Өзгеше болудан қорықпайтын ұстаз

Павлодар облысы Железин ауданының Еңбекші ауылында еңбек ететін орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Булекбаева Махаббат Аубакировна  педагогикалық қызметте жаңашылдық пен шығармашылықты ұштастырып келеді. Сегіз жылдық тәжірибесі бар ұстаз білім берумен қатар, авторлық курстар әзірлеп, педагогтерге тәжірибелік оқулар өткізіп, заманауи цифрлық құралдарды тиімді пайдалануға көңіл бөледі.

Махаббат Аубакировна  сабақ барысында дәстүрлі тәсілдермен шектелмей, жасанды интеллект мүмкіндіктерін, интерактивті тапсырмаларды, танымдық бейнематериалдар мен авторлық көрнекіліктерді қолданады. Әсіресе оқушылардың жобалық жұмыстарына басымдық беріп, олардың өз идеяларын жүзеге асырып, жаңа өнім әзірлеуіне мүмкіндік береді.

Ұстаз жинақтаған тәжірибесін әріптестерімен де бөлісіп келеді. Ол жасанды интеллект көмегімен заманауи ашық сабақ әзірлеуге арналған авторлық курстың авторы. Сонымен қатар педагогтерге арналған практикалық оқулар, шеберлік сағаттары мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырып, білім беру үдерісінде жаңа технологияларды тиімді қолданудың жолдарын көрсетеді.

Махаббат Аубакировна  педагогтердің шығармашылық әлеуетін дамытуға да ерекше мән береді. Арт-терапия сабақтары, командалық іс-шаралар мен түрлі шығармашылық кездесулер арқылы әріптестерінің кәсіби ғана емес, тұлғалық тұрғыдан дамуына ықпал етіп келеді.

Педагогтің қызығушылығы білім беру саласымен ғана шектелмейді. Ол мобилографиямен айналысып, бейне түсіру, монтаждау және заманауи контент жасауды меңгерген. Әлеуметтік желідегі блогында мектеп өмірі, оқушылармен жұмыс, сабақтар, іс-шаралар, педагогикалық идеялар мен шығармашылық жобаларын бөліседі.

Махаббат Аубакировнаның ерекше жобаларының бірі – аниматор-аюлар. Үлкен аю кейіпкерлері мерекелік шаралар мен құттықтаулардың ажырамас бөлігіне айналып, балалар мен ересектерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап жүр.

Ұстаздың қызметіндегі бағыттар сан алуан болғанымен, олардың барлығын бір мақсат біріктіреді – үнемі іздену, жаңалыққа ашық болу және өзгеше идеяларды жүзеге асыру. Махаббат Аубакировна  үшін ұстаздық – тек білім беріп қана қою емес, өзің де үйрену, жаңалық жасау және өзгелерге шабыт беру.

«Ұстаз болу — өзгеге білім берумен ғана шектелмей, өзің де үнемі үйрену, жаңалық жасау, шабыттандыру және заманмен бірге қадам басу», – дейді педагог.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий