Жиырма жылдық белес және жаңа кезең
Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры ХХ мерейтойлық маусымының шымылдығын «Шыңғысхан» спектаклімен ашты. Мерейтой аясында өткен баспасөз мәслихатында театрдың жиырма жылдық шығармашылық жолы сараланып, бүгінгі бағыты мен алдағы жоспарлары сөз болды.
Театрдың ғұмыры – күнтізбедегі жылдармен ғана өлшенбейді. Оның әр жылында сахнаға шыққан қойылым, әр рөлде қалыптасқан актёр тағдыры, көрерменнің көңілінде қалған әсер бар. Осы тұрғыдан алғанда Жастар театрының жиырма жылдығы – елорда мәдениетінің қалыптасу тарихындағы маңызды белестердің бірі.
2007 жылы құрылған театр алғашқы қадамын «Шыңғысхан» спектаклімен бастаған еді. Арада жиырма жылға жуық уақыт өткенде осы қойылымның ХХ мерейтойлық маусымның шымылдығын ашуының символдық мәні бар. Бұл – театрдың өз бастауына қайта үңілуі, жүріп өткен жолын бағамдауы және алдағы бағытын айқындауы.
Спектакль Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбаев шығармаларының желісі негізінде сахналанған. Қоюшы режиссері – Қазақстанның халық әртісі Нұрқанат Жақыпбай.
«Шыңғысхан» – тарихи тұлғаның өмір жолын баяндайтын шығарма ғана емес. Қойылымда билік пен тағдыр, адам мен заман, ақиқат пен аңыз, өмір мен өлім секілді мәңгілік тақырыптар қозғалады. Әлемнің жартысын бағындырған әміршінің де адамдық әлсіздік пен тағдырдың алдында дәрменсіз екені көркемдік тұрғыда пайымдалады.
Өткенге үңіліп, болашаққа бағдар
Мерейтойлық маусымның ашылуына орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты театрдың бүгінгі тынысын талқылаған маңызды алаңға айналды.
Кездесуге театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Нұрқанат Жақыпбай, Қазақстан Театрлар одағының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, театрдың алғашқы директоры Ғани Құлжанов, шығармашылық ұжым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Театрдың алғашқы жылдарында еңбек еткен аға буын өкілдерінің естеліктері Жастар театрының қалыптасу кезеңдерін көз алдымызға әкелді. Бір кездері жас өнер ұжымы ретінде құрылған театрдың бүгінде өзіндік көркемдік қолтаңбасы, қалыптасқан көрермені бар шығармашылық ордаға айналғаны айтылды.
Журналистердің сұрақтары да театрдың қазіргі тыныс-тіршілігіне, репертуар саясатына, шығармашылық жоспарларына, көрерменмен байланысына және театрдың келешектегі даму бағытына арналды.
Жастар театры бүгінде 70-ке жуық спектакльді репертуарында ұстап, халықаралық және республикалық театр фестивальдерінде жүлделі орындарға ие болып келеді. Театр қоржынында халықаралық деңгейдегі 15 Гран-при бар.
Алайда жиырма жылдық межеде театр үшін ең маңыздысы – өткен жетістіктерді түгендеу емес, жаңа белестерге бағдар жасау.
Өйткені уақыт өзгереді. Көрермен өзгереді. Театрдың да сол өзгеріске жауап бере алуы қажет.
Театрдың жаңа тынысы
Жастар театрының алдағы даму жоспарында шығармашылықпен қатар театрдың материалдық-техникалық базасын жаңарту, сахна мүмкіндіктерін кеңейту, заманауи жарық және дыбыс құрылғыларын толықтыру, маркетингтік және ақпараттық бағытты күшейту мәселелері тұр.
Театр ғимаратының қазіргі жағдайы да күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. 1957 жылы салынған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты мемлекеттік сараптама жасалып, тиісті бюджеттік өтінім берілген. Жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланған.
Ал шығармашылық бағытта жаңа премьералар, гастрольдік сапарлар, халықаралық байланыстарды кеңейту, жас көрерменмен жұмысты күшейту және театрдың жиырма жылдығына арналған ауқымды мәдени жобалар ұйымдастыру көзделіп отыр.
Соның ішінде Қазақстанның өңірлерін қамтитын гастрольдік сапарлармен қатар шетелдік театрлармен шығармашылық байланыс орнатып, халықаралық сахналарға шығу, мерейтойлық фестиваль ұйымдастыру секілді бастамалар бар.
Бұл ретте театрдың басты капиталы – ғимарат та, техника да емес, адам. Сахнадағы актёрден бастап, режиссерге, суретшіге, техникалық қызметкерге дейінгі әр маманның еңбегі театрдың тұтас болмысын қалыптастырады.
Көрерменге жол – театрдың басты жолы
Жиырма жыл ішінде Жастар театры бірнеше буын көрерменін қалыптастырды. Кеше ата-анасымен бірге келген бала бүгін театрға өз баласын ертіп келетін жасқа жетті.
Бұл – театр үшін ең үлкен бағалардың бірі.
Себебі театрдың шынайы өмірі марапаттармен емес, көрерменмен жалғасады. Сахнада айтылған сөз көрермен жүрегіне жеткенде ғана өнердің ғұмыры ұзарады.
Сондықтан ХХ маусым Жастар театры үшін өткенді қорытындылайтын нүкте емес, жаңа кезеңнің бастауы ретінде қабылданып отыр.
Жиырма жыл бұрын «Шыңғысханмен» басталған жол бүгін қайта сол қойылымға келіп тоғысты.
Бірақ бұл жолы театр бұрынғы театр емес.
Уақыт оны өзгертті, тәжірибе қалыптастырды, көрермен шыңдады.
Ендігі міндет – сол жиырма жылдық тәжірибені жаңа уақыттың талабымен сабақтастырып, Жастар театрының келесі жиырма жылдығына берік негіз қалау.
Өнердің ғұмыры сахнадағы шымылдық түскен сәтпен бітпейді. Ол көрерменнің жүрегінде жалғасады. Жастар театрының ХХ маусымы да осындай жалғастықтың жаңа парағын ашты.
Мақпал МЫСА,
Жастар театрының директоры








