Жас ұрпаққа – патриоттық тәрбие: Павлодарда «Жас сақшы» сыныбы ашылды
Павлодар қаласындағы №41 дене шынықтыру-сауықтыру бағытындағы жалпы орта білім беру бейіндік мектебінде Арли Харки атындағы «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жаңа сынып Павлодар облысының Полиция департаменті мен облыстық Білім беру басқармасының бастамасымен әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында ашылды. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік, азаматтық жауапкершілік, тәртіп пен заңға құрмет құндылықтарын қалыптастыру, сондай-ақ елге қызмет етуге баулу.
Салтанатты шараға Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қайыржан Шәкәрғалиев, Павлодар облысы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтурова, полиция қызметкерлері, білім саласының өкілдері, мектеп басшылығы, педагогтер, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Іс-шара барысында «Жас сақшы» сыныбының 19 оқушысы салтанатты түрде ант қабылдап, арнайы куәліктерін алды. Жас сақшылар Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, заң талаптарын құрметтеуге және Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға дайын екендерін білдірді.
Сыныпқа қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдарының қызметкері Арли Харки Мехарұлының есімі берілді. Ол Павлодар облысының ішкі істер органдарында тергеуші және учаскелік полиция инспекторы қызметтерін атқарған. 2015 жылғы 21 маусымда қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан.
Салтанатты рәсім барысында оқушылар әскери-патриоттық және саптық даярлық бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар Полиция департаментінің кинологиялық қызметі мен арнайы жасағының қызметкерлері көрсетілімдік бағдарламаларын ұсынды. Концерттік және спорттық қойылымдар да көпшілік назарына ұсынылды.
Шараның ресми бөлімінен кейін Арли Харки атындағы «Жас сақшы» кабинеті ашылып, білім беру ұйымы мен құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Жас сақшы» сыныбының ашылуы оқушылардың құқықтық сауатын арттырып, әскери-патриоттық тәрбиесін күшейтуге және жас ұрпақтың ел алдындағы жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болды.
Загрузка...

