Қазақстандық оқушылардың көрсеткіші: төмен болу себебі және көтеру жолы
Халықаралық PISA зерттеуі – оқушылардың білім сапасын салыстырмалы түрде көрсететін ЭЫДҰ ұйымдастыратын әлемдік деңгейдегі аса маңызды зерттеу болып табылады. ЭЫДҰ PISA-2025 зерттеуінің нәтижелерін жуырда ресми түрде жариялады. Зерттеуге 91 елден 15 жастағы 760 мыңнан астам оқушы тартылған, Қазақстан атынан 643 білім беру мекемесінен 22 мың 680 оқушы қатысты.

PISA зерттеуінің негізгі мақсаты – 15 жастағы оқушылардың математика, оқу және жаратылыстану бойынша алған білімін өмірлік жағдаяттарда қолдана алу қабілетін және белгілі бір дәрежеде білім беру жүйесінің оқушыны қазіргі қоғамдағы өмірге қаншалықты дайындап отырғанын анықтау болып табылады. Қазақстандық оқушылар қандай нәтиже көрсетті? Біздің оқушылар жаратылыстану-ғылыми сауаттылық бағыты бойынша 420 балл алды, ал ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш – 482 балл, біздің оқушылардың нәтижесі 62 балға төмен болды.
Математикалық сауаттылық бойынша, сәйкесінше, 414 балл және 463 балл, яғни 12 балға төмен; ал оқу сауаттылығы бойынша, сәйкесінше, 385 балл және 461 балл, яғни 76 балға төмен болды. Бұл біздің оқушылардың көрсеткіші ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіштен көп төмен екенін көрсетеді. Қазақстандық оқушылар PISA 2025 қатысқан 91 елдің ішінде жаратылыстану-ғылыми сауаттылықтан 60-орын, математикалық сауаттылықтан 63-орын, ал оқу сауаттылығынан 71-орын иеленген. Бұл жақсы көрсеткіш емес.
PISA зерттеулерінің 2012 және 2025 жылғы нәтижелерін қарастырсақ, қазақстандық оқушылар 2012 ж. жаратылыстанудан 425 балл алса, 2025 ж. 420 балл алған, яғни 5 балл төмен; математикалық сауаттылықтан 2012 ж. 432 балл алса, 2025 ж. 414 балл, яғни 18 балл төмен, ал оқу сауаттылығынан 2012 ж. 393 балл алса, 2025 ж. 385 балл, яғни 8 балл төмен алған. Бұл қазақстандық оқушылардың білім сапасы соңғы 13 жылда көтерілмей, керісінше төмендеп отырғанын көрсетті. PISA зерттеулерінде оқушылардың сауаттылығы 6 деңгейлік тапсырмалар негізінде анықталады.
1-2 деңгейлер төмен, ал 5-6 деңгейлер жоғары деңгейлер болып есептеледі, 2-ші деңгей функционалдық сауаттылықтың базалық деңгейі ретінде қарастырылады. PISA 2025 зерттеуінің қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылардың тек 36%-ы ғана оқу сауаттылығы бойынша 2-деңгейге қол жеткізген, ал ЭЫДҰ-дағы орташа көрсеткіш – 69%. Математика бойынша – 44% (ЭЫДҰ – 65%), ал жаратылыстану ғылымдары бойынша 52%-ды (ЭЫДҰ – 74%) құрады. Бұл біздің оқушылардың басым бөлігі функционалдық сауаттылықтың базалық деңгейі көлемінде білім ала алмай отырғанын көрсетеді. Өте өкінішті жағдай.
Тағы бір маңызды көрсеткіш, оқушылардың әр сауаттылық бойынша 5-6 деңгейге білім алуы. Біз оқушыларымыздың көрсеткіштерін Жапония, Корея, Сингапур және Қытай (Бейжің, Шанхай, Цзянсу, Гуандун) елдерімен салыстырдық. Математика бойынша қазақстандық оқушылардың 1%-ы ғана 5-6 деңгейге сәйкес білімдері бар екенін дәлелдесе, ол елдердің оқушыларының 22%-дан 54%-ы дейін осындай деңгейде білім алғандарын көрсеткен; жаратылыстану бойынша, сәйкесінше, бізде 0,5%, оларда 15%-дан 36%-ға дейін; ал оқу сауаттылығы бойынша біздің оқушылардың ондай деңгейде білім алғандары өте аз болған.
Ал ол елдердің барлық оқушыларының 10%-дан 22%-ы осындай жоғары деңгейде білім алғандарын көрсеткен. Бұл бізде жоғары білім алған оқушылардың үлес салмағы өте аз екенін көрсетті. Қазақстандық оқушылар PISA-да неге төмен нәтиже көрсетті? Оқушылардың PISA зерттеуіндегі нәтижелері туралы сөз болғанда, көбіне «мектепте дұрыс оқытпайды», «мұғалімдердің біліктілігі жеткіліксіз» деген сияқты пікірлер айтылады. Алайда мәселенің мәні бұдан әлдеқайда тереңде жатыр. Қазақстандық оқушылардың білім сапасының төмен болуының басты себебі – біз осы уақытқа дейін «білім-білік-дағды» парадигмасынан білімді өмірлік жағдайда қолдана алатын, оқушылардың құзыретін қалыптастыратын, нәтижеге бағдарланған білім беру парадигмасына өте алмай отырмыз.
Білім сапасы озық елдер бұл парадигмаға 20-30 жыл бұрын толық өткен болатын, яғни біз оқушыларға сапалы білім беруде бұл елдерден осынша уақыт артта қалып келеміз. Оқушыларға сапалы білім береміз десек, осы парадигма негізінде білім беруіміз керек, онсыз сапалы білім бере алмаймыз. Демек басты мақсат – білім мазмұнын өзгерту болуы қажет. Бұл жерде мәселе «білім-білік-дағды» қажет емес деген сөз емес, керісінше, кез келген құзыреттілік білімге, білікке және дағдыға сүйенеді. Бірақ қазіргі заманда білімнің өзін білу жеткіліксіз, ең маңыздысы – сол білімді түсініп, оны пайдалана білуде болып отыр.
PISA зерттеуі 15 жастағы оқушының мектепте алған білімін өмірдегі жағдайларда қаншалықты тиімді қолдана алатынын бағалауға бағытталған. Бала көп нәрсені білуі мүмкін, бірақ сол білімін жаңа жағдайда қолдана алмайды. Бұл – өте маңызды айырмашылық. Мысалы, математиканы білу – бір нәрсе, математикалық сауаттылық – басқа нәрсе. Мәтінді оқи алу – бір нәрсе, оқылған ақпаратты түсініп, бағалап, одан қорытынды шығару – басқа нәрсе. Физика заңын білу – бір нәрсе, оны нақты өмірлік мәселені шешуге қолдану – басқа нәрсе. PISA нәтижесі біз мектепте балаларды дұрыс оқыта алмай отырғанымызды көрсетеді.
Оқушыларға нәтижеге бағдарланған білім беру керек. Басты мақсат – «сабақта не өттік?» деген сұрақтан «оқушы не үйренді?» деген сұраққа көшу. Мектеп тәжірибесінде мұғалім: «Бүгін біз жаңа тақырып өттік» деуі мүмкін. Дұрыс, сол тақырыпты өткенде мұғалім: «Бүгін оқушы нені түсінді?», «Оқушы бүгін үйренгенін ертең қай жерде қолдана алады?», «Оқушы бұл білімді өзі үшін жаңа жағдайда өздігінен қолдана ала ма?» деген сұрақтар беруі керек. Мұғалімнің де, мектептің де жұмысы осы сұрақтарға жауап беруге бағытталуы тиіс. Бұл – нәтижеге бағдарланған білім беруге қойылатын талаптар.
Бұл арада мәселе тек мұғалімде емес, білім беру жүйесінің барлық элементтерінің өзара сәйкестігінде. Егер оқу бағдарламасы құзыреттілікті талап етсе, бірақ емтихан негізінен жаттауды тексерсе – мұғалім амалсыздан емтиханға дайындайды. Егер оқулықта өмірлік жағдаяттар аз болса – сабақ та көбіне теориялық сипатта өтеді. Егер мұғалімнен құжатты көп толтыру талап етіліп, бірлесіп сабақ талдауға уақыт берілмесе – педагогтің кәсіби рефлексиясы шектеледі. Егер бағалау жүйесі оқушының нақты ойлау қабілетін емес, дайын жауапты табуын көбірек бағаласа – оқушы да соған бейімделеді.
Сондықтан құзыреттілікке көшу – бір пәннің немесе бір мұғалімнің проблемасы емес, бұл – тұтас білім беру жүйесінің проблемасы. PISA нәтижесін тек рейтинг ретінде қарау дұрыс болмайды. PISA бізге «Қазақстан нешінші орында?» деген сұрақтан гөрі, жоғарыда айтылғандай: «Қазақстан мектебі оқушыны қазіргі өмірге қаншалықты дайындап жатыр?» деген сұрақ қоюды талап етеді. Егер оқушы мәтінді оқып, оның негізгі ойын анықтай алмаса; ақпараттың қайсысы дұрыс екенін ажырата алмаса; кесте мен графиктен қажетті қорытынды шығара алмаса; математикалық білімін күнделікті өмірдегі мәселеге қолдана алмаса; ғылыми құбылысты түсіндіріп, дәлел келтіре алмаса; жаңа мәселені өздігінен шешуге қиналса, онда бұны білім беру жүйесінің кемшілігі деп қарастыру керек.
Бізге «білім аз» деген түсініктен «білімді қолдану аз» деген түсінікке көшу қажет. Оқу бағдарламалары өте көп тақырыпты қамтуы, оқушы көптеген ережелерді, формулаларды, анықтамаларды, даталарды меңгеруі мүмкін. Бірақ білім көлемін көбейте беру автоматты түрде білім сапасын арттырмайды. Кейде керісінше, оқу мазмұнының шамадан тыс көп болуы оқушының терең түсінуіне және алған білімін қолдануына уақыт қалдырмайды. Сондықтан алдағы басты міндеттердің бірі: «Неғұрлым көп білім беру» емес, «ең қажетті білімді терең меңгертіп, оны қолдануға үйрету» болуы керек.
Бұл жерде «білімді азайту» туралы сөз болып отырған жоқ. Керісінше, білімнің сапасын арттыру туралы сөз болып отыр. Біз бұл өзгерісті үш ұғым арқылы қысқаша көрсетуге болады деп есептейміз: білім → құзырет → нәтиже. Білім – адамның нені білетінін көрсетеді, құзырет – адамның сол біліммен не істей алатынын көрсетеді, нәтиже – адамның нақты жағдайда қандай іс-әрекет жасап, қандай шешімге келе алатынын көрсетеді. Жүйелі реформа жасау үшін білім беру жүйесінің барлық негізгі құрамдас бөліктерін бірге өзгерту керек. Біріншіден, білім стандарттары мен оқу бағдарламалары оқушының тек білім көлемін емес, оның құзыретін қалыптастырып, сол білімді қолдану нәтижесін нақты көрсетуі керек. Екіншіден, оқулықтар ақпаратты баяндаумен шектелмей, оқушыны ойлануға, зерттеуге, салыстыруға, дәлелдеуге және өмірлік мәселені шешуге жетелеуі керек.
Үшіншіден, педагог кадрлардың кәсіби біліктілігі жаңа парадигмаға сәйкес болуы қажет. Мұғалімнің өзі де дайын ақпаратты жеткізушіден оқушының ойлауын ұйымдастыратын кәсіби маманға айналуы тиіс. Төртіншіден, білім сапасын бағалау жүйесі жаттаған білімді ғана емес, білімді қолдануды, талдауды, бағалауды және жаңа жағдайда шешім қабылдауды өлшеуі керек. Бесіншіден, рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие де білімді өмірмен байланыстыруға, жауапкершілікке, азаматтық ұстанымға, қоғамдағы мәселелерді түсінуге бағытталуы тиіс.
Алтыншыдан, ғылыми-зерттеу жұмыстары мектептегі нақты мәселелерді зерттеп, оқыту тәжірибесін ғылыми дәлелдер негізінде жетілдіруге қызмет етуі қажет. Жетіншіден, басқару жүйесі мұғалім мен мектепке сапалы жұмыс істеуге қажетті жағдай жасап, қағазбастылықтан гөрі нақты білім нәтижесіне басымдық беруі тиіс. Сегізіншіден, материалдық-техникалық база оқушының тек тыңдап отыруына емес, тәжірибе жасауына, зерттеу жүргізуіне, ақпаратпен жұмыс істеуіне және цифрлық құралдарды тиімді пайдалануына мүмкіндік беруі қажет.
Елімізде жаңа білім беру парадигмасын жасап, қабылдау қажет. Балаға көп нәрсе жаттататын мектеп емес, балаға білгенін өмірде қолдануды үйрететін мектеп керек. Біз көп формуланы білетін емес, математикалық ойлайтын; көп мәтінді оқитын емес, ақпаратты түсініп, бағалайтын; көптеген ғылыми фактілерді жаттайтын емес, ғылыми тұрғыдан ойлайтын; дайын жауапты қайталайтын емес, мәселені өздігінен шеше алатын; мұғалім айтқанды орындайтын ғана емес, өз ойын дәлелдей алатын; алған білімін мектеп қабырғасында ғана пайдаланатын емес, оны өмірлік жағдайларға қолдана алатын тұлға дайындауымыз керек.
Ең алдымен, оқушыға берілетін білімнің көлемін ғана емес, білімнің қолданылу сапасын өзгерту қажет. Білім беру парадигмасының негізгі бағыты: «Білу» → «түсіну» → «қолдану» → «талдау» → «бағалау» → «жаңа жағдайда шешім қабылдау» болып, ал оның түпкі нәтижесі: «білім» → «құзырет» → «өмірде қолдану» → «нақты нәтиже» болуы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың (20.08.2026 ж.) биылғы тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде: «Мықты мұғалім – сапалы білімнің кепілі. Бұл жұмысты аса маңызды стратегиялық міндет деп түсіну қажет. Біз ұлт сапасын арттырамыз десек, ең алдымен, білім сапасын арттыруымыз керек», – деді. Өз сөзін: «Сапалы білім мен нағыз ғылымға ұмтылсақ, біз барлық мақсатымызға қол жеткіземіз», – деп тұжырымдады.
Түркістан қаласында 2020 жылы өткен Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы оқушылардың білім деңгейі дамыған елдерден айталықтай төмен екенін, оны көтеру үшін жүйелі және ойластырылған реформа жүргізу қажеттігін айтқан болатын. PISA 2025 нәтижесі орта білім саласында осындай ойластырылған жүйелі реформа жүргізу қажеттігін көрсетіп отыр. Бұны мемлекеттік деңгейде қарастырып, қажетті шешім қабылдайтын аса маңызды мәселе деп есептеймін.
Әлемдік тәжірибеде барлық дамыған елдер білім сапасын көтеру мақсатында көлемді реформа жүргізгенде, ең алдымен, білім сапасы өзінен жоғары елдердің білім мазмұны мен атқарған іс-шараларын мұқият зерттеп-зерделейді. Біз де Жапония, Шанхай провинциясы сияқты екі-үш елдің білім сапасын көтеру мақсатында атқарған жұмыстарын мұқият зерделеуіміз қажет. Мұндағы негізгі мақсат – сол елдердің білім мазмұны мен оқу құралдарын мұқият зерттей отырып, ұлттық құндылықтарды ескеріп, қазақстандық жаңа білім беру мазмұны жасау. Бұл ең маңызды әрі аса жауапты жұмыс, себебі білім сапасын көтерудің түп қазығы – жаңа білім мазмұнын жасау болып табылады.
Жапон елі – оқушылары PISA зерттеулерінде ұзақ жылдар бойы алдыңғы орындар иеленіп келе жатқан ел, ал Шанхай провинциясы – PISA-ға 2012 ж. алғаш рет қатысып, I орын алды. 2015 ж. тағы I орын, 2018, 2022, 2025 жылдары Бейжің, Цзянсу және Гуандун штаттарымен бірге қатысып X, III, енді I орын алып, оқушыларының білім сапасы өте жоғары екенін толық дәлелдеп отыр. Мен Қытай мен Шанхайдың білім жүйелерін зерттеп, «Қытай білім беру жүйесі. Шанхай жолы» деген монографиялық еңбек жаздым. Елімізде білім сапасын көтеру мақсатында жүйелі реформа жүргізілетін болса, Шанхай тәжірибесін де ескерген дұрыс болады деп есептеймін.
Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ,
компаративист-ғалым, академик