Құқықтық сауаттылықты арттырған зияткерлік сайыс
Ертіс ауданындағы Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте «Заң мен тәртіп» құндылығын дәріптеуге бағытталған «ЗАҢ +» зияткерлік ойыны өтті. Танымдық сайысқа 8–11 сынып оқушылары қатысып, құқықтық білімдерін сынады.
Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, заңды құрметтеуге, өз құқықтары мен міндеттерін білуге тәрбиелеу. Сонымен қатар ойын барысында оқушылардың логикалық ойлау, жылдам шешім қабылдау және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға басымдық берілді.
Зияткерлік сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Оқушылар «Білім – заң негізі», «Құқық пен міндет», «Заңды білесің бе?», «Логикалық тергеу», «Мақалды жалғастыр», «Капитандар сайысы» және «Заң + креатив» кезеңдерінде бақ сынады.
Әр кезеңде қатысушылар заң саласына қатысты білімдерін көрсетіп қана қоймай, түрлі жағдаяттарды талдап, өз шешімдерін ұсынды. Әсіресе өмірлік жағдайларды талдау барысында оқушылар құқық пен міндеттің өзара байланысын түсіндіріп, даулы мәселелерді бейбіт әрі әділ жолмен шешудің маңызын талқылады.
Мектеп басшысы Айнагүл Ашенованың айтуынша, құқықтық сауаттылық – жасөспірімнің қауіпсіз әрі жауапты азамат болып қалыптасуының маңызды негіздерінің бірі.
«Заңды білу – өз құқығыңды білумен қатар, өз әрекетің үшін жауапкершілікті түсіну. Мұндай іс-шаралар оқушыларға құқықтық білімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді», – деді мектеп басшысы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай танымдық әрі интерактивті форматтағы кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауына және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын күнделікті өмірде ұстануына ықпал етеді.
Загрузка...
