Диалогтан бірлескен технологиялар, зерттеулер мен білім беруге дейін

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында ғылым, жоғары білім, жасанды интеллект, технологиялар және кадр даярлау салаларындағы Қазақстан-Корея ынтымақтастығын одан әрі нығайтып келеміз. Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрлігінің қатысуымен ведомствоаралық, институционалдық және жоғары оқу орындары арасындағы қырықтан астам құжатқа қол қойылды, – деп жазды өткен аптаның жұма күні Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында осы бейіндік ведомствоның жетекшісі Саясат НҰРБЕК.

– Біз үшін әрбір келісімнің нақты жобаларға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы аса маңызды. Осындай нақты нәтижелердің бірі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен SeoulTech арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның жасалуы. Серіктестік жасанды интеллект және цифрлық білім беру, STEM/STEAM, EdTech бағыттарын, бірлескен зерттеулерді, сондай-ақ студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын қамтиды. Тағы бір маңызды бағыт – технологиялық ынтымақтастық.

Сала министрінің мәлімдеуі бойынша, корейлік әріптестермен бірлесіп, Satbayev University базасында сыни және сирек жер металдары саласында Технологиялық ынтымақтастық орталығын құру мәселесі пысықталуда. Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті мен Dong-Eui University бірлесіп, университет базасында жасанды интеллект зертханасын құру жоспарлануда екен. Стратегиялық жобалардың бірі – KAIST Kazakhstan. Қазақстан мен Корея Республикасының Президенттері арасындағы кездесудің қорытындысы бойынша Кореядағы жетекші зерттеу университеттерінің бірінің үлгісі негізінде университетті дамытуға бағытталған құжатқа қол қойылғанын білдік.

– Тэджонда Вусонг университетінде дәріс оқу құрметіне ие болдым. Дәріс барысында Қазақстандағы ғылым мен жоғары білімнің дамуы, білім беру саласындағы реформалар, цифрлық трансформация және халықаралық академиялық ынтымақтастық туралы айттым.

Сондай-ақ Вусонг университетінің халықаралық бизнес мектебі – SolBridge тарапынан жаһандық менеджмент саласындағы философия докторы (Doctor of Philosophy in Global Management) құрметті дәрежесін алу мен үшін үлкен мәртебе болды, – дейді ол.

– Мұны жоғары білімді, адами капиталды, инновациялар мен халықаралық әріптестікті дамыту бағытында атқарып жатқан жұмысымыздың маңыздылығын мойындау ретінде қабылдадым. Бұл ретте Вусонг университетінің Қазақстан үшін бұрыннан келе жатқан серіктестердің бірі екені ерекше мәнге ие. Биыл бұл университет Түркістан қаласында өз филиалын ашты. Мүдделі тараптардың бірегей байланыстары студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырып, екі ел арасындағы білім беру және академиялық қарым-қатынастарды нығайта түсетініне сенімдімін.

Саясат Нұрбектің сөзіне сүйенсек, сонымен қатар «Корея-Орталық Азия: жасанды интеллект, ғылым және технологиялар саласындағы әріптестік» атты алғашқы министрлік кездесуіне қатысқан. Премьер-министрдің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевпен бірге кореялық және Орталық Азия елдерінен келген әріптестермен жасанды интеллектті дамыту, ғылыми-технологиялық серіктестік және климаттық технологияларды қоса алғанда, бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылағаны белгілі болды.

– Қазақстан үшін Кореямен ынтымақтастық – озық технологияларды енгізуді жеделдетуге, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамытуға және студенттер мен ғалымдар үшін жаңа білім беру мүмкіндіктерін қалыптастыруға жол ашатын маңызды бағыт. Біздің міндетіміз – халықаралық уағдаластықтарды Қазақстанның дамуына қызмет ететін нақты зертханаларға, ғылыми жобаларға, білім беру бағдарламаларына және технологияларға айналдыру. Бірге алға қадам басамыз, – деп қорытындылаған Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында кезекті бұл жазбасының соңын сала жетекшісі.

Қалдыбек РАЙХАНОВ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий