Білім беру тапсырысын нақты сұраныстарға сәйкес қалыптастыру қажет

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен (08.09.2026 ж.) ұйымдастырылған өткен аптадағы Үкімет отырысында еңбек нарығындағы жұмысшы мамандықтары бойынша кадрларға қажеттілік туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пен өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың баяндамалары тыңдалған еді.

Бүгінгі күні кадрлармен қамтамасыз ету экономиканың орнықты дамуының негізгі факторына айналып отыр. Ең басты міндет – экономиканың нақты қажеттілігі, жұмыскерлердің біліктілігі және кадрлар даярлау жүйесі арасындағы сәйкестікті қамтамасыз ету. Осы қағидаттың негізінде жұмысшы кәсіптер бойынша кадрлар даярлаудың жаңа тәсілдері қалыптастырылады.

– Елде жұмыс күшінің саны он миллионға жуық адамды құрайды, оның 9,4 миллионы жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіш тоқсан алты пайыздық деңгейді құрап отыр. Сонымен қатар еңбек нарығында жұмысшы кадрларға тұрақты сұраныс байқалуда: электрондық еңбек биржасына орналастырылған бос жұмыс орындарының жартысынан астамы жұмысшы мамандықтар. Сондықтан негізгі міндет – сұранысты қалыптастыру емес, кадрлар даярлаудың экономиканың ағымдағы және перспективалық қажеттіліктеріне сәйкестігін қамтамасыз ету, – деді Асқарбек Маратұлы.

Бейіндік ведомство жетекшісінің айтуынша, алдағы тоғыз жыл көлемінде экономикадағы кадрларға қажеттілік 2,9 миллион адамға жетуі мүмкін. Оның ішінде жұмысшы мамандықтары бойынша бір миллион сегіз жүз мың адам. Ең жоғары сұраныс өнеркәсіпте, құрылыста, ауыл шаруашылығында және ақпараттық технология саласында қалыптасады. Осыған байланысты қажеттілігі жоғары кәсіптердің тізбесі елу бірден 174 кәсіпке дейін жаңартылуда, бұл – инженерия, құрылыс, өндеуші өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және ядролық энергетика.

Сонымен бірге технологиялар мен жасанды интеллект еңбек нарығын жедел өзгертуде: кейбір кәсіптер жойылады. Олар – мәтінді терушілер мен терушілер, ақпаратты енгізу бойынша қызметкерлер, корректорлар. Кәсіптердің басым бөлігі трансформацияланады, қызметтің мүлде жаңа бағыттары пайда болады. Мұндай жағдайларда кадрлар даярлау жүйесі озыңқы негізде жұмыс істеуге тиіс. Салалар бойынша перспективалы кәсіптерді алдын ала айқындап, біліктіліктер мен білім беру бағдарламаларын жедел жаңарту қажет. Қазіргі кезде кәсіптік стандарттарды одан әрі жетілдіру үшін салалық өзара іс-қимылды күшейту жөніндегі жүйелік шаралар қабылдануда.

– Бірінші кезекте тұрған басты міндет экономикада анағұрлым сұранысқа ие жұмысшы кәсіптерді кәсіптік стандарттармен қамтамасыз ету. Стандарттарда цифрлық дағдыларды, жасанды интеллект құралдарын қолдануды, BI-аналитиканы және киберқауіпсіздікті қамтитын міндетті ЖИ-компонент бекітілуі тиіс. Осы жылдың соңына дейін кәсіптік стандарттармен алты жүзден астам жұмысшы кәсіпті қамту жоспарланып отыр. Бұдан басқа білім беру бағдарламаларының кәсіптік стандарттар талаптарына сәйкестігін автоматты түрде тексеру бойынша жұмыс басталды, – деді ол сөйлеген сөзінде.

– Бұл үшін білім беру және еңбек салаларындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау жүргізілуде. Кәсіптік стандарттарды әзірлеу үшін жасанды интеллект сервисі іске қосылды, мемлекеттік органдарға бір жүзден астам кәсіптік стандарттың жобалары жіберілді. Оларды жылдың соңына дейін бекітуді аяқтау қажет. Келесі кезектегі қажетті қадам – бес бағыт бойынша кәсіптік біліктілік жүйесін кеңейтуге бағытталған. Біріншісі – қысқа мерзімді оқытуды реттеу мүмкіндіктеріне тікелей байланысты.

Алдағы жылдың бірінші тоқсанында кәсіптік стандарттардың негізінде және міндетті түрде нәтижелерді сертификаттау арқылы танумен білім беру бағдарламаларының сапасына бірыңғай талап қоя отырып, Career Enbek платформасында қысқа мерзімді оқыту ұйымдарының бірыңғай тізілімін жасау. Екіншісі – жоспарлау кезеңінде инвестициялық жобалардың кадрлық паспортын енгізу. Үшіншісі – ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту: нақты KPI-лары бар 2027-2029 жылдарға біліктіліктерді дамытудың салалық жоспарларын бекіту.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бұл жоспарды бекітіп, тағы он тоғыз мемлекеттік құрылым тарапынан қаралып жатыр екен. Төртіншісі – біліктілік анықтамаларынан кәсіптік стандарттарға кезең-кезеңмен көшу. Бесіншісі – біліктілік жүйесіне жұмыс берушілерді тарту: кәсіптік біліктілікті тану процессіне қатысуға «Allur», «Qarmet», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақмыс» және басқа да ірі компанияларды тарту көзделуде.

– Үшінші шара – заманауи цифрлық шешімдерді енгізу. Біз кәсіптік оқытуды, біліктілікті растауды, жұмысқа орналастыруды және адамның одан әрі дамуын біріктіретін бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастырудамыз. Біліктілікті танудың бүкіл жолы – орталықты аккредиттеуден бастап сертификат алуға дейін – цифрлық форматқа ауыстырылады. Бұл рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтар үшін кәсіптік біліктілікті тануды қолжетімді етеді. Big Data мен жасанды интеллект негізінде кадрларға қажеттілікті неғұрлым дәл болжауға көшеміз, – деді Асқарбек Ертаев.

– Мемлекеттік білім беру тапсырысы экономиканың, салалар мен өңірлердің нақты сұранысын ескере отырып қалыптастырылады. Сондай-ақ адамның мансаптық траекториясын цифрлық сүйемелдеуді енгіземіз: мамандық таңдау мен оқудан бастап жұмысқа орналасуға және кәсіптік дамуға дейін. Осылайша, цифрландыру деректерді есепке алудан басқарушылық шешімдер қабылдауға өтуі тиіс. Төртіншісі – мүгедектігі бар адамдарға білім алуға және жұмыспен қамтылуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін инклюзивті еңбек нарығын қалыптастыру.

Спикердің пайымынша, басты міндет – мүгедектігі бар адамдар сұранысқа ие дағдыларды меңгеріп, лайықты жұмыс тауып, өзінің кәсіби әлеуетін толық жүзеге асыра алатын жағдай жасау. Ол үшін кәсіп таңдау мен оқудан бастап жұмыс орнына шығуға және жұмыста орнығуға дейінгі бірыңғай сүйемелдеу жүйесі қалыптастырылуда. Колледждер мен жоғары оқу орындары кадрларға қажеттілік пен мүгедектігі бар адамдардың мүмкіндіктерін ескере отырып, нысаналы түрде бейімделеді. Сонымен қатар сүйемелденетін жұмысқа орналастыру тетігі енгізілуде.

Тәлімгерлер азаматтарға бос жұмыс орындарын іздеу, жұмыс берушімен өзара іс-қимыл жасау және жұмыс орнына бейімделу кезеңдерінде көмек көрсетеді. Басты нәтиже – жекелеген қолдау шараларынан әрбір азаматқа оқу, жұмыспен қамтылу және кәсіптік даму үшін тең мүмкіндіктер беретін тұтас жүйеге өту. – Ұсынылған шараларды жүзеге асыру кадрлар даярлаудың тұтас жүйесін құруға мүмкіндік береді: қажеттілікті болжау мен кәсіптік стандарттарды жаңартудан бастап оқуға, біліктілікті тануға және жұмысқа орналастыруға дейін, – деді сала министрі.

– Нәтижесінде экономика сұранысқа ие дағдылары бар мамандарды, жұмыс берушілер қажетті кадрларды, ал азаматтар кәсіптік даму мен лайықты жұмыспен қамтылудың шынайы мүмкіндіктерін алады. Уақыт үдерісіне сай жаңа өндірістердің іске қосылуы, кәсіпорындардың технологиялық жаңаруы және құрылыс көлемінің өсуі жұмысшы кадрларына жаңа әрі сапалы сұранысты қалыптастырып келеді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің баяндауынша, жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы, сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр даярлау, олардың біліктілігін арттыру бағытында нақты жұмыс жүргізіп жатыр. Бейіндік ведомство жетекшілік ететін салалар бойынша 36,7 мың кадр қажет. Оның ішінде ең жоғары қажет ететін мамандықтар құрылыс саласында – 16,2 мың адам, өңдеу өнеркәсібінде – 14,4 мың адам. Сонымен қатар еңбек нарығындағы сұраныстың құрылымы да өзгеріп келеді. Цифрландыру, автоматтандыру және роботтандыру жаңа дағдыларды қажет етеді.

– Министрлікке қатысты салалар бойынша жаңа мамандықтар атласында жетпіс бес жаңа мамандық айқындалған. Оның ішінде қырық жеті мамандық – тау-кен металлургияда, он бірі машина жасауда және 17 мамандық – құрылыс саласында. Сондай-ақ жаңа технологиялық өзгерістер әсерінен тағы қырық бір мамандықтың мазмұны өзгеруде. Жұмыспен қамту және бос жұмыс орындарына жүргізген талдау бойынша, кадрларға ең жоғары сұраныс құрылыс, машина жасау және тау-кен металлургия салаларында анықталды, – дейді Ерсайын Нағаспаев.

– Алайда дәл осы салаларда бос жұмыс орындарының саны да көп. Бұл жағдай мәселенің тек жалпы кадр тапшылығында емес екенін, көрсетіп отыр. Негізгі мәселе – кадрлардың білімі мен дағдысының, жұмыс берушілер талаптарына толық сәйкес келмеуі. Сондықтан білім беру тапсырысын, ең алдымен, кәсіпорындардың нақты сұранысына қарай қалыптастыру қажет. Бұл жерде Ұлттық біліктілік жүйесі маңызды рөл атқаратындағын ұмытпаған жөн. Осы мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында министрлік 2029 жылға дейін біліктілік жүйесін дамытудың салалық жоспарын әзірледі.

Спикердің сөзіне сүйенсек, ең басты мақсат – экономика қажеттілігін, жұмыс берушілердің талаптарын, кадр даярлауды және біліктілікті растауды бір жүйеге біріктіру. Бұл жұмыста кәсіптік стандарттарға ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылы министрлік отыз төрт кәсіптік стандарт әзірледі. Биыл тағы 158 кәсіптік стандартты әзірлеп, жаңарту жоспарланып отыр. Бұлар тоғыз жүз жиырма екі мамандықты қамтиды. Аталған стандарттарды әзірлеуге жұмыс берушілер мен салалық қауымдастықтар тікелей қатысып келеді.

Яғни, осыған орай, біліктілік жүйесін дамытудың біртұтас жүйесі қалыптасады. Бұл үдерістер жаңа өндіріс орындарын іске қосу кезінде қамтамасыз ету аса маңызды. Биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,7 триллион теңге болатын екі жүз инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың нәтижесінде 17,3 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінде сексен төрт жоба іске қосылып, алты мыңға жуық тұрақты еңбекпен қамту мүмкіндігі қарастырылатын болады.

Бұл бағытта автоматтандыру, цифрлық жобалау, роботтандыру, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік бағыттарындағы мамандарға сұраныс артып келеді. Инвестициялық жобаны жоспарлау кезеңінен бастап, мамандарды даярлау мәселесін қарастыру салалық жоспар шеңберінде пысықталды. Даярлықтың негізгі құралдарының бірі – дуалды білім беру. Бүгінде өнеркәсіптік бағыттар бойынша он тоғыз мыңға жуық студент дуалды білім алуда. Олардың практикалық даярлығын 816 кәсіпорын қамтамасыз етеді.

Машина жасау саласында – 9,3 мың студент, жеңіл өнеркәсіпте – 5,3 мың, металлургияда 1,3 мың студент білім алуда. Сонымен қатар елімізде ерте жастан кәсіптік бағдар беруге және жұмысшы мен инженерлік мамандықтарға жастардың қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Министрлік биыл геология саласын кеңінен танытуға және жастарды осы салаға тарту үшін бірқатар іс-шара ұйымдастырыпты. Астана қаласындағы VIII Халықаралық жас геологтер олимпиадасына отандық және шет мемлекеттердің оқушылары белсене қатысқанын білдік.

– Өскемен қаласында «Сәтбаев» қазақстандық геологиялық үшінші универсиадасында жаңа есімдер анықталды. Сонымен қатар биыл қазақстандық жас геологтер Турин қаласында Жер туралы ғылымдар бойынша тоғызыншы халықаралық олимпиадаға қатысты. Бұл іс-шаралар мамандықтарды насихаттауға, талантты жастарды анықтауға және саланың болашақ кадрлық резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Ерсайын Қайырғазыұлы. – Министрлік алдағы уақытта да жұмысшы мамандықтар жылының бастамаларын дамыта отырып, өзі жетекшілік ететін салаларды қажетті және білікті кадрлармен қамтамасыз ету, жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдарының өзара қатынасын күшейту бойынша жұмысты жаңаша жалғастыратын болады.

Шырақ әл-ШАБАНИ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий