Павлодар облысының үш өкілі Шанхайдағы WorldSkills әлем чемпионатында
Шанхайда Павлодар облысының үш өкілі Қазақстан құрамасы сапында WorldSkills әлем чемпионатында кәсіби шеберлігін сынап жатыр. Бұл – бір ғана байқаудың нәтижесі емес, өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың жемісі.
ТжКБ жүйесін жаңғырту – Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қолдауындағы басым бағыттардың бірі. Осы бағытта колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, өндіріс орындарымен байланыс нығайтылып, мамандар даярлау жүйесіне халықаралық стандарттар енгізілуде.
«Жас маман» жобасы аясында облыс колледждерінде 10 құзыреттілік орталығы құрылып, оларды заманауи жабдықтармен жарақтандыруға 2 млрд 340 млн теңге бағытталды. 2024–2026 жылдары әлеуметтік серіктестердің қолдауымен төрт колледжде жалпы құны 217 млн теңгеден асатын заманауи зертханалар мен оқу кабинеттері ашылды.
Халықаралық ынтымақтастық та кеңейіп келеді. Өңір колледждері халықаралық аккредиттеуден өтіп, студенттер, оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері шетелдік тағылымдамалар арқылы кәсіби тәжірибесін жетілдіруде.
Шанхайдағы бүгінгі дода – осы жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі. Жас мамандар үшін бұл – кәсіби шеберлігін әлемдік деңгейде сынау мүмкіндігі болса, өңірдің білім беру жүйесі үшін кадрлар даярлау сапасын халықаралық талаптар деңгейінде бағалауға мүмкіндік беретін маңызды тәжірибе.
Загрузка...
