Президент кітабы – білім мен ғылымның бағдары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1994 жылдан бүгінге дейінгі сөйлеген сөздері, баяндамалары мен ой толғаулары қамтылған ауқымды жинақ «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атауымен биылғы тамыз айының бесі күні жарық көрген болатын. Осы құнды кітаптағы таңдаулы ой-толғаулар мен қанатты сөздер республиканың барлық аймағында көзіқарақты қауымды құрайтын қазақ қоғамы тарапынан кеңінен талқылануда.
Бұл бағыттағы басқосуларға мемлекет және қоғам қайраткерлері мен көрнекті ғалымдар, саясаттанушылар, сарапшыларға қоса студент жастар, шығармашылық пен бизнес қауымдастықтың белді өкілдері қатысып, бағалы еңбектің мемлекеттік басқару ісіндегі маңызы мен ұлттық құндылықты қалыптастыруға қосатын салиқалы сөздердің салмағын зерделей бастағаны белгілі. Ауқымды бір бөлімнен тұратын бұл бірегей басылымда мемлекеттік басқару, заң үстемдігі, цифрландыру, жастар саясаты, экология және «Таза Қазақстан» бастамасы сияқты негізгі тақырыптар жан-жақты қамтылған.
Жуырда кенді өлкенің білім мен ғылым, мәдениет пен медиа және түрлі салада қызмет атқаратын белсенді жастар жиналып, Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа жинағы жайындағы пайымды пікірлерін ортаға салған екен. Мемлекет басшысының әр кезеңде айтқан ойларының бүгінгі реформалармен үндестігін саралаған қарағандылықтар сол құндылықтардың қазіргі құбылмалы кезеңдегі орнын, әсіресе ақпараттық технология қарқынды дамыған жаһандану дәуірінде оқып, білім алумен қатар таңдаған мамандығы бойынша қызмет атқаратын өскелең ұрпаққа берер тағылымын таразылапты.
– Президенттің бұл жинағы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары айтқан ой-тұжырымдарын қамтиды. Отыз жыл – аз уақыт емес. Адамның көзқарасы, өмірлік тәжірибесі толысып, өзгеретін кезең. Мемлекеттік басқарудың биік сатысына енді көтерілген танымал тұлғаның сол кездегі көзқарасы тәуелсіз еліміздің басқару билігін қолына алған саяси мәртебесіне сай реформаларымен үндеседі. Демек ойлы оқырман Мемлекет басшысының бірізділігіне қоса ұстанымына тән адалдықты, сөзі мен ісінің үйлесімін бірден байқайды, – дейді Қарағанды облысы әкімінің жергілікті білім, ішкі саясат, тілдерді дамыту, жастар саясаты, дін, мәдениет және спорт істері бойынша жұмыстарды ұтымды үйдестіруге жауапты орынбасары Әлібек Әлденей.
«Парасат» республикалық журналына 1995 жылы берген сұхбатында: «Кез келген проблеманың шешімі – адамдарда», – деген екен. Шынында да бүгінде адам капиталы мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығына айналды. «Әділет жолы – ауыр жол, бірақ ауыр болса да, одан тура жол жоқ», – деген терең тұжырымды бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат барысы мен алқалы жиындарда жұртшылықтың алдында ұдайы қайталап жүргеніне тоғыз жыл болғанын білдік. Нәтижесінде, айта беретін әділет ұғымы елдегі реформалардың өзегіне айналып отыр.
Әлібек Үсенұлының айтуынша, бұл келелі кездесуде әдебиеттің қоғамдық ойға ықпалы, тарихтан тағылым алу, ел бірлігін сақтаудағы ортақ құндылықтар, Конституция және азаматтық жауапкершілік, ғылым мен білімнің ел дамуындағы орны, қазақ тілін жаңа білім мен технологияның тіліне айналдыру, жасанды интеллектті қоғам игілігіне пайдалану, жастардың білімі мен еңбегі, сондай-ақ ақпарат кеңістігіндегі шыншылдық сынды маңызды мәселелерге ерекше мән берілген көрінеді. Ашық әңгіме аясында әділетті қоғам қалыптастыру тек мемлекеттік институттардың мойнындағы дара міндет еместігі ескеріліпті.
– Жиын барысында түсінгенім: әділетті қоғамды құру міндетін мемлекетке арта салуға болмайды. Бұл – біздің ортақ парызымыз. Адал еңбек, білім мен білік, азаматтық жауапкершілік, ел мен жерге жанашырлық әрбір қазақстандықтың өмірлік ұстанымына айналғанда қоғамның болмыс-бітімі жақсы жағдайларға өзгереді. Сонда ғана реформалардың игілігін сезінеміз, – дейді ол. Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі ұсынған мәлімет бойынша, осы кездесудің қорытындысы негізінде озық ойлы жастарға арналған жаңа кітапхана ашылған. Бұл бірегей орталық кітап оқып, білім іздейтін орын ғана емес, қарағандылық жастар мен оқырмандардың еркін ой алмасып, жаңа идеяларын ортаға салатын коворкинг алаңы ретінде халыққа қызмет көрсететін болады.
Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, аймақтың бас ұстазы Елдос Сафуллин жергілікті ағарту саласындағы басшылар мен білім беру ұйымдарының жетекшілерімен ұйымдастырылған кезекті отырыс аясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таңдаулы сөздері топтастырылған «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағының мазмұны туралы әңгімелеп, осы құнды кітаптағы ұлттық ұстанымдарға мемлекеттік қызметті адал әрі абыроймен атқаруда басты бағдар ретінде ой мен бой түзету қажеттілігіне кеңінен тоқталған.
– Мемлекет басшысының бұл құнды кітабында егемен еліміздің дамуының стратегиялық бағыттары, қоғамдағы өзгерістер, әділеттілік пен жауапкершілік, білім мен адами капитал, ұлттық құндылықтар мен ұрпақ тәрбиесіне қатысты ой-тұжырымдары кеңінен қамтылған. Осы орайда жаңа жинақты бүгінгі заманның тынысын танып, мемлекеттің жан-жақты ілгері даму бағытын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін құнды еңбек деуге толық негіз бар. Кездесу барысында әріптестер тарапынан жинақтың мазмұнына қатысты толғамды тұжырымдар айтылғаны қуантады, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Набиоллаұлы.
– Ұлт зердесі – кітапта. Бұл таусылмайтын асыл қазына екендігі ақиқат. Ақпараттық технологияның қарқынды дамуы нәтижесінде халықтың үлкені мен кішісін әлеуметтік желілердің қызықтарымен арбаған талмау тұста адамның ақылы мен ойын шыңдап, білімі мен білігін жетілдіретін құнды кітаптарды үздіксіз оқу биік парасаттағы азаматтық ұстаным мен қоғамдық сананы қалыптастыратын жоғары жетістігі зерделенді. «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық жобасы еліміздің барша азаматтарын әсіресе жас ұрпақты төл тархымыздың тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухтағы мәдениет мәйегінен сусындауға бағытталғандығымен ерекшеленеді.
– Бұл бағалы бастама – кітапты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырып, оқу мәдениетін қалыптастыруға, қоғамның зияткерлік және рухани әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыс. Жаңашыл жобаның ең басты мақсаты мен негізгі міндеті – үздіксіз оқитын, үнемі ізденетін, терең ойлайтын және саналы жеке пікірін қалыптастыра алатын бәсекеге қабілеті бар ұлттық рухтағы отаншыл азаматты тегеурінді тұлға ретінде тағылымды тәлімдермен тәрбиелеу. ҚР Президентінің бұл кітабын – білім мен ғылымның темірқазығы ретінде бағалауға болады.
Қазақстан Жазушылар Одағында қаламгерлер ұйымының Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің жетекшілігімен ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын талқылауға арналған жиынға осы одақтағы Басқарма төрағасының орынбасарлары Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибекұлы, Бейбіт Сарыбай, сыншы Әлия Бөпежанова, жазушы Қанат Қайым, ақын Әділғазы Қайырбеков, ақын Пәтигүл Мақсатова, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, ақын Маралтай Райымбекұлы, ақын Ерлан Жүніс қатысып, арнайы сөз сөйлеген.
– Мемлекет басшысының тың туындысында тобықтай түйінді тұжырымдар топтастырылғандығымен дараланады. Бұрын-соңды мұндай формадағы кітап шықпаған еді. Бүгінгі таңда ең көп айтылып жүрген асыл сөздеріміздің бірі – Тәуелсіздік болса, енді бір қатары – әділеттілік, адалдық, тазалық, мемлекетшілдік, патриотизм… Жинақта осы құндылықтардың бәрі толық тараулармен кеңінен қамтылған, – дейді қазақ жазушысы, кинодраматург, Қазақстанның халық жазушысы, Түркі дүниесі әдеби сыйлығының лауреаты, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» орденінің иегері Смағұл Абатұлы Елубай.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздеріне сүйенгісі келген адамның барлығы іздегенін осы кітаптан таба алады. Ерекше назар аударып айтқымыз келетіні, Президенттің қай сөзіне үңілсеңіз де шыншылдығы көрініп тұрады. Әрқайсысы шынайы жүректен шыққан салмақты сөз. Кітаптың маңыздылығы да осында. Бұл – шындық, әділет іздеген кез келген отандасымыздың үстелінің үстінде жататын құнды кітап деп ойлаймын. Өйткені бұл ерекше еңбекте тілім, елім, әдебиетім, халқым деген әр қазақ азаматының жан дауысы бар.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...




