Жүрегі жылы, ісі үлгілі ұстаз – Индира Махмұдқызы
Ұстаздық – тек мамандық емес, ол – адам жанының инженері болу, жас шыбықты мәуелі бәйтерекке айналдыру. Осындай қасиетті де жауапты миссияны абыроймен атқарып жүрген, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Елтай ауылдық округіне қарасты Көкөзек жайлы мектебінің мақтанышы, білікті маман – Сарыбаева Индира Махмұдқызы.
Қазан айының басында келетін айтулы мереке – Ұстаздар күні қарсаңында мен өз баламның сынып жетекшісі, жүрегі мейірімге толы осынау ардақты жан туралы мақтанышпен, ерекше ілтипатпен тілге тиек еткім келеді. Индира Махмұдқызының бала оқытудағы және тәрбиелеудегі ерекше қолтаңбасы мен кәсіби біліктілігі бүгінде көпке үлгі.
Әсіресе, оның бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс істеудегі ерекше оқыту әдістемесі мен тәртіпке, тәрбиеге деген талапшылдығы бізді, ата-аналарды, әрдайым тәнті етеді. Ол әр сабақты қызықты әрі мазмұнды өткізе отырып, баланың білімге деген құштарлығын оята білді.
Индира Махмұдқызы – шәкірттерін тек біліммен сусындатып қана қоймай, олардың жан-жақты болып өсуіне баса назар аударатын тәлімгер. Оның жетекшілік ететін сыныбы 4-сынып болса да, бүгінге дейін бағындырған асулары мен жетістіктері көп. Ұстаздың ерекше оқыту әдісінің арқасында оқушылары түрлі зияткерлік олимпиадаларда, білім сайыстарында және спорттық жарыстарда әрдайым алдыңғы шептен көрініп, үздік нәтижелер көрсетіп келеді.
Сыныптың әрбір баласының бойындағы талантты уақытылы байқап, оны шыңдай білу – Индира Махмұдқызының нағыз мықты маман екендігінің дәлелі. Баламның мектепке үлкен қуанышпен барып, білімге де, спортқа да құштар болып өсуі – тікелей осы кісінің еңбегі. Ұстаздың ең басты қасиеттерінің бірі бала тілін таба білуі деп ойлаймын.
Ол кішкентай бүлдіршіндердің психологиясын терең түсінеді. Әр баланың бойындағы ерекшелікті дөп басып танып, оның жан-дүниесіне жол таба алады. Соның арқасында оқушылар ұстаздарын құрметтеп қана қоймай, оны жақсы көреді, сабаққа үлкен ынтамен қатысады. Индира Махмұдқызының тағы бір ерекшелігі – ата-аналармен тығыз және жылы қарым-қатынас орната білуі.
Баланы тәрбиелеуде мектеп пен отбасы арасындағы алтын көпір бола білген ұстаз әрқашан біздің пікірімізді тыңдап, ортақ тіл табысады. Кез келген уақытта баланың жағдайын сұрап, бағыт-бағдар беріп отрады. Осындай ашық әрі сыйластыққа толы қарым-қатынастың арқасында сыныбымызда өте жайлы, берекелі атмосфера қалыптасқан.
«Ұстазы жақсының — ұстанымы жақсы» дейді дана халқымыз. Тәртіп пен тәрбиені, терең білімді қатар ұштастыра білген Индира Махмұдқызы – бүгінгі күннің нағыз заманауи, мықты маманы. Рахмет, Сізге ұстаз.
Еңлік АҚЖІГІТ, ата-ана
Загрузка...

