Студенттер жасанды интеллектіні пайдаланудан оны жасауға көшті
Елордада өткен аптаның жұма және сенбі күндері ұйымдастырылған Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің үшінші отырысы мен AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы қатысып, сөз сөйлеген болатын. Еуразиядағы беделді және танымал технология алаңына айналған бұл ауқымды іс-шараға жүзден астам елден жиырма мыңға жуық осы саланың мықты мамандары мен кәсіби сарапшылар шақырылған екен.
Astana IТ University-дегі арнайы көрмеге жиналғандар осы форумның шеңберіндегі AI-SANA бағдарламасы аясында жиырма отандық жоғары оқу орындарының студенттері тарапынан әзірленген жасанды интеллект саласындағы үздік жобаларды тамашалады. Бұл бірегей басқосудың ашылуына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Президенті жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі, профессор ғалым Пол Ким, Astana IТ University-дің ректоры Альтаир Ахметов, Intelligence Capital серіктесі әрі Mariton Partners компаниясының негізін қалаушы серіктесі Ни Ли, «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев жасанды интеллектіні дамыту, технологиялық жобаларды ілгерілету және инвестиция тарту бағыттары бойынша пікір алмасты.
AI-Sana бағдарламасы – осыдан екі жыл бұрын студенттердің жасанды интеллект саласындағы дағдыларын дамытуға арналған батыл бастама ретінде іске асырыла бастағаны баршамызға белгілі. Бейіндік ведомствоның баспасөз қызметі ұсынған ресми ақпаратқа жүгінсек, жаңашыл жобаның алғашқы кезегінде жеті жүз мың студент жасанды интеллект негіздері бойынша арнайы сертификатты иеленсе, келесі кезеңге қатысқан жиырма өңіріндегі бір жүз алты жоғары оқу орнының білімгерлері мен бір мың бес жүзден астам куратор ақпараттық технологияға негізделген кәсіпкерлік бағытындағы біліктіліктерін жетілдіру нәтижесінде 22 мыңнан астам жобалық идеяны әзірлепті.
Министр осы тақырыптық көрмеге қатысушылар мен танысушылар алдында сөйлеген сөзінде жасанды интеллект дәуірінің жылдам қарқынмен барлық салада жан-жақты дамуына орай мемлекеттік деңгейде бекітілген AI-Sana бағдарламасының ел Президенті қойған Қазақстанды цифрлық елге айналдыру және дайын технологияны тұтынушы ғана емес, заманауи үлгідегі жетілдірілген жаңа нұсқасын жедел жасай алатын және нақты да дұрыс шешімдер қабылдауға қабілетті әрі бәсекелестерінің тәжірибесінен үйренуге ынталы жаңа буын қалыптастырудың күрделі міндетін іске асырудағы жүйелі жұмыстардың мәні мен маңызына тоқталды.
– Осы орайда ең маңыздысы – жастардың жасанды интеллект саласындағы білімін нақты дағдыға айналдыру. Демек барлық мүмкіндіктердің түп төркіні тәуелсіз еліміздің адами және зияткерлік капиталына салынған ұзақ мерзімді инвестицияның қайтарымына негізделген. Бұл көрмеде жасанды интеллект агенттері аталатын жүйелерді тереңірек әзірлеуге үйренген озық ойлы озаттардың тың туындылары қойылған. Олар ауыл шаруашылығынан бастап білім беру, денсаулық сақтау және өнеркәсіп салаларына дейінгі кең ауқымды қамтиды. Алдағы үшінші және төртінші сатыда мақсатты қор құрып, әрбір студент, жекелеген университет, мүдделі топтардың жаңа жобаларын қаржыландырудың тиімді тәсілдері ұтымды үйлестірілмек, – деді саланың жетекшісі.
– Бұл бағдарламаның ұстанымы адамдарды дайын жасанды интеллект сервистерін пайдалануға ғана үйрету емес екенін ұмытпаған жөн. Рас, қалың көпшілік жасанды интеллектіні кәдімгі Google іздеу жүйесі сияқты немесе түрлі сұраныс жіберу үшін пайдаланады. Ал алгоритмдердің қалай жұмыс істейтінін терең түсіну, ең бастысы – нақты әрі арнайы міндеттерді шешуге арналған өз алгоритмдеріңді үйрету – міне, нағыз қосылған құн осы. Жобалардың басым бөлігі білім саласында жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі кезде сапаны арттыруға, оқу үдерісін жекелендіруге, әкімшілік рәсімдерді автоматтандыруға бағытталған 188 әзірлемені кеңінен қолданудамыз.
Ең табысты жобалардың қатарында тәжірибеде қолданылып, жоғары сұранысқа ие шешімдер де бар. Соның бірі – Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген AI-Talapker жобасы. Бұл – ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарын тапсыру және жоғары оқу орындарына түсу мәселелері бойынша кеңес беретін AI-чат-бот. Бүгінде жүйе алпыс тоғыз мыңнан аса пайдаланушының өтінішін өңдеп, саланың кәсіби мамандарының иығына түсетін жүктемені айтарлықтай азайтып, талапкерлерге толыққанды және шынайы ақпарат беріп отыр. Қазіргі кезде бес жүз он бес ақпараттық технологияның отандық үлгісі егемен еліміздің экономикасындағы қарқынды күшейтетін басым бағыттарда тиісті сынақтардан өткізіліп, табыстың игілігіне айналған.
– Қазақстан жасанды интеллектіні пайдаланумен қоса жаңа жобалармен мазмұнына сай әлеуетін нығайтудағы көрсеткіштерімен дараланып келеді. Халықаралық деңгейдегі сарапшылар батыл қадамдарды қолдаумен бірге дамыту үдерісіне белсене қатысуға ерекше қызығушылықтар танытуда. Бұл – трансформациялық өзгерістер үшін зор негіз болып саналады. Сіздер үшін енді, міне, мол мүмкіндіктердің күрделі де қызықты кезеңі басталды. AI-Sana жобасы осы инновациялардың басты қозғаушы күшіне айналмақ, – деді ҚР Президенті жанындағы Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі, профессор ғалым Пол Ким.
– Біз жастардың жасанды интеллект арқылы тәжірибе жасап, нақты міндеттерді шешу барысында осы салаға негізделген кәсіпкерлікке қадам басқанын қалаймыз. Орта және шағын бизнес жасау жолындағы ой еркіндігі ерте жастан қалыптасуы тиіс. Көзқарасы қалыптасқан, пайымды пікірі бар жаңашыл және жігерлі жастар таңдаған мамандығы бойынша жоғары білім алу үшін белгілі бір университетке оқуға келгенде жаңа шешімдер ұсынып, жобалар ойлап табады және нәтижелі еңбегін жүйелі іске қосады. Осындай экожүйе тәуелсіз республикаларыңызды мүлдем жаңа деңгейге биіктететіндігіне сенемін.
– Болашақтағы білім сапасы қолданылатын технологиялардың санымен емес, олардың оқу процесіне қаншалықты тиімді енгізілгенімен анықталады. Бұл ретте технология қанша дамыса да, білім беру жүйесінің басты назарында адам қалуы керек. Біз барлық студентті бірдей бағдарлама бойынша оқытудан біртіндеп бас тартқымыз келеді. Әр студенттің мүмкіндігі, қажеттілігі мен мақсаты ескерілуі керек. Жасанды интеллект осыған көмектесетін нақты құралға айналады, – деді Astana IТ University-дің ректоры Альтаир Ахметов.
– Бұл өзгерістерді белгілі бір әлеуеті мықты университеттің барлық күші мен жігерін жұмылдырса да жалғыз жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан жоғары оқу орындары, мемлекеттік құрылымдар, саланың сарапшы мамандарына қоса жұмыс берушілер және білім сапасын қамтамасыз ететін ұйымдар арасында тұрақты кәсіби байланысты осы бағытта кеңейтумен қатар күшейткен дұрыс. Жасанды интеллект орта білімнен бастап, таңдаған мамандықтарға оқыту барысында, ғылыми зерттеулерге ұласқан ізденістерден оқу орнын басқаруға дейінгі барлық сатыға өрлеп барады.
«AI-Sana» ұлттық жобасы жүзден астам ұлттық университетті біріктірген жоғары білім беруді мемлекеттік тұрғыдан тасымалдаудың үлгісі ретінде Coursera есебіне ресми түрде енгізілгенін айрықша атап айтқанымыз абзал. – Банк секторындағы цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесі уақыт ұзаған сай артып келеді. Отандық қаржы ұйымдарының цифрлық шешімдерді енгізуі және бизнестің мемлекеттік платформалармен өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін тиімді тетіктерді пайдаланумен қатар ұдайы жетілдірудің қажеттілігі даусыз, – деді «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нариман Мұқышев.
Digital Bridge жас мамандарды ортақ мақсатта біріктіру арқылы олардың технологиялық жобаларын дамытуға, халықаралық тәжірибе алмасуға және отанымыздың цифрлық әлеуетін арттыруға бағытталған алаң ретінде қалыптасып келеді. Digital Qazaqstan – 2029 жылға дейінгі жалпыұлттық цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу стратегиясы. Құжат азаматтар мен бизнеске көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, мемлекеттік басқаруды оңтайландыруға және экономиканың өнімділігін көтеруге бағытталған.
Осы стратегияның аясында мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын көрсету уақытын кемінде елу пайызға қысқарту, ақпараттық технология қызметтері мен цифрлық шешімдер экспортын екі есе арттыру, адал бизнеске жүргізілетін тексерулер санын екі есе азайту көзделген. Сонымен қатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың кемінде алпыс пайызына цифрлық егіздер енгізу жоспарланған. Халықаралық форум аясындағы көрме барысында Alpha Intelligence Capital мен Astana IT University және QazInnovations пен Platonus арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл ресми құжаттар жасанды интеллект саласындағы жобаларды дамытуға, білім беру мен технологиялық кәсіпкерлікті ұштастыруға және перспективалы әзірлемелерді қолдауға бағытталған.
Тың тақырыптағы кезекті бірегей бағдарламаның аясында әзірленген үздік жобалар ұсынылды. Олардың қатарында құрылыс саласына арналған Prime360.AI аналитикалық платформасы, Unitree G1 гуманоидты роботын бағдарламалауға арналған Future Lab платформасы мен жасанды интеллект симуляторы, Орталық Азиядағы экологиялық мониторингке бағытталған AgroMindKZ платформасы және Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен ұлттық мұрасын заманауи ойын технологиялары арқылы таныстыратын SARDAR жобасы және тағы басқа осы сынды үздік әзірлемелер жиналғандардың жанарын жаулады.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...










