Тегін тамақтағы талап пен талғамды тұтастандырудың тиімді тетігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі ретінде балаларды сапалы әрі қауіпсіз тамақпен қамтамасыз етуге ерекше мән беріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздің барлық аймағында жүйелі түрде жалғасып, оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Әрбір жаңа оқу жылы басталған тұста ата-аналарды алаңдататын маңызды мәселелердің бірі, әрине, ұл-қыздардың ыстық тамақпен дұрыс қамтылуы.

Иә, жас ұрпақтың күнделікті тұтынатын асы оның денсаулығы мен оқу үлгеріміне тікелей әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан жергілікті білім беру ұйымдарындағы ыстық тамақтың сапасы мен ас мәзірінің талапқа сәйкестігі құзырлы орындардың ұдайы бақылауында болады.

– Бүгінгі таңда облыс бойынша 362 мектеп жұмыс істейді, оның үш жүз елу алтысы мемлекеттік және жеке иелікте алты ағарту ошағы бар. Бұл мектептер 114 мыңнан астам оқушыны қамтиды. Жалпы контингент саны 116 мың баланы құрап отыр, – деді жергілікті журналистермен жүздескен Павлодар облысы білім басқармасындағы мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Айнагүл Абаева.

– Жаңа оқу жылы басталғалы өңірдегі барлық үш жүз елу алты мемлекеттік мектепте ыстық тамақ ұйымдастырылды. Сонымен, осы жылы 49 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылатын болады. Олардың қатарында қырық үш мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы бар. Яғни, 1–4-сынып аралығындағы шәкірттер әлеуметтік мәртебесіне қарамастан толық жүз пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылады. Ал әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардағы 5–11-сынып аралығындағы алты мыңға жуық оқушыға тегін ыстық тамақ үлестірілмек.

Айнагүл Қайруллақызының айтуынша, елімізде былтырдан бастап орта білім беру ұйымдарында мектептегі тамақтанудың жаңа стандарты енгізілген. Бұл ресми құжатты Денсаулық сақтау министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Қазақ тамақтану академиясы және ЮНИСЕФ бірлесіп әзірлегенін білдік. Сол стандартқа сәйкес, әрбір аймақтағы денсаулық сақтау басқармасы перспективалық төрт апталық маусымдық мәзірді бекітуі тиіс. Жаңа стандартта балалардың жас ерекшелігіне қарай күнделікті қажетті қоректік заттардың нормасы қатаң белгіленіпті.

Қарағанды облысы бойынша биылғы жаңа оқу жылында жетпіс екі мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Алпыс жеті мыңнан астамын бастауыш сыныптағылар құраса, алты мыңға жуығы әлеуметтік осал топ санаттарындағы отбасылардың жоғары сыныптағы оқушылары. Демек бұл көрсеткіш мектеп жасындағы балаларды әлеуметтік қолдаудың маңызды тетік ретінде қалыптасқандығын білдіреді. Әсіресе, бастауыш сыныптағы ұл-қыздардың барлығын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету ата-аналарға түсетін әлеуметтік және қаржылық салмақты азайтып, балалардың мектепте толыққанды тамақтануына мүмкіндік береді.

– Биылғы жаңа оқу жылында аймақтағы мектеп оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 8,3 миллиард теңге бөлінді. Былтыр 7,6 миллиард теңге қарастырылған болатын. Осылайша бір жыл ішінде тегін тамақтандыруға бөлінген қаржы жеті жүз миллион теңгеге артты. Қазына қаражатының қомақтылығы балаларды тегін тамақпен қамту ауқымын сақтауға ғана емес, мектептердегі тамақтану жағдайын жақсартуға да мүмкіндік береді, – дейді облыстық білім басқармасындағы мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің басшысы Құндыз Мұхамеджан.

– Аймақтағы төрт жүз он үш білім беру ұйымының барлығында тамақтану ұйымдастырылған. Яғни, өңірдегі білім беру ұйымдарының ешқайсысы бұл жүйеден тыс қалған жоқ. Балаларды сапалы тамақпен қамтамасыз ету ас мәзіріне ғана байланысты емес. Ол үшін асханалардың материалдық-техникалық базасы да талапқа сай болуы қажет. Жергілікті білім беру нысандарының инфрақұрылымын қоса жаңарту аясында биыл екі жүз он жеті нысан жөнделді. Осы жұмыстарды атқару кезінде асханалардың санитариялық және техникалық жағдайын жақсартуға, инженерлік жүйелерді ретке келтіруге және оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауға басымдық берілген болатын.

Құндыз Адамханқызының сөзіне сүйенсек, тегін тамақ алатын білім алушылар туралы ақпарат тіркеу және есепке алу функциялары бар ақпараттық жүйе арқылы жүргізіліп, тиісті мәліметтер «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесінде сақталатын көрінеді. Бұл цифрлық тетік тегін тамақпен қамтылатын балаларды толық есепке алуға, әлеуметтік мәртебесін дер кезінде жаңартуға және мемлекеттік қолдаудың нақты мұқтаж балаға бағытталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндігімен ерекше маңызға ие.

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа оқу жылынан бастап мектеп оқушыларына арналған ас мәзірі жаңартылғаны хабарланды. Білім басқармасы жариялаған ресми мәлімет бойынша, өңірдегі 439 мектепте жетпіс үш мыңнан астам бала білім алады. Осы құрамдағы он жеті мектеп-интернатта бес мезгіл, ал 422 білім беру ұйымында бір реттік ыстық тамақ ұйымдастырылған. Қазіргі таңда үш жүз тоқсан тоғыз мектепте оқушыларды тамақтандыру «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы жүзеге асырылуда.

– Петропавл қаласындағы біздің білім ордасы солардың бірі саналады. Қыркүйек айының бірінен бастап бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы балалар ыстық тамақпен қамтылды. Жаңартылған мәзірде маусымдық ерекшеліктер де ескерілген. Балалар асы дәруменге бай көкөністер мен жемістер, түрлі салаттар енгізілген. Сонымен қатар оқушылардың сұранысы да назарға алынған, – дейді №29 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Рахия Қожанова.

Мәзірге балалар жақсы көретін пісірмелер қосылуда екен. Ал олардың асханадағы жаңа тағамдардың тізімін толықтыруда оқушылардың талғамы да ескерілген. Өткен оқу жылында дастарханға қойылған тағамдардың желінбей қалу көрсеткішіне талдау жүргізіліп, балалардың кейбір ас түрлерін толық тұтынбайтыны анықталыпты. Осы зерттеу нәтижелері жаңа оқу жылына арналған мәзірді қайта қарау кезінде негізге алынғанын білдік.

– Қазіргі таңда бұл мектепте сегіз жүз отыз төрт шәкірт білім алуда. Барлық жауапты жұмыстарды ұтымды үйлестіру аясында асхана жұмысы да тұрақты бақылауға алынған. Арнайы бракераж комиссиясы дайын тағамның сапасына қоса калориялық құндылығын және санитарлық талаптарға сәйкестігін ұдайы тексеру арқылы қатаң қадағалап отырады, – дейді қаладағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Айгерім Іргебаева.

Астаналық журналистер мегаполис мектептеріндегі жаңа ас мәзірін көру үшін білім беру ұйымдарын аралау кезінде дәл түскі ас ішіп жатқан сәтіне куә болғандарын жарыса жазды. Оқушыларға бұршақ езбесі, тауық еті, қырыққабат және сәбізбен бірге құрамында лимон мен алма бар денсаулық сусыны ұсынылыпты. Жаңа талапқа сәйкес, енді ас мәзірінде тек осындай құнарлы, пайдалы ас болуы керек. Шұжықтар мен кремі көп тоқаштар, майға піскен бәліш, фастфуд енді асханада мүлде сатылмауы тиіс, яғни осы тағамдарды ұсынуға тыйым салынған.

Нан өнімдерін мейлінше азайтып, оның орнына құрт, ірімшік секілді ұлттық тағамдар қосылыпты. Тіпті ыстық тамақтың кей түрі жылқы етінен әзірленуі тиіс. – Зерттеулер нәтижесінде мектептегі балалардың арасында семіздік, артық салмақ аурулары көп кездесетіні байқалды. Тәтті тағамдарды көп қолданған. Демек бұл жайсыз жағдай бүйректің бүлінуінен бастап қан тамыр ауруларына алып келеді, – деді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен әңгімелескен Қазақ тағамтану академиясының нутрициолог маманы Әлия Қалдыбай.

– Ас мәзірінен алынып тасталған өнімдердің алғашқы қатарында колбаса, сосиска, сарделькалар бар. Тағам құрамын күн сайын мектеп медбикесінің тексеруіне рұқсаты бар. Дайын тамақтарды дастарханға қояр алдында біз дәмін татып, тұзын көреміз. Себебі тамақ майлы болмауы керек және жүз грамм тамаққа үш пайыздан артыз тұз қосылмайды. Қант құрамы бес пайыз болуы керек. Тегін ғана, емес, сатылатын тағамдардың арасында да зияндысы жоқ, – дейді диетолог, медбике Шолпан Құсайынқызы.

Саладағы сарапшы мамандардың пайымынша, тамақтану дағдығысы ерте жастан қалыптасатындықтан, бала күнінен тек фастфудқа үйренген ағзаның есейгенде пайдалы асты қабылдауы қиын болады. Мектептерде ас мәзірінің қайта қаралып, түбегейлі өзгертілгені де содан. Бірақ үйде бұл талап ұмытылса, білім ордаларындағы өзгеріс нәтижесіз қалады. Сондықтан әрбір ата-аналар ескертулерді қаперден шығармағаны жөн.

Атырау облысындағы білім беру ұйымдарында 65 мың 604 оқушыға бір реттік тегін ыстық тамақ беріліп жатыр. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай тамақтану құны да артып, жаңа ас мәзірі бекітілген. Тегін тамақпен аймақтағы барлық білім беру ұйымдарындағы бастауыш сыныптың 57 мың 302 оқушысы және 5–11-сыныптардағы әлеуметтік осал топтарға жататын сегіз мың үш жүз екі оқушы қамтылған екен. Құзырлы орындардың тарапынан биыл оқушылардың тамақтану сапасына қойылатын талаптардың қатаң сақталуына ерекше назар аударғаны айтылды.

– Балалардың жас ерекшелігі мен физиологиялық қажеттіліктері ескеріліп, бір балаға шаққандағы тамақтану құны биыл ұлғайғаны рас. Басты мақсат – оқушыларды сапалы, құнарлы әрі қауіпсіз тағаммен қамтамасыз ету. Биыл оқушылардың тамақтануына бөлінетін қаражат көлемі жас ерекшеліктеріне қарай артты. 7-10 жас аралығындағы балалар үшін бір реттік тамақтану құны 720 теңгеден 799,39 теңге көтеріліп отыр. 11-15 жас аралығындағы ұл-қыздардың тамақтану бағамы 811 теңгеден 920 теңгеге жетті, – деді Атырау облысы білім беру басқармасының бас маманы Қадыржан Сапаров.

– 16-18 жастағы оқушылар үшін 863 теңгеден 983,85 теңгеге дейін көбейген. Тамақтану құнының жоғарылауы ас мәзірін жақсартуға, тағамдардың түр-түрін арттыруға және балалардың күнделікті тамақтану рационының құнарлылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өңірдегі бір жүз тоқсан жеті мемлекеттік мектептердің білім алушыларын бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметі конкурстық негізде ұйымдастырылған. Бұл бағытта отыз екі жеке кәсіпкер жұмыс жүргізуде.

Қадыржан Асхатұлының дерегі бойынша, жиырма жеті білім беру ұйымында тегін ыстық тамақтандыру азық-түлік өнімдерін сатып алу арқылы ұйымдастырылған. Бұл білім беру ұйымдарына асханаларда тағам дайындау процесін өздері ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мектеп асханаларының материалдық-техникалық базасын тиімді пайдалану және тамақтандыру қызметін жетілдіру мақсатында облыстағы 65 мектеп асханасында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі іске асырыла бастаған.

Нұрлан САБЫРБАЙТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий