Қазақстанның оқушылары Грекияда ағылшын тілінің олимпиадасында I және II орындарды ұтып алды
Отандық оқушылар Ағылшын тілінің KGL Contest-2026 халықаралық олимпиадасын биыл да бағындырды. 2-3 қазанда Грекияда әлемнің 39 елінен оқушылар қатысқан финалда I-орынды, A1 деңгейінде Жиенғали Ерасыл – Қаскелең қ. (Алматы облысы) «Немере» жекеменшік білім беру мектебінің оқушысы және II-орынды, A2 деңгейінде Астана қ. НЗМ оқушысы Талғат Адель қанжығасына байлады.
Білім сайысының қорытынды кезеңіне елімізден жалпы саны төрт финалист қатысты. Екі жүлделі орынмен қатар қалған екі оқушымыз – Пятков Семен, B2 деңгейі, Өскемен қ. «№10 мектеп-гимназиясы» КММ оқушысы және Мырзахмет Алхан, В1 деңгейі, Семей қ. Экономика лицейінің оқушысы үздік нәтиже көрсеткені үшін мақтау алды.
Жүлделі орын иегерлерін қаржылай марапат күтіп тұр: I-орынды ұтқан оқушыға, A1 деңгейіне – 500$ және II-орынға, A2 деңгейіне – 300$. Балалар тест нәтижесіне қуанумен қатар, пайдалы түйін жасап үлгерді.
⁃ «Бұл жеңіс маған бір нәрсені түсіндірді: өзіңе сеніп, соңына дейін әрекет етсең, еңбегің міндетті түрде нәтижесін береді. Мен үшін бұл — жай ғана орын емес, үлкен тәжірибе және өзіме деген сенімнің артқаны», – деп атап өтті A1 деңгейіндегі I-орын иегері Жиенғали Ерасыл.
⁃ «Негізі, тапсырмалардың өзі аса қиын болған жоқ, ең қиыны – барлық сұраққа жауап беріп үлгеру үшін уақытты дұрыс пайдалану. Мен үшін ең маңыздысы жеңу емес, өзімнің қуанышты және өз жұмысымның нәтижесіне риза болуым», – деді сезімімен бөліскен Талғат Адель, A2 деңгейі бойынша II-орын жеңімпазы.
Қазақстан Республикасындағы KGL Contest олимпиадасының ресми ұлттық үйлестірушісі әрі ұйымдастырушысы – EDU Stream халықаралық тіл академиясы. Солоники қаласында (Грекия) өткен білім сайысының халықаралық финалына отандық оқушылар қатысу үшін, олардың ұстаздарымен баруына жол шығынын EDU Stream компаниясы өз мойнына алды. Қатысушылардың шет елдегі қонақ үйін KGL Contest-тің британдық кеңсесі ұйымдастырды.
⁃ «Талантты оқушыларды, ұстаздарды және білімді дамыту бастамаларын қолдау, EDU Stream қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Дүние жүзінде беделді KGL Contest-2026 олимпиадасында жеңіске жеттік деп тоқтап қалмаймыз, неге десеңіз – білім сайысының нәтижесі бойынша бізге финалға қатысқандардың жұмыс сараптамасын жібереді: ол деректе тест тапсырғандардың білімі мен қабілеті толық көрсетіледі. Осы орайда еліміздің мектептеріне шет тілінің оқулығын әзірлеуші ретінде біз сол деректерді жұмысқа қолданамыз», – деп сөзін түйіндеді EDU Stream компаниялар тобының Бас директоры Наталья Мұхамеджанова.
Қазақстан Мектепке арналған KGL Contest ағылшын тілінің олимпиадасында небары екінші рет сайысқа түскенін атап өткен жөн. Алғаш рет 2025-жылы қатысқанымызда Алматының оқушысы Дария Насимуллина B2 деңгейі бойынша I-орынды ұтып алған. Аталған олимпиаданы елімізде өткізу бастамасын қолға алған EDU Stream компаниясы үшін, бұл жай ғана жарыс емес — бұл оқушылардың білімге деген құштарлығын қолдау және олардың ұстаздарының жетістігін атап өту мүмкіндігі, сондай-ақ ары қарай дамуға және халықаралық серіктестікке жағдай жасау.
KGL Contest басты мақсаты — талантты әрі шабыттанған оқушыларды анықтау, ағылшын тілін оқуға деген қызығушылығын арттыру, тіл және коммуникация қабілеттерін дамыту, һәм одан ары академиялық тұрғыда өсу мен оқушылардың дүние жүзі балаларымен қарым-қатынас құру мүмкіндігіне жол ашу.
Загрузка...

