Қазақстандық оқушылардың халықаралық деңгейдегі білім нәтижелері жоғары

PISA зерттеуі (Programme for International Student Assessment) – Халықаралық Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы ЭЫДҰ (OECDOrganisation for Economic Cooperation and Development) жүзеге асыратын бағдарлама. ЭЫДҰ PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижелері жарияланды өткен аптаның ортасында. Қазақстанда бұл кезекті зерттеу былтырғы сәуірмамыр айларында өткізіліп, оған еліміздің барлық өңіріндегі 643 білім беру ұйымынан он бес жастағы жиырма екі мың алты жүз сексен білім алушы қатысқан екен.

Жалпы жаңа цикл дүние жүзіндегі тоқсан бір ел мен аумақты қамтып, оған 15 жастағы жеті жүз алпыс мыңнан астам шәкірттің зор сенімі мен үлкен үміті артылған. PISA-2025 зерттеуінің ерекшеліктерінің бірі –  «Цифрлық әлемде білім алу» жаңа инновациялық бағытының енгізілуі болды. Бұл бағыт білім алушылардың жаңа білімді өз бетінше меңгеру және цифрлық ортада міндеттерді шешу қабілетін бағалайды.

Нәтижелер қазақстандық мектептердің цифрлық дайындық деңгейінің жоғары екенін және ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіштерден едәуір жоғары екенін көрсетті. Оқушылардың сексен пайызы сабақ барысында жасанды интеллект көмегімен жасалған контентпен жұмыс істейді, ал ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш 63 пайызға жеткен. Сондай-ақ білім алушылардың сексен бес пайызы цифрлық құрылғыларды пайдалануға қатысты пәндік ұсынымдар қолданылатын мектептерде оқиды.

Халықаралық Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы бойынша бұл көрсеткіш жетпіс бір пайызды құрайды. Балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша да жоғары көрсеткіштер тіркелді. Қазақстандық оқушылардың жетпіс жеті пайызы буллингке тап болмайтыны атап айтылды. ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш елу үш пайыздық көрсеткішке тұрақтапты. Тәуелсіз мемлекетіміздегі білім алуға қолайлы тәртіптік ахуал индексі 0,80-ді құрағандықтан бұл ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіштен (0,14) едәуір жоғары.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі жариялаған ресми ақпаратқа сүйенсек, сонымен қатар оқушылардың жетпіс бір пайызы мектептің оларды болашақ өмірге қажетті деңгейде дайындайтыны атап айтылып, ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш елу бір пайызды құраған. Бұл нәтижелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім берудегі тәрбие компонентін күшейтуге, құндылық бағдарларды қалыптастыруға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бағдары аясында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың, оның ішінде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының нақты нәтижесін көрсетеді.

Педагогтердің қолдауы да жоғары бағаланды: Қазақстанның тиісті индексі 0,65-ті құраса, ЭЫДҰ бойынша – 0,03. Оқушылардың өзара білім алуы бойынша еліміздің көрсеткіші сексен жеті пайызға жетіп, Халықаралық Экономикалық Ынтымақтастық және Даму Ұйымы бойынша елу бір пайызды құрағаны белгілі болуда. Қазақстандық білім алушылардың жетпіс бес пайызы өсуге бағытталған ойлау ұстанымын көрсетеді, бұл ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіштен (69%) жоғары. Когнитивтік бейімделу индексі де ЭЫДҰ-ның орташа көрсеткішінен жоғары: 0,21 және 0,01.

Бұл оқушылардың технологиялық өзгерістер жағдайында жаңа тәсілдерді меңгеруге және жаңа міндеттерді шешуге дайын екенін көрсетеді. Қазақстанның экологиялық хабардарлық, позитивті экологиялық ұстанымдар және экологиялық білім алу мүмкіндіктері бойынша индекстері ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштерінен жоғары. Оқушылардың жоғары экологиялық белсенділігі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мақсаттарымен үндеседі. PISA-2025 бағалауының негізгі бағыты жаратылыстану-ғылыми сауаттылық болды.

Бейіндік ведомство тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарына таратылған мәлімет бойынша, арнайы жүргізілген зерттеу қорытындысының негізінде қазақстандық білім алушылардың орташа нәтижесі жаратылыстану бойынша төрт жүз жиырма балл, математика бойынша 414 балл және оқу сауаттылығы бойынша үш жүз сексен бес баллға жеткен көрінеді. Жаратылыстану-ғылыми және оқу сауаттылығы бойынша нәтижелер PISA-2022 деңгейінде сақталды.

Сонымен қатар жаратылыстану бойынша көрсеткіш 2018 жылғы деңгейден жоғары, ал оқу сауаттылығы бойынша нәтижелер ұзақ мерзімді тұрақтылықты сақтап отыр. Және бұл зерттеу одан әрі жұмысты күшейтуді қажет ететін бағыттарды айқындады: өңірлер мен мектептер арасындағы айырмашылықтарды қысқарту, білім алушылардың базалық білімі мен дағдыларын нығайту, оқыту сапасын арттыру. PISA-2025 нәтижелеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізілгеннен кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» орталығы Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, өңірлер бөлінісінде білім беру жүйесінің көрсеткіштерін одан әрі жақсарту жөніндегі ұсынымдар әзірлейді.

Еліміздің бас ұстазы Жұлдыз Сүлейменованың төрағалығымен ұйымдастырылған кезекті аппараттық кеңесте өңірлік білім басқармалары басшыларының қатысуымен PISA-2025 халықаралық зерттеуінің өңірлер бөлінісіндегі нәтижелері қаралып, министр тарапынан зерттеудің негізгі бағыттары бойынша жоғары нәтиже көрсеткен өңірлердің жұмыстары сараланған. Астана мен Солтүстік Қазақстан облысы жаратылыстану, математика және оқу сауаттылығы бойынша барлық үш бағытта да үздік үштікке еніп, жоғары және тұрақты нәтижелері арқылы дараланғанын білдік.

Жаратылыстану бойынша: Солтүстік Қазақстан облысы; Астана қаласы; Қостанай облысы. Математика бойынша: Жамбыл облысы; Астана қаласы; Солтүстік Қазақстан облысы. Оқу сауаттылығы бойынша: Астана қаласы; Қостанай облысы; Солтүстік Қазақстан облысы. Осылайша, өңірлер арасында математикалық сауаттылық бойынша ең жоғары нәтижені Жамбыл облысы, жаратылыстану бойынша Солтүстік Қазақстан облысы, ал оқу сауаттылығы бойынша Астана көрсетіп отыр.

– PISA нәтижелерін жекелеген өңірлердің жетістігін бағалау ретінде ғана емес, ең алдымен білім сапасын одан әрі арттырудың құралы ретінде қарастыру қажет. Тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп отырған өңірлердің тәжірибесін жан-жақты зерделеп, тиімді практикаларды айқындау және оларды тарату маңызды. Сонымен қатар нәтижелері жұмысты күшейтуді қажет ететін өңірлерге ерекше назар аударылуы тиіс, – деді ол сөйлеген сөзінде.

Кеңес қорытындысы бойынша құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты ұйым басшыларына PISA-2025 нәтижелерін өңірлер бөлінісінде егжей-тегжейлі талдап, білім беру нәтижелеріндегі айырмашылықтарды қысқарту бойынша тиісті шараларды айқындау тапсырылды. Мемлекет басшысының жуырдағы тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзі отандық ағарту жүйесінің жаңа міндеттері мен басымдықтарын айқындағаны ақиқат. Қасым-Жомарт Кемелұлының білім сапасын арттыру, мұғалімнің кәсіби әлеуетін қолдау, жасанды интеллект пен заманауи технологияларды тиімді пайдалану туралы ойлары бүгінгі мектеп үшін аса маңызды.

Елордалық №61 мектеп-лицей директоры Гүлнұр Айтимова жергілікті журналистердің сұрағына қайтарған нақты жауабында ҚР Президенті көтерген мәселелерді қолдайтынына тоқталып, жаңа оқу жылында білім беру ұйымының алға қойған мақсаттарымен таныстырған болатын. Қаныш Сәтбаевтың есімін иеленген бұл оқу орнында 1282 шәкірт бар. Білім алушылардың ғылыми-техникалық және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында робототехника мен STEM бағыттарын жүйелі түрде дамытудың мүмкіндіктері қарастырыла бастаған.

– Сонымен қатар бірінші сынып оқушыларына «Шахмат» білім беру курсын енгізу арқылы олардың логикалық ойлау, зейін қою, стратегиялық шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруге баса мән береміз. Жаратылыстану пәндерін оқытуда Syberpak.ai құралдарын пайдаланып, оқушылардың зерттеушілік қызығушылығын арттыру қолға алынады, – деді Гүлнұр Ерсайынқызы.

– Меніңше, қазіргі мектептің міндеті – оқушыға тек білім беру емес, оны өздігінен ойлайтын, зерттейтін, технологияны меңгерген, жаңашыл әрі бәсекеге қабілеті бар жауапты тұлға ретінде қалыптастыру. Қазақтың көрнекті ғұлама ғалымы және танымал қоғам қайраткерінің өскелең ұрпаққа аманатталған мол мұрасын дәріптеу арқылы зерттеушілік ізденістерге қызығатын, жылдам өзгерістегі жаңа технологиялардың үдерісіне құштар, тәуелсіз еліміздің баянды болашағын бекемдейтін ұлтжанды әрі отаншыл азаматтардың қатарын көбейтуге қосылатын үлесті артыруға ұмтыламыз.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий