Тарих пен тағылым тоғысы: Жетісу университетінде «Құрылтай феномені» талқыланды
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Құрылтай феномені» кітабы негізінде танымдық кездесу өтті. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, кітап авторлары, университет оқытушылары мен қызметкерлері қатысты.
Кездесуді университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Ермек Бөрібаев жүргізіп, жиынның маңызына тоқталды.
«Құрылтайдың бір палаталы жоғары өкілді орган ретінде құрылуы еліміздің конституциялық дамуындағы маңызды өзгерістердің бірі. Осы кезеңде «Құрылтай феномені» кітабының жарық көруі – Құрылтай институтының тарихи тамыры мен бүгінгі мәнін терең зерделеуге мүмкіндік береді», – деді ректор.
Кездесуге арнайы келген Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдаулетов кітаптың тарихи-танымдық маңызына, қоғамдық-саяси мәніне назар аударды.
«Құрылтай – ел тағдырын кеңесіп шешу, ортақ пікірге келу дәстүрінің көрінісі. Оның тарихын зерттеу қазақ халқының саяси мәдениеті мен қоғамдық ойлау жүйесінің дамуын түсінуге мүмкіндік береді», – деді Диас Рахметұлы.
Өз кезегінде «Құрылтай феномені» кітабының авторлары Омархан Өксікбаев пен Зәріпбай Оразбай еңбектің негізгі мазмұнына тоқталып, дәстүрлі Құрылтай мен қазіргі қоғамдық институт арасындағы байланысты атап өтті. Сондай-ақ, төрт тілде жарық көрген кітаптың алдағы уақытта Түркияда арнайы тұсаукесерін өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Кездесуде мемлекет және қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев тарихи деректерге, соның ішінде Қадырғали Жалайыридің еңбектеріндегі құнды мәліметтерге тоқталды. Қазақстанның құрметті жазушысы, ақын Әміре Әрін Құрылтайдың тарихи және рухани мәні жөніндегі орамды ойларын ортаға салды. Қоғам қайраткері Талғат Айтбайұлы, Мәдениет қайраткері, суретші-кескіндемеші Жанұзақ Мүсәпір ұлттық тарих пен құрылтайдың қоғамдық санадағы орны туралы пікір білдірді.
«Бүгінде Құрылтай атауының қайта жаңғыруы – тарихи тәжірибе мен қазіргі заман талаптарының сабақтастығын көрсетеді. Бұрын елдің маңызды мәселелері ел ағалары бас қосқан алқалы жиындарда талқыланса, бүгінде бұл міндетті халық сайлаған депутаттар атқарады. Формасы өзгергенімен, елдік мәселені кеңесіп шешу, ортақ пікірге келу идеясы сақталып отыр», – деді тарих ғылымдарының кандидаты Амангелді Есбай.
Д. Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Жалаири:
«Құрылтай феномені» ғылыми-танымдық еңбегі – жалпы оқырман үшін де, ғылыми қауымдастық үшін де тарихты терең танып, рухани сананы байытатын құнды туынды», – деп атап өтті.
Ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәбит Суатай «Құрылтай феномені» еңбегін Ұлы Дала өркениетіндегі Құрылтай институтының тарихи тамырын, саяси мәнін және қазіргі мемлекеттік жаңғыру үдерісіндегі рөлін жан-жақты зерделеген құнды ғылыми-танымдық кітап деп бағалады.
Кездесу барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдық бірлікті нығайту, кітап оқу мәдениетін дамыту және рухани-танымы жоғары қоғам қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Загрузка...


