Білім беру үшін туған өңіріне оралды
Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінде ерекше кәсіби тәжірибесі бар жаңа оқытушы жұмысын бастады. Алдияр Исенов – «Болашақ» халықаралық стипендиясының және London School of Economics and Political Science (LSE) магистратурасының түлегі. Ұлыбританияда білім алып, еңбек еткеннен кейін ол туған өңіріне оралып, өз тәжірибесін студенттермен бөлісуді жөн көрді, – деп хабарлайды Қостанай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Алдияр он жылдай бұрын LSE-ді «Әлеуметтік саясат және даму» (Social Policy and Development) мамандығы бойынша тәмамдады. Кәсіби жолында Қазақстанның мемлекеттік органдарында қызмет атқарып, Лондонда әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қатысқан, сондай-ақ Ұлыбританияның қайырымдылық секторында және коммерциялық жылжымайтын мүлік саласында еңбек етті. Әр жылдары түрлі бағыттарда еңбек еткенімен, білім беру мен әлеуметтік жұмыс саласында адамдарға пайда келтіру оның басты ұстанымдарының бірі болды.
Бүгінде ол осы салаға оқытушы ретінде қайта оралды. – «Болашақ» бағдарламасы маған әлемдік деңгейдегі академиялық білім беріп қана қоймай, білімнің қоғамды дамытудағы рөліне жаңаша көзқарас қалыптастырды. Қазақстанға оралған соң Ы.Алтынсарин атындағы колледжді саналы түрде таңдадым. Мұнда мен өз пайдамды тигізе аламын – студенттерге халықаралық тәжірибені, әлеуметтік жұмыс саласындағы заманауи тәсілдерді жеткізіп, ең бастысы, үлкен мүмкіндіктер міндетті түрде алыстан басталмайтынын көрсету. Кейде олар туған қалаңнан басталады, – дейді кейіпкеріміз.
Колледж үшін мұндай маманның қатарға қосылуы – оқу үдерісіне жаңа көзқарас пен халықаралық практикалық тәжірибені енгізуге мүмкіндік. Студенттер әлеуметтік саясат пен адамдармен жұмыс істеудің шетелде қолданылатын тәсілдерімен танысып, алған білімдерінің нақты өмірде қалай қолданылатынын көре алады. Алдиярдың өзі Рудныйға оралу туралы шешімінің саналы түрде қабылданғанын айтады. Ұлыбританияда бірнеше жыл тұрып, еңбек еткеннен кейін жинақтаған тәжірибесін қажет жерде – туған елінде қолданғысы келген. Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі – осы аймақтағы ең көне оқу орындарының бірі.
Аружан РАУАНҚЫЗЫ
Загрузка...