Білімге бастар жол

Адамның балалық шағынан бергі өмір жолындағы кезіккен мекендер жай ғана ғимарат болып қалмай, жылы әрі бағалы естелікке айналады. Кейбір мектептер аттестат беретін орын ғана емес, адамның ойлау жүйесін қалыптастыратын, мінезін шыңдайтын, арманын биіктететін рухани ұстахана болады. Мен үшін сондай қасиетті шаңырақтың бірі – Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты».

Мен осы лицей-интернатта білім алдым. Барлық осы кезге дейінгі алған білімім, соның ішінде сол лицей қабырғасында қаланған білімге деген іргетасым, ұстаздарымның талабы, ортадағы ізденіс рухы мені кейін үлкен ғылым жолына алып келді. Себебі үлкен ғылымға апарар жол бір күнде басталмайды. Ол ең әуелі партада дұрыс қойылған сұрақтан, күрделі есепті түсінуге деген табандылықтан, мұғалімнің «сенің қолыңнан келеді» деген сенімінен басталады.

Лицей деген сөздің өзінде бір биіктік бар. Бірақ бұл оқу орнының ерекшелігі тек атауында емес. Оның басты құндылығы – ауылдан шыққан, қарапайым отбасынан келген, бірақ көкірегінде үлкен арман, көзінде білімге деген оты бар балаларға мүмкіндік беруінде. Қаладағы қолайлы ортадан алыс, шалғай ауылдарда жүрген қаншама дарынды бала өз қабілетін толық аша алмай қалуы мүмкін еді. Осындайда лицей-интернат сол балаларға ашылған үлкен «есік» болды.

Сол лицей-интернаттың алғашқы негізін қалаушысы Жәдігер Есімханұлы Қазыкенов 1991 жылы Өскемен қаласында заманауи сипаттағы облыстық политехникалық қазақ лицей-интернатын ашып, оған өңіріміздің әр түкпірінен 7-сыныптан бастап білімге құштар, қабілетті балалар қабылданды.

Бұл – жай ғана мектеп ашу емес, тұтас бір ұрпаққа жол ашу болды. Ол жылдар тәуелсіздіктің алғашқы кезеңі, Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да, білім жүйесі де жаңа бағыт іздеп тұрған шақта ауыл баласына сапалы білім беруді мақсат еткен лицейдің құрылуы – нағыз көрегендік. Әсіресе математика мен физика сияқты терең ойлауды, логиканы, дәлдікті талап ететін пәндерді күшейтіп оқыту – сол кездегі білім беру кеңістігі үшін батыл әрі қажетті қадам болды. Себебі математика баланы есеп шығаруға ғана үйретпейді, ол жүйелі ойлауға, себеп пен салдарды ажыратуға, дәлелдеуге, күмәндануға, қайта ізденуге баулиды. Ал физика болса, табиғат заңдылықтарын танытып қана қоймай, әлемге ғылыми көзқараспен қарауды үйретеді.

Жәдігер Есімханұлының есімі осы лицейдің тарихымен тығыз байланысты. Мен ол кісі директор болып тұрған шағында лицей қабырғасында оқымасам да, білім ордасының бүгінгі тынысынан, ұстаздар еңбегінен, лицейдің қалыптасқан дәстүрінен ол кісінің салған жолын анық сезінуге болатыны көрдім. Кейбір басшылардың еңбегі қызметінен кеткен соң көмескілене түсетіні белгілі. Ал кейбір тұлғалардың еңбегі жүйеге айналып, өзі жоқта да өмір сүре береді. Жәдігер Есімханұлының ең үлкен еңбегі де осында: ол бір кезеңдік басқару үлгісін ғана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын білім мәдениетін қалыптастырды.

Жәдігер Есімханұлын білім беру саласына жаңашылдық пен адамгершілікті қатар алып келген тұлға ретінде, басқару стилін «жүрекпен жетелеу», «сеніммен шабыттандыру» үлгісі болып, ұстаздарға рухани тірек болып, ұжымда сыйластық пен бірлікті қалыптастырушы тұлға ретінде білемін. Осындай ұстаздардың болуы кез келген білім ордасы үшін аса маңызды құндылық. Өйткені білім сапасы тек бағдарламаға, оқулыққа, кабинет пен оның жабдығына ғана байланысты емес, ол ең алдымен сол мекемедегі ішкі атмосфера, оқытушы ұстаздардың сеніміне және оқушының еркін ойлауына мүмкіндік беретін ортаға байланысты.

Сонымен қатар, Жәдігер Есімханұлы туралы өмірбаяндық деректерде оның демократиялық ұстанымы, талапшылдығы, адалдығы, ұжым мен оқушы үшін әлеуметтік тұрғыдан қорғалған орта құруға ұмтылғаны, оқу-тәрбие үрдісін шығармашылықпен ұйымдастырғаны атап көрсетіледі. Сондай-ақ оның Қазақстандағы лицейлер мен гимназияларды дамыту, дарынды балалармен жұмыс жүргізу, республикалық олимпиада жеңімпаздарын жоғары оқу орындарына қабылдау тетіктері сияқты мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлегені жазылған. Мұндай деректер оның бір ғана мектептің директоры емес, жалпы білім жүйесінің дамуына ой қосқан педагог-реформатор болғанын көрсетеді.

Лицей-интернаттың тағы бір айрықша қыры – оның жаратылыстану-математика бағытындағы берік негізі. Қазіргі таңда оқытушылары жаңа технологияларды пайдалана отырып, оқушылардың білімге деген құштарлығын, шығармашылық қабілетін және сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстарын жалғастыруда. Бұл – лицейдің тек дайын білім берумен шектелмей, оқушыны ізденуге, ғылыми ойлауға, өз бетінше шешім қабылдауға бағыттайтынын көрсетеді. Лицейіміздің іргетасын қалаушы Жәдігер ағамыздың да бағыты осы болғаны анық.

Мектептегі білімнің маңызы туралы жиі айтамыз, бірақ оның шын салмағын есейгенде ғана терең түсінеміз. Бала кезде алған білім адамның бүкіл өмір жолына іргетас болады. Іргетас мықты болса, үстіне қандай биік ғимарат салсаң да көтереді. Ал іргетас әлсіз болса, ең әдемі арманның өзі шайқалып тұрады. Мектеп – адамның өзін-өзі танитын алғашқы кеңістігі. Оқушы сол жерде өзінің қабілетін байқайды, қиындықпен күресуді үйренеді, жеңілістен сабақ алады, жеңіске ұмтылады. Мектеп – білім ғана емес, мінез мектебі.

Дарынды балаларға арналған лицей-интернаттың құндылығы осында: ол ауыл баласының бойындағы мүмкіндікті көре білді. Ауылдан келген бала қала баласынан кем емес. Кейде оның мүмкіндігі тек ашылмай жатады, себебі оған орта, бағыт, жүйелі қолдау жетіспейді. Лицей-интернат осындай балаларға орта берді. Бір бөлмеде әр ауданнан келген балалар бірге оқып, бірге дайындалып, бірге армандадық. Бір-бірімізбен бәсекелесіп, бір-бірімізден үйреніп, бірі-бірімізді алға сүйредік. Осындай ортада бала өз деңгейін ғана емес, өз мүмкіндігінің шекарасын да кеңейтеді.

Менің де техникалық физика саласына келуім де кездейсоқ емес. Физика – әлемнің тілін түсінуге ұмтылу, ал сол тілді меңгерудің әліппесі мектеп қабырғасында басталды. Егер мектепте математикадан мықты негіз болмаса, физиканың терең қабаттарына ену қиын. Егер физика сабағында құбылыстың мәнін түсінуге үйретпесе, кейін ғылыми зерттеуге бару оңай емес. Лицейде алған білім маған тек формула жаттатпады, ойлауды үйретті. Тек есеп шығаруды емес, мәселенің түпкі себебін іздеуді үйретті. Тек жауап табуды емес, дұрыс сұрақ қоя білуді үйретті. Ал ғылымда ең қымбат қабілеттің бірі – дәл осы дұрыс сұрақ қоя білу.

Жәдігер Есімханұлы негізін қалаған жүйенің өміршеңдігі бүгін де байқалады. Лицейдің жыл сайынғы жалындаған түлектері білім жолындағы жаңа белестерді бағындыруға аттанулары, үзілмей келе жатқан білім дәстүрінің белгісі. Әрбір түлектер легі – неше мәрте жаңарған үміт, неше мәрте қанат қаққан арман және елге қызмет етуге аттанған жас буын.

Әр лицейсттің жүрегінде өзінің мектебі туралы бөлек естелік болады. Бірі сүйікті мұғалімін еске алады, бірі алғашқы олимпиадасын, бірі интернаттағы достықты, бірі таң атқанша дайындалған күндерін ұмытпайды. Мен үшін бұл лицей – білімге деген көзқарасымды қалыптастырған орта. Сол ортада мен еңбектің қадірін түсіндім. Терең білімнің бір күндік дайындықпен келмейтінін ұқтым. Талап пен тәртіптің, жүйелі ізденістің, ұстазға құрмет пен өз-өзіңе сенімнің қаншалықты маңызды екенін сезіндім.

Бүгінгі таңда мен PhD доктор ретінде өз саламда зерттеу жүргізіп, күрделі мәселелерімен айналысқанда, ойымның бір шетінде сол лицей қабырғасында қалыптасқан дағды тұрады. Күрделі тақырыпқа қорықпай бару, мәселені бөлшектеп талдау, дәлел іздеу, нәтижеге табандылықпен жету – бұлардың бәрі мектептен басталған қасиеттер. Сондықтан өз жетістігімді айтқанда, мен оны тек жеке өмір жолым деп емес, лицей берген білімнің, ұстаздар еңбегінің, Жәдігер Есімханұлы қалыптастырған жүйенің жалғасы деп қабылдаймын.

Ұстаздың еңбегі көбіне көзге бірден көрінбейді. Ол бағбандардың еңбегіне ұқсайды. Бүгін дән себеді, ертең суарады, арғы күні күтеді, ал жемісі жылдар өткен соң ғана көрінеді. Жәдігер Есімханұлының еңбегі де сондай. Ол кісі ашқан жолдың жемісін бүгін әр салада жүрген түлектерден көруге болады. Бірі дәрігер, бірі инженер, бірі педагог, бірі ғалым, бірі мемлекеттік қызметкер, бірі кәсіпкер. Бірақ бәрінің бойында ортақ бір қасиет бар: олар сапалы білімнің адам тағдырын өзгерте алатынын өз өмірімен дәлелдеп жүр.

Қоғамның дамуы білімді ұрпақтан басталады. Елдің болашағы табиғи байлықпен ғана емес, адам капиталымен өлшенеді. Ал адам капиталының ең алғашқы әрі ең маңызды бөлігі – мектептегі білім. Егер әрбір балаға дер кезінде мүмкіндік берілсе, ол ертең үлкен ғалым, мықты инженер, білікті маман, елге қызмет ететін азамат болып қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, облыстық дарынды балаларға арналған лицей-интернаттың тарихи миссиясы өте үлкен. Ол тек оқушы оқытқан жоқ, ол әрбір баланың тағдырына жаңа бағыт берді.

Сондықтан бұл лицей туралы жазу – бір мектеп, бір мекеме туралы ғана жазу емес. Бұл – білімнің адам өміріндегі орны туралы, ұстаз еңбегінің мәңгілігі туралы, ауыл баласының арманы туралы жазу. Бұл – Жәдігер Есімханұлы салып кеткен жолдың бүгін де жалғасып жатқанын айту. Ол кісі директор болған кезеңде оқымасам да, сол кісінің құрған жүйесінің шапағатын көрген ұрпақтың бірімін. Жүйе дегеніміз – қабырғадағы ереже емес, адамдардың жүрегінде сақталған құндылық. Егер сол құндылық оқушыны алға жетелесе, ұстазды ізденіске шақырса, мектепті биік мақсатқа бағыттаса, онда ол жүйе тірі деген сөз.

Мен үшін лицей – өткен шақтағы естелік емес, бүгінгі болмысымның бір бөлігі. Сондықтан мен лицей қабырғасында алған білімімді өмірімнің ең қымбат рухани капиталы деп білемін. Ал Жәдігер Есімханұлы Қазыкеновтің есімі осы білім ордасының тарихында ғана емес, сол мектептен түлеп ұшқан әр шәкірттің жүрегінде сақталуға лайық.

Білім алу – адам баласына берілетін ең үлкен мүмкіндік. Ал сол мүмкіндікті дер кезінде танып, мендей қарапайым ауыл баласына жол ашқан білім ордасы – ұлттың болашағына қызмет ететін ыстық мекен. Оның қабырғасында қаланған білім негізі талай түлекті биікке жетеледі, әлі де жетелей береді. Өйткені шын білімнің жарығы сөнбейтініне кәміл сенемін.

Еркежан Еркінбекқызы ТАБИЕВА,
Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ «VERITAS»
артықшылық орталығының жетеші
ғылыми қызметкері, PhD докторы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий