Павлодар облысында жас туристердің республикалық слеті өз мәресіне жетті
Павлодар облысында «Менің Отаным – Қазақстан» туристік-экспедициялық жасақтарының республикалық слеті өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған ауқымды шараға еліміздің өңірлерінен 180 білім алушы мен 40 жетекші қатысты.
Жас туристер «Спорттық бағдарлау» және «Туристік кедергілер жолағы» бойынша бақ сынап, жылдамдық, дәлдік, ептілік пен төзімділіктерін көрсетті. Спорттық бағдарлау жарыстары орта қашықтық және «Спринт» форматтарында өтті. Қатысушылар қысқа қашықтықта жергілікті жерді жылдам бағдарлап, өздерінің дене дайындығы мен зейінділігін танытты.
Слеттің зерттеу бағыты да мазмұнды жұмыстармен ерекшеленді. «Менің туған өлкем» және «Үздік экспедициялық жоба» номинацияларында жас зерттеушілер туған өлкенің табиғи, тарихи-мәдени мұрасы мен ерекшеліктеріне арналған жобаларын таныстырды.
Мәдени-танымдық бағдарлама аясында туристік әндер байқауы ұйымдастырылып, қатысушылар шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Сондай-ақ жас туристер Павлодар өңірінің тарихи-мәдени нысандарымен танысып, өлкенің табиғаты мен тарихы туралы білімдерін толықтырды.
Бүгін слеттің жабылу салтанаты өтіп, екі күн бойы сынға түскен командалардың нәтижелері қорытындыланды. Слеттің қорытындысы бойынша жүлделі 1 орынға Павлодар облысы ие болды. 2 орын Қарағанды облысы және 3 орынды Жетісу облысы иеленді.
Республикалық слет жас туристер үшін тәжірибе алмасып, жаңа достар тауып, командалық жұмыс дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берген маңызды алаң болды. Сонымен қатар шара қатысушылардың туған жерге деген қызығушылығын арттырып, ел тарихы мен табиғи мұрасын тануға жол ашты.
Загрузка...

