TOU-ДА AI-SANA LEADERS TOU БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Торайғыров университетінде «AI-Sana» бағдарламасы мен «Digital Kazakhstan» стратегиясын іске асыру аясында ұйымдастырылған студенттік жобалар арасындағы AI-Sana Leaders ToU байқауының жеңімпаздары анықталды.

Байқауға жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, өз жобаларын әзірлеп жүрген студенттер қатысты. Бастаманың негізгі мақсаты – өзекті, жұмыс істейтін және ауқымын кеңейтуге болатын студенттік AI-жобаларды қолдау, сондай-ақ болашақта университет пен өңірдің қызметіне енгізуге әлеуеті бар перспективалы әзірлемелер қорын қалыптастыру.

Іс-шараны стратегиялық даму, халықаралық ынтымақтастық және цифрландыру жөніндегі проректор Салтанат Аубакирова ашты. Байқау барысында қатысушылар өз жобаларын таныстырып, әзірлеген шешімдерінің мүмкіндіктерін көрсетіп, сарапшылар алқасының сұрақтарына жауап берді.

Байқау сарапшыларының құрамына Цифрлық даму және жасанды интеллектіні енгізу департаментінің директоры Мейірбек Бейсенов, «Ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы Мирас Егинбаев, «Астана Хаб» АКҚ Павлодар қаласындағы филиалының директорының міндетін атқарушы Данияр Мамытбек және Solana Superteam.kz командасының мүшесі Игорь Столяров кірді.

Жобаларды бағалау кезінде сарапшылар шешілетін мәселенің өзектілігі мен маңыздылығын, ұсынылған шешімнің құндылығы мен бірегейлігін, техникалық іске асырылу сапасын, жасанды интеллект технологияларының қолданылуын, жобаның жұмыс істеу мүмкіндігі мен қолжетімділігін, ауқымын кеңейту әлеуетін, сондай-ақ жобаны таныстыру сапасын ескерді.

Байқау қорытындысы бойынша I орын және 150 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты Максим Наседкин SMM-Ассистент жобасымен жеңіп алды.

II орын және 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа екі команда ие болды: Кириченко Станислав пен Куленов Ислам – Involve Ecosystem жобасы; Ткачёв Даниил мен Черненко Александр – HireRank HR Copilot жобасы.

III орын және 50 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа Пичугин Павел – PrepLab, Цыганенко Владимир – Sana-Agent, Тутенова Алия мен Ефимова Ксения – AI Location Scout жобаларымен ие болды.

Осылайша, байқаудың жалпы жүлде қоры 500 000 теңгені құрады. Іс-шараны өткізуге және жүлде қорына қажетті қаражатты Торайғыров университетінің басшылығы студенттік бастамаларды қолдау және жасанды интеллект саласындағы жобаларды дамыту мақсатында бөлді.

Қазылар алқасының мүшелері ақтық шешімді талқылап, жеңімпаздарды анықтап жатқан кезде, қатысушылар үшін Кибермәдениет айлығы аясында киберқауіпсіздік бойынша квиз ұйымдастырылды. Интеллектуалды ойынды «ТИТАН» студенттік ұйымының өкілдері өткізіп, цифрлық қауіпсіздік пен интернеттегі жауапты мінез-құлыққа қатысты сұрақтар дайындады.

Ұйымдастырушылар байқаудың барлық қатысушыларына да ерекше көңіл бөлді. Әр студентке Торайғыров университетінің имидждік жиынтығы және университет ректоры қол қойған қатысушы сертификаты табысталды.

AI-Sana Leaders ToU жасанды интеллект саласындағы студенттердің практикалық әзірлемелерін таныстыруға, тәжірибе алмасуға және технологиялық бастамаларды дамытуға мүмкіндік беретін алаңға айналды. Мұндай байқауларды өткізу студенттерге алған білімдерін тәжірибеде қолдануға, AI құзыреттерін дамытуға және одан әрі жетілдіріп, іске асыруға әлеуеті бар шешімдерді ұсынуға мүмкіндік береді.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий