TOU-ДА ЕКІ КҮНДІК KMG DIGITAL HACKATHON БАСТАЛДЫ
Торайғыров университетінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен «KMG Digital» ЖШС бірлесіп ұйымдастырған салалық KMG Digital Hackathon хакатоны басталды. Екі күн ішінде 20-дан астам команда «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының өзекті міндеттеріне арналған цифрлық шешімдер әзірлейді.
Іс-шара AI Month аясында өтіп, цифрлық құзыреттерді, жасанды интеллектпен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын дамытуға және жас мамандарды қолдауға бағытталған. Қатысушылар заманауи технологияларды қолданып, нақты өндірістік үдерістерге қатысты міндеттердің шешімдерін әзірлейді.
Ашылу салтанатында қатысушыларға Торайғыров университеті Басқарма мүшесі – стратегиялық даму, халықаралық ынтымақтастық және цифрландыру жөніндегі проректоры Салтанат Аубакирова және «KMG Digital» ЖШС Операциялық қызмет дирекциясының директоры Бекзат Махин сәттілік тіледі.
Екі күн ішінде қатысушылар идея әзірлеуден бастап жұмыс істейтін прототип жасауға дейінгі кезеңдерден өтеді. Соңында өз жобаларын сарапшылардан құралған қазылар алқасына таныстырады. Жобаларды бағалау кезінде іске асыру сапасы, шешімдердің практикалық қолданылуы және оларды одан әрі дамыту әлеуеті ескеріледі.
Хакатонды өткізу AI-Sana бастамасын дамытуға да үлес қосады. Бұл бастама жастардың жасанды интеллект саласындағы білімдері мен дағдыларын арттыруға бағытталған. Студенттер, жас әзірлеушілер мен мамандар үшін іс-шара нақты бизнес міндеттерімен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтап, цифрлық құралдарды іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді.
Әзірленген прототиптерді кейіннен «ҚазМұнайГаз» және «KMG Digital» компанияларының бейінді мамандары қарастырып, оларды одан әрі дамыту және ықтимал енгізу перспективаларын бағалайды.
Торайғыров университеті үшін KMG Digital Hackathon академиялық орта, IT-қоғамдастық және ірі өндірістік сектор арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып отыр. Университет командалық жұмысқа қажетті инфрақұрылым мен жағдай жасап, тәжірибе алмасуға және практикалық білім беруді дамытуға ықпал етеді.


