TOU-ДАҒЫ ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕРДІҢ ГЕОГРАФИЯСЫ КЕҢЕЮДЕ: ТАҒЫ 10 ЖАҢА ЕЛ

Торайғыров университеті халықаралық білім беру бағытындағы географиясын кеңейтіп келеді. Бүгінде университетте әлемнің 29 елінен келген 450-ден астам шетелдік студент білім алуда. Бірнеше жыл бұрын университеттің халықаралық студенттер қауымдастығы 19 мемлекеттің өкілдерін біріктірсе, жаңа оқу жылында оның қатары тағы 10 елдің студенттерімен толықты.

2026–2027 оқу жылында TOU-дың шетелдік студенттер географиясы Азия мен Африканың жаңа елдерімен толықты. Олардың қатарында Пәкістан, Палестина, Филиппин, Индонезия және Үндістан, сондай-ақ Сомали, Судан, Гамбия, Танзания және Эфиопия бар.

Халықаралық студенттер қауымдастығын кеңейтуде шетел азаматтарына арналған стипендиялық бағдарламаның маңызы ерекше. Бағдарлама түрлі елдерден келген талантты талапкерлерге Қазақстанда жоғары білім алуға мүмкіндік береді. 2026–2027 оқу жылында осы бағдарлама аясында Торайғыров университетіне 24 грант иегері қабылданды.

Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін шетелде танытудың маңызды құралдарының біріне Study in Kazakhstan платформасы айналды. Платформа Қазақстанда білім алу мүмкіндіктері туралы ақпаратты бір арнаға біріктіріп, шетелдік талапкерлерге отандық жоғары оқу орындарымен, білім беру бағдарламаларымен және стипендиялық бағдарламаға қатысу шарттарымен танысуға мүмкіндік береді. Осындай бастамалардың арқасында Қазақстанның жоғары білімі әлемнің әр түкпіріндегі жастар үшін қолжетімді әрі танымал бола түсуде.

Торайғыров университетін таңдаған грант иегерлерінің бірі — Индонезия азаматы Натания Риана (Nathania Riana). Ол ата-анасымен бірге алғаш рет Павлодарға келіп, университетпен, кампуспен, оқытушылармен және білім алу жағдайларымен танысты. Натания үшін бұл сапар Торайғыров университетімен ғана емес, Қазақстанмен де алғашқы таныстық болды.

Жоғары білім алу үшін ол Ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің «Биотехнология» білім беру бағдарламасын таңдады. Бұл бағыттағы оқу іргелі дайындықпен қатар, практикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұштастырады.

Натанияның ата-анасы қызының Қазақстанда білім алу туралы шешімін қолдап, оның болашақта білім алатын университетімен және оқу жағдайларымен жеке танысу үшін бірге Павлодарға келді. Отбасы Қазақстан, Павлодар қаласы және Торайғыров университеті туралы алғашқы әсерлерімен сұхбат барысында бөлісті.

Натанияның тарихы — TOU-дың халықаралық студенттер географиясының кеңейіп келе жатқанының бір ғана мысалы. Университет картасындағы әрбір жаңа елдің артында Қазақстанды жоғары білім алатын ел ретінде таңдаған жастар мен олардың отбасылары тұр.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий