Мемлекеттік саясаттағы басым бағыттардың бірі

Женевада өткен аптада ұйымдастырылған БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінің бір жүз бірінші сессиясында ҚР Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясының ережелерін орындауы жөніндегі біріктірілген бесінші және алтыншы мерзімді баяндамалары қаралғаны белгілі болды. Бас прокуратураның, Сот әкімшілігінің, сыртқы істер министрлігінің, ішкі істер министрлігінің, денсаулық сақтау министрлігінің, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, сондай-ақ мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдерінен құралған тәуелсіз мемлекетіміздің ведомствоаралық делегациясын сала министрі басқарып барған.

БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінің мүшелерімен диалог барысында делегация балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің ұлттық жүйесін одан әрі нығайтуға бағытталған негізгі заңнамалық және институционалдық өзгерістер туралы ресми мәліметтер беріліпті. Статистикалық деректерге сүйенсек, республиканың аумағында жеті миллионға жуық бала тұрады, бұл ел халқының шамамен отыз төрт пайызын құрайтын көрсеткіш.

Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі жаңа Конституцияда отбасы мен баланы қорғау кепілдіктерінің күшейтілуі болды. Қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау салаларындағы шараларды біріктірген 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыруға ерекше назар аударылды.

Қазақстан тарапы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, буллинг пен кибербуллингке қарсы іс-қимыл, психологиялық көмекті және мемлекеттік «111» байланыс орталығын дамыту шараларын таныстырды. Жетім балаларды отбасыларға орналастыру, инклюзивті білім беру, балалар денсаулығын сақтау, балалардың шешім қабылдауға қатысуы және олардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау мәселелері қаралды.

Қазіргі уақытта жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың сексен екі пайызы отбасыларда тәрбиеленуде. – Біз үшін тиімділіктің басты өлшемі – әрбір баланың жағдайының нақты жақсаруы. Қазақстан мазмұнды диалогқа және балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін одан әрі дамытуға ашық, – деді еліміздің бас ұстазы. Қазақстан Бала құқықтары туралы БҰҰ конвенциясының ережелеріне бейілділігін және Комитет ұсынымдарын ескере отырып, әрбір баланы қорғау кепілдіктерін нығайту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.

Қазақстан Республикасындағы ЮНИСЕФ Өкілдігі мен «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты» КеАҚ және Оқу-ағарту министрлігі тарапынан үшжақты бірлескен жұмыс жоспары аясында ұйымдастырылған еліміздегі балаларды қорғау жүйесінің төрт жүз отыз бес маманы «Балаларды қорғау саласындағы жағдайды басқару» курсы бойынша оқудан өткен.

Бұл курсқа балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының, психологиялық қолдау және отбасын қолдау орталықтарының қызметкерлері, әлеуметтік педагогтер, педагог-психологтер, сондай-ақ балалар мен отбасыларды сүйемелдеумен айналысатын басқа да мамандар қатысыпты. Тақырыптық дәрістердің барысында жан-жақтан жиналғандар баланың жағдайын анықтау және бағалау, жағдайды жоспарлау және сүйемелдеу жайы зерделенгенін білдік.

Бейіндік ведомстводағы баспасөз қызметі таратқан ресми ақпарат бойынша, сонымен бірге балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілеріне ден қою, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және ақпаратпен қауіпсіз алмасу бойынша практикалық құралдарды меңгерді. Баланың құқықтарын сақтау, кейс-менеджменттің этикалық қағидаттары, жарақатқа бағдарланған тәсіл, құжаттаманы жүргізу және супервизия мәселелеріне ерекше назар аударылған көрінеді.

Оқыту мамандардың кәсіби құзыреттерін арттыруға және қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар мен отбасыларды сүйемелдеудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған. Алған білімдері мен практикалық құралдары мамандарға тәуекелдерді дер кезінде анықтауға, бала мен отбасына кешенді көмек көрсетуге және балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін жүйелі түрде қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қостанайдағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Басенованың жуырдағы жергілікті журналистермен жүздесуінде биылғы бірінші жартыжылдықта мобильді топтардың бір мың бес жүз тоқсан сегіз отбасыға барғанын мәлімдеді. Баланың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төнгендіктен 152 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, он үш бала қауіпті ортадан алынған. Ол балалар Белинский көшесіндегі уақытша орталыққа орналастырылыпты.

– Сот шешімімен ата-ана құқығынан айырған кезде баланың тағдыры шешіледі. Мемлекет тарапында қалып немесе тума-туыстары өздеріне жауапкершілік арқалап, алып кетуі мүмкін, – деді ол. Қостанайдың Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында және Жітіқара мен Рудный қалаларындағы Балаларды қолдау орталықтарында қиын өмірлік жағдайға тап болған алпыс сегіз бала барын білдік. «Дельфин» сәбилер үйінің базасында 1,5 жастан үш жасқа дейінгі балаларға арналған он адамдық арнайы топ ашылып, үш бала тәрбиеленуде екен.

Баланың пікірін есту де маңызды бағыттардың бірі. Сегіз ай ішінде «111» байланыс орталығына кәмелетке толмағандардан сегіз жүз қырық бір қоңырау мен хабарлама түскен. Балалар үшін QR-кодтар, анонимді сервистер және «Досым» Telegram-боты да жұмыс істейді. – Балалар үшін «ұсақ мәселе» деген ұғым жоқ. Мамандар буллинг пен кибербуллингтің, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға, сондай-ақ интернет-алаяқтықтан және цифрлық ортадағы өзге де қауіп-қатерлерден қорғауға ерекше назар аударып отыр, – деді Несібелі Зариванқызы.

– Білім беру ұйымдарында балалар мен ата-аналарға арналған түсіндіру жұмыстары, психологиялық тренингтер ұйымдастырылуда. Облыста кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі 21 комиссия жұмыс істейді. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің пікірінше, олардың жұмысы тек жағдайды қараумен шектелмеуі керек. Әрбір шешімнің нәтижесінде бала үшін нақты өзгеріс болуы тиіс. Әрбір шағым мұқият қаралуы керек.

Осы орайда сала мамандары ата-аналарға балаларымен көбірек уақыт өткізіп, олардың көңіл-күйі мен мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударуға кеңес береді. Ал балаларға қиындық туындаған жағдайда тұйықталмай, ата-анасына, мұғаліміне, мектеп психологына немесе «111» байланыс орталығына жүгінген дұрыс. Бұл аймақта балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жауапты жұмыстар жүйелі жүргізіле бастағанын өңірлік коммуникациялар орталығындағы кезекті брифинг барысында облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Айман Ибраева баяндап берген болатын.

Есеп бойынша облыс аумағында бір жүз тоқсан тоғыз мыңнан астам бала бар. Оның 1568-і – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Соңғы үш жылда олардың саны он жеті пайызға азайыпты. Бұл басқармаға екі айдың ішінде қырыққа жуық өтініш пен шағым түсіп, барлық жазбаша арыздың әрқайсысы жеке қаралған. Көрсетілген мәселе басқа салалық құрылымдардың шешім қабылдау құзыретіне жатса, ол азаматтарға одан әрі әрекет ету алгоритмін анықтауға көмек көрсетілетін көрінеді.

– Біздің міндетіміз – отбасына туындаған жағдайды шешуге көмектесу, шешу жолдарын ұйымдастыру және баланың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, – деді ол. Зорлық-зомбылық немесе басқа да құқық бұзушылық анықталған жағдайда балаға кейс-менеджер бекітіледі. Ол түрлі қызметтердің жұмысын үйлестіріп, жағдай тұрақталғанға дейін қажетті көмектің көрсетілуін қамтамасыз етуге құқылы. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қазіргі кезде, әсіресе, алдын алу жұмыстарына басымдық беріле бастағаны айрықша атап айтылды.

Бүгінгі бала – елдің ертеңі, мемлекеттің болашағы. Сондықтан оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – қоғам алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі. Семей қаласындағы №49 мектепте ұйымдастырылған арнайы жиында осы бағыттағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланыпты. Бұл басқосуға облыс орталығындағы мектептердің директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері, облыстық психологиялық орталықтың маманы және педагог-психологтар қатысқаны белгілі болды.

Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Айдын Нұралдинов, шаһардағы полиция басқармасы бастығының орынбасары, подполковник Елдос Оразалин, Абай облысындағы балалар құқықтарын қорғау басқармасының қорғаншылық және қамқорлық бөлімінің басшысы Жаңылсын Айтчанова сөз сөйлеген.

– Басқарманың негізгі бағыттарының бірі – өңірдегі балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіру. Және басты міндет ретінде балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, балалар құқықтарының бұзылуының алдын алу және оларды ерте анықтауды үйлестіру, сондай-ақ балалардың құқықтары бұзылған жағдайда оны қалпына келтіру бойынша қажетті шараларды ұйымдастыру жауапкершілігі жүктелген, – деді ол.

Атқарылған шаралардың қорытындысы нақты нәтижелерге сәйкес бағаланады. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, кез келген мәселесінің дұрыс шешілуіне жайлы жағдайлар жасалуы керек. Демек білім беру ұйымдары, ата-аналар, құқық қорғау органдары, психологтар және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы мемлекеттік құрылымдар бұрыннан бар бірегей байланыстарын берік бекемдеуі қажет. Бала құқығын қорғау – бір мекеменің ғана міндеті емес.

Бұл бағытта мемлекеттің қолдауы мен ересек адамның қамқорлығы бір мүддеге тоғысуы тиіс. Әрбір бала жеке тұлға ретінде қауіпсіздік сезінген ортада ғана сапалы білім мен саналы тәрбие алып, толыққанды даму жолына түседі. Және осы қоғамның белсенді мүшесі ретінде бой түзеуіне қажетті мүмкіндіктерге қол жеткізетіні анық. Тақырыптың тобықтай түйіні – қауіпсіз ортаны қалыптастыру – бүгіннен басталатын баршамызға ортақ игілікті іс.

Өмірсерік РАХАНОВ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий