Екібастұздық педагог Қазақстан мектептеріне арналған оқулықтың авторларының бірі атанды

Мұғалімнің кәсіби тәжірибесі бір сыныптың аясынан шығып, мыңдаған оқушының білім алуына қызмет еткенде оның құндылығы арта түседі.

Бүгінде мұндай нәтижеге Павлодар облысының екі педагогі қол жеткізді. Олар – Екібастұз қаласындағы №35 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Наталья Владимировна Марахова және Павлодар қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы инновациялық үлгідегі мектептің мұғалімі Жанар Жумагулова.

Педагогтер 2026 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан мектептерінде қолданылып келе жатқан 3-сыныпқа арналған «Познание мира» оқу-әдістемелік кешенінің авторларының бірі болды.

ОӘК әзірлеу идеясы педагогтердің күнделікті тәжірибесінен туындаған. Авторлар оқушыға дайын білім берумен шектелмей, зерттеуге, салыстыруға, пайымдауға, қорытынды жасауға және өз шешімін ұсынуға мүмкіндік беретін заманауи оқу құралын әзірлеуді мақсат етті.

Оқу-әдістемелік кешен құрамына оқулық, жұмыс дәптері, электронды оқулық және педагогке арналған әдістемелік нұсқаулық кіреді. Оқулықта жобалық жұмыстар, сараланған тапсырмалар, инклюзивті тәсілдер және QR-код арқылы қолжетімді аудио-бейнематериалдар қамтылған.

«Біз үшін қазіргі сабақта шын мәнінде жұмыс істейтін оқулық жасау маңызды болды. Сондықтан оның мазмұнымен қатар, жобалық жұмысты ұйымдастырудың дайын алгоритмдерін, оқытуды саралау мен инклюзивті тәсілдерді қолдану мүмкіндіктерін, цифрлық ресурстарды тиімді пайдалануға арналған құралдарды енгізуге тырыстық», – дейді Наталья Марахова.

ОӘК әзірлеу жұмысы шамамен бір жылға созылып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің жүйесінде алтыдан астам сараптамадан өтті. Оқулық 50-ден астам өлшем бойынша бағаланды.

Барлық сараптамалық рәсімдерден өткеннен кейін «Познание мира» ОӘК Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер тізіміне енгізілді.

Павлодар облысы педагогтерінің республикалық деңгейдегі оқу әдебиетін әзірлеуге атсалысуы – өңір мұғалімдерінің кәсіби әлеуетін көрсететін маңызды нәтиже.

Бүгінде Екібастұз бен Павлодар педагогтерінің тәжірибесі еліміздің мектептеріндегі білім беру үдерісіне қызмет етіп келеді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий