледждердің «Агрофирма Родина», «Зенченко и Ко», «Қазақстанның астық консорциумы» сияқты және басқа да ірі кәсіпорындармен ынтымақтастығы жүргізілуде. Барлық облыста ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен өндірістік тәжірибені ұйымдастыру және кейіннен жұмысқа орналастыру ниеттері туралы келісімдер жасалуда, – деді спикер.

Бұл кәсіби дағдылардың маңызды бөлігін тікелей өндірісте қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте тежеуші факторлардың бірі бірқатар колледждің материалдық-техникалық базасының жеткіліксіздігі болып қала береді, бұл студенттердің практикалық даярлығы мен олардың қазіргі заманғы өндірістік технологияларды меңгеру мүмкіндіктеріне кедергі келтіреді. Осыған байланысты уәкілетті органдар колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту жөніндегі жұмысты жүргізуі қажет.

– Кадрларды даярлау сапасын арттыру мақсатында былтыр он тоғыз кәсіби стандарт әзірленіп, өзектендірілді. Биыл тағы он үш кәсіби стандарт өзектендіріліп, бекітілмек. Бұл жоғары технологиялар қолданылатын заманауи мамандықтар бойынша мамандарды оқытуға мүмкіндік береді. Және ерте жастан кәсіби бағдар беру, яғни, «мектеп – колледж/жоғары оқу орны – кәсіпорын» үздіксіз тізбегін құруға және нақты өңірдің агросекторға деген қажеттіліктерін ескере отырып мамандар даярлауға қолайлы жағдай жасайтын агросыныптар құру маңызды бағыт саналады, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

– Ресей, Америка Құрама Штаты, Германия және әлемнің басқа да көптеген елдерінде осыған ұқсас тәсілдер жүзеге асырылып, кеңінен қолданылуда. Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, университеттермен, жұмыс берушілермен, колледждермен бірлесіп пилоттық жобаны пысықтау қарастырылған. Ресей Федерациясының Омбы облысына агросыныптар құру тәжірибесін зерделеу үшін арнайы барған министрлік делегациясының сапары нәтижесінде пилоттық жобаға қатысуға дайын мектептер мен стратегиялық әріптестердің тізбесі қалыптастырылды.

Ауыл шаруашылығы министрінің пайымдауынша, агроөнеркәсіп кешені үшін сапалы кадр резервін қалыптастыруға, мектеп жасынан бастап аграрлық мамандықтарға деген қызығушылық арттыруға және оқушыларды саланың заманауи технологияларымен таныстыруға мүмкіндік береді. Және агроөнеркәсіп кешендегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша тұрақты жұмыстар жүйелі жүргізуде. Жалпы биыл жалпы құны 1,2 триллион теңгені құрайтын бір жүз алпыс жобаны іске асыру, алты жүз мыңнан астам жұмыс орнын құру қажеттілігі нақтыланғаны белгілі болуда.

– Жалпы министрлік мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдармен бірлесіп заманауи аграрлық өндірісте тиімді жұмыс істей алатын білікті кадрлар даярлау бойынша қажетті шараларды қабылдауда. Біздің негізгі міндетіміз – қазіргі заманауи технологияны меңгерген, өндірісте тиімді жұмыс істей алатын мамандар даярлау. Бұл өз кезегінде, ауыл шаруашылығын технологиялық жағынан жаңартуды қамтамасыз етуге, еңбек өнімділігін арттыруға және агроөнеркәсіп кешенін жаңа буын мамандары үшін тартымды етуге мүмкіндік береді, – деп түйіндеді сөйлеген сөзінің соңын Айдарбек Сапаров.

Ел аумағындағы алыс ауылдар мен шалғай шаруашылықтарда осы саланың кәсіби қызметкерлері әрдайым тұрақты сұранысқа ие. Әсіресе малшы, ветеринар және зоотехник сияқты мамандар тапшы. Сол себепті көптеген аймақтарда білікті кадрлар даярлау ісін күшейту қажеттілігі күн тәртібінен түспей тұр. Ақтөбе қаласына қарасты Кеңес Нокин ауылындағы Шығанақ Берсиев атындағы жоғары аграрлық-техникалық колледжде бәсекеге қабілеттілігі бар он үш мамандық бойынша сегіз жүзден астам жергілікті жастар арнайы білім алуда.

– Облыс пен аудандағы атқарушы билік өкілдері мемлекеттің қолдауымен таңдаған мамандықтары бойынша білім алған жаңа буын жұмысшы өкілдерінің тұрақты еңбекпен қатылуына жайлы жағдай жасауда. Аймақтың басқа аумақтарынан келген немесе жатақхана орны қажет студенттердің сапалы білім мен саналы тәрбие алуына қажетті барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Дуалдық оқыту жүйесі бойынша болашақ жас мамандарға тәжірибе үйрететін әлеуметтік серіктестермен байланысымыз тұрақты. Арнаулы оқу орнының материалдық-техникалық базасы заман талабына сай, – дейді ұйымшыл ұстаздар ұжымының жетекшісі Сертай Жаржанов.

– Былтыр біздің колледж облыс бойынша «Үздік оқу орны» атанып, екі оқытушымыз республикалық деңгейде үздіктердің қатарынан көрінген еді. Биылғы жаңа оқу жылының басында отандық білім беру жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі және кәсібилігі және көп жылдық ұйымдастырушылық еңбегі үшін колледж директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Алтынгүл Утегеновна Муканова «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. WorldSkills жобасы аясында зейінді зияткерлеріміз республикалық чемпионатта бірінші орын алып, әлемдік додаға дайындықтарын пысықтауда.

Сертай Қуандықұлының айтуынша, түлектерді жұмыспен қамту көрсеткіші былтыр сексен екі пайызды құраған. Сала мамандары қажет аудандардың әкімдігі мен колледж арасында қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы меморандумда кадр даярлау, өндірістік тәжірибе ұйымдастыру және түлектерді жұмысқа орналастыру бағытындағы жүйелі жұмысты күшейтуге басымдық берілгенін білдік. Сонымен қатар оқу озаттарына біржолғы стипендия табысталып, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен өндірістік кооперативтерге қоса бірқатар шаруа қожалығы жас түлектерге жалақысы жақсы тұрақты жұмыс ұсыну арқылы ауылды көркейтуге шақырған.

– Осы колледжде жерге орналастыру мамандығы бойынша білім алдым. Картамен, адамдармен жұмыс істеу маған бұрыннан қызық еді. Қазір заманауи құрылғыларды тиімді пайдалану арқылы халыққа қызмет көрсету орталықтарында тәжірибе жинадық. Туған жерімдегі аграрлық саланы дамытуға үлес қосатын жаңа буын жұмысшы мамандықтарының алдыңғы сапында тәуелсіз еліміздің даңқын асыру азаматтық парызымыз, – дейді арнаулы оқу орнының белсенді білімгері атанған ырғыздық жас маман Ерлан Аманжол.

Шығанақ Берсиев атындағы жоғары аграрлық-техникалық колледжінде виртуалды зертхана арқылы ветеринарлар жануарлар анатомиясын 3D модельдеуді, жануарларға диагностика жасауды виртуалды кауіпсіз ортада үйренеді. Болашақ жерге орналастыру техниктері спутниктік GPS қабылдағышпен жер учаскелерінің кординаттарының дәлдігін, сандық нивелирмен жердің биіктігін лезде анықтай алады. Бұл құрылғылар әлеуметтік серіктес сұранысына сай кәсіби сапалы маман дайындауға үлкен маңызға ие. Қазіргі таңда колледж студенттері осы цифрлық техникалық мүмкіндіктерді қолдануда.

Қарапайым қисынға салсақ, әрбір аудан мен қалалардағы техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары ауылдарға қажетті жас механизатор мамандардың тапшылығын жабуға қауқары жететіндей көрінетіндігі рас. Бірақ түлектің бәрі туған жерінде қалғысы келсін бе? Қостанай облысындағы Сарыкөл агробизнес және құқық колледжін биыл техник-механик мамандығы бойынша жиырма бес түлек бітіріп шыққан. Бірақ кейінгі жылдары арнаулы оқу орнын жас мамандардың бір бөлігі ауылдық жерде қалғанымен, көбісі қалаға кететін көрінеді.

– Әрбір түлек бізге мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқаны туралы анықтама жіберуге міндеттеледі. Ол біздің есеп беруімізге қажет. Бұл жұмыстың заң талаптарына сай дұрыс атқарылуын жыл бойы қадағалаймыз. Әрине, ауылда жұмыс істеуден қашатын жастар қатары аз емес. Оның бірнеше нақты себебі бар. Біріншісі – тұрмыстық жағдай. Барлық ауылда үй бола бермейді. Жалақы көлемі де жастардың көңілінен шыға қоймайды. Екіншіден, ауылдық жердегі техник-механиктер жұмысы көктем-күз маусымында ғана жүреді. Жұмыс берушінің көбі қыс айларында айлық төлемейді, – дейді директор Ирина Науменко.

– Ал жастар өскісі, дамығысы келеді. Сондықтан қалаға кеткенді жөн көреді. Шаруашылығындағы маман тапшылығын ретке келтіру үшін колледжге оқу жылының басында жүгініп, болашақ жұмыскеріне арнайы тапсырыс беретін кәсіпкерлер де бар екен. Оқытушылар қос тарапты келісім бойынша, сол тапсырысқа сай бала дайындайды. Ал олар колледж түлегін баспанамен қамтып, жыл он екі ай тұрақты жалақы төлеуге уәде етеді. Маңызды мәселесі әріден ойлайтын жаңашыл жұмыс берушілер бар.

Ирина Васильевнадан білуімізше, жасыратыны жоқ, әрине, бәрі дерлік дәл осындай келелі қадамға бара бермейді. Өйткені болам деген жасқа тәлімгер беріп, іске үйретуді ойламайтын, қыс кезінде ағаш жару, отын-су тасу сияқты мамандығынан тыс жұмысқа салып қоятын қожайындар кездесетін көрінеді. Сондықтан осындай келеңсіз құбылыстарға кезіккен жастар ауылдардан жырақ кетуге бейім болады. Жергілікті арнаулы оқу орны басшысының мәлімдеуінше, кейінгі кезде техник-механик мамандығын игеріп шыққан сарыкөлдік жастар облыс орталығындағы Allur, KamLit сияқты ірі кәсіпорындарға орналасуда екен.

Себебі ол орталықтарда табыс жоғары және жан-жақты даму мүмкіндіктері кең. Өңірдегі осы мамандыққа таңдауы түскен түлектердің дерегін ұсынған облыстық білім басқармасының ресми мәліметі бойынша, аймақтағы колледждердің механизатор мамандығын өткен оқу жылында бір жүз тоқсан бес жас түлек бітіріп шықса, олардың дені тұрақты еңбекпен қамтылыпты. Тақырыптың тобықтай түйіні, аймақтардағы алыс ауылдарға білікті мамандар ауадай қажет.

Өмірсерік РАХАНОВ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий