TOU СТУДЕНТТЕРІ ЕҢ ІРІ AI-ХАКАТОНДАРДЫҢ БІРІ — HACKALEM AI ХАКАТОНЫНА ҚАТЫСТЫ

Торайғыров университетінің 16 студенті Астанада AI Month ашылуы аясында өткен жасанды интеллект бойынша ірі халықаралық хакатондардың бірі — HackAlem AI хакатонына қатысты.

Іс-шараға 21 ел мен 129 университеттен 2 500-ге жуық қатысушы жиналды. Командалар бес сағат ішінде нақты технологиялық міндеттер негізінде жұмыс істейтін прототип әзірлеуі керек болды. Ұйымдастырушылар хакатон нәтижесі бойынша Guinness World Records рекордын орнатуды көздейтіндерін де мәлімдеді. Қорытынды нәтиже тексеру рәсімі аяқталғаннан кейін жарияланады.

HackAlem AI хакатонына Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Astana Hub, Silkroad Innovation Hub және BAITC өкілдері қатысты. Технологиялық серіктестер қатарында OpenAI, NVIDIA, Arizona State University және Palo Alto Networks болды.

Биылғы хакатон Agentic AI тұжырымдамасына арналды. Қатысушылар қарапайым чат-боттар емес, күрделі міндеттерді өздігінен жоспарлап, орындай алатын автономды AI-агенттер әзірледі. Нақты компаниялар ұсынған кейстер энергетика, қаржы, логистика, телекоммуникация, білім беру және мемлекеттік басқаруды қоса алғанда, он бағытты қамтыды.

Хакатонның міндетті шарттарының бірі — OpenAI Codex пен қолжетімді NVIDIA есептеу ресурстарын пайдалану болды. Шектеулі уақыт ішінде командалар міндетті қоюдан бастап прототип әзірлеу және оны техникалық сараптамадан өткізуге дейінгі толық әзірлеу циклінен өтті.

Торайғыров университетінің делегациясына Цифрлық даму және жасанды интеллектті енгізу департаментінің директоры Мейірбек Бейсенов және Ақпараттық технологиялар кафедрасының оқытушысы Мирас Егінбаев жетекшілік етті.

Қатысушылар үшін келесі кезең — 29 қыркүйекте өтетін Demo Day. Хакатон қорытындысы мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 1 қазанда AI & Digital Bridge форумы аясында өтеді.

TOU студенттерінің ауқымды AI-хакатонға қатысуы ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы білімдерін тәжірибеде қолдануға, сондай-ақ шектеулі уақыт ішінде нақты технологиялық міндеттермен жұмыс істеу тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік берді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий