«Үздік жасыл мектеп» байқауы қорытындыланды
Алатау ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында қала күніне орай «Үздік жасыл мектеп» байқауы мәресіне жетіп, қорытынды кезеңінде анықталған үздік білім беру ұйымдарын биылғы жеңімпаздар мен жүлдегерлер ретінде салтанатты марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту мақсатындағы 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының аясындағы бұл ауқымды жобаның негізгі мақсаты – жергілікті мектептерде жүзеге асырылып жатқан заманауи «жасыл» бастамаларға басымдық беруге бағытталған.
Алматы қаласы білім басқармасының баспасөз қызметі жариялаған ресми ақпаратқа сүйенсек, миллиондар мекеніндегі білім беру ұйымдарының аумағын абаттандыру мен көгалдандыру, жылыжайлар мен экологиялық хабтардың жұмысы, қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және оқушылардың өз бастамасымен жүзеге асырылып жатқан экологиялық жобалар басты назарда болған. Екі кезеңді құраған бұл байқаудың (аудандық кезең тамыз айының 28-і мен қыркүйектің бесі аралығында) қыркүйек айының 8-16 күндері аралығындағы қалалық кезеңде көш бастаған он төрт орта білім беру ұйымы бақ сынағанын білдік.
Марапаттау сәтінде қалалық білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев жиналған қауымның алдында құттықтау сөз сөйлеп, аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен қалалық кезеңге қатысушыларға белсенді атсалысқаны үшін арнайы сертификаттар табыстады. Байқау қорытындысы бойынша дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болғандар: бірінші дәрежелі диплом – Бостандық ауданындағы №199 мамандандырылған гимназия; екінші дәрежелі диплом – Жетісу ауданындағы №177 мектеп-гимназия; үшінші дәрежелі диплом – Алмалы ауданындағы №15 гимназия және Алатау ауданындағы №201 мектеп-гимназия.
Байқаудың жекелеген бағыттары бойынша үздік нәтиже көрсеткен мектептер арнайы аталымдармен марапатталды: «Үздік жасыл аумақ» – Әуезов ауданындағы №202 мектеп-гимназия; «Үздік инновациялық жоба» – Түрксіб ауданындағы №211 мектеп-гимназия; «Үздік экологиялық тәрбие жұмысы» – Наурызбай ауданындағы №187 жалпы білім беретін мектеп. Байқауды ұйымдастырушылардың мәлімдеуі бойынша, биылғы бәсекеге қатысушылар ұсынған үздік «жасыл» тәжірибелер қаладағы білім беру ұйымдарында тиімді пайдалану үшін кеңінен енгізілетіндігі белгілі болады.
«Үздік жасыл мектеп» байқауында жеңімпаз атанған №199 мамандандырылған гимназияға білікті басшы Сандуғаш Нышанова жетекшілік жасайды. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар соңғы бірнеше жылдан бері жоспарлы жүргізіліп келеді екен. Бұл білім шаңырағында қажетсіз қоқысты сұрыптап, қайта өңдеу, аумақты көгалдандырумен қатар қажетті ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық мәдениет те оқу бағдарламасына енгізілген көрінеді. Мектеп аумағында гүлдер мен ағаштар отырғызылып, қалдықтар бөлек жиналады.
Оқушылар да бұл шаруаға белсене қатысып, жиналған қоқыстарды өнер туындыларына айналдырып, қоршаған ортаның таза болуына үлес қосып жүр. Ағарту ошағында бірнеше пәнді біріктіріп оқыту әдісі қолданылатындықтан кескіндеме мен биология сабақтарында оқушылар алдымен өсімдіктің құрылысын зерттеп, кейін оны сурет арқылы бейнелеуге машықтана бастаған. Ал география керамикамен, химия көркем әйнек өңдеумен, қазақ, орыс тілдері композициямен байланыстырылады.
– Біздің мектептің салалық пән мұғалімдері қарым-қабілеті бар оқушыларға табиғи материалдармен жүйелі жұмыс істеу барысында нақты нәтижелерге қол жеткізудің қыры мен сырын үйретуді жолға қоя бастады деуге болады. Кез келген құрметті қонағымыздың назарына әрдайым түрлі төрт түліктің жүнінен дайындалған кәдімгі қарапайым қазақы киіздің негізінде әр алуан пішінде және ұлттық ою өрнектермен көркемделген әдемі паноларды ұсынамыз. Кейбір су айдындарында тамыр жаятын шөптесінді табиғи ши өсімдігін қолдану арқылы арнайы тоқылған заманауи үлгідегі тұрмыстық бұйымды балалар ортақ мақсатқа сай бірлесе жасап, дипломдық жетекшілерінің жан-жақты қолдауымен ізденістерін одан әрі жетілдіруде, – дейді осы ұйымшыл ұстаздар ұжымының директоры Сандуғаш Жорахановна.
– «Үздік жасыл мектеп» аталған жаңашыл жобаның биылғы жеңімпазы атанған біздің білім ордасы үшін бұл бағыттағы әрбір ізгілікті шараның мәні мен маңызы зор. Оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттыру, қоршаған ортаны қорғау саласындағы практикалық дағдыларын дамыту және өскелең ұрпақты экологиялық бастамаларды жүйелі жүзеге асыру күн тәртібінен түспейді. «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы және энергияны үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға, экологиялық таза мектеп инфрақұрылымын дамытуға бағытталған осы экологиялық-ағартушылық жобаға қосатын үлесімізді ұдайы толықтыру тұрақты назарға алынған.
Осыған орай оқушылардың бұл бағыттағы басқосуларға белсенді қатысуына ерекше көңіл бөлінді. Олар экологиялық білімдерін іс жүзінде қолдануға және қолайлы әрі жайлы қоршаған ортаны қалыптастыруға жеке үлестерін қосу үшін қолдарынан келген кез келген мүмкіндікті аянып қалмақ емес. «Жасыл мектеп» жобасына қатысу экологиялық жауапкершілігі жоғары ұрпақты қалыптастыруға ықпал етіп, таза әрі тұрақты табиғи ортаны құруға бағытталған жалпы қалалық бастамаларды барынша қолдайды. «Таза Қазақстан» экологиялық жобасын жүзеге асыру аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған жоспарлы жұмыстар жарасымды жалғасуда.
– Біз еліміздің болашағы әрқайсымыздың әрекетімізден басталады деп сенеміз. Табиғатты аялау, айналамызды таза ұстау, табиғаттың ресурстарын ұқыпты пайдалану және экологиялық бастамаларға белсенді қатысу – тәуелсіз мемлекетіміздің жарқын болашағына қосқан перзенттік үлесіміз. Әрбір игі істің жетістігі баршамызға ортақ. Барлығымыз бірге тек таза гимназияны емес, экологиялық мәдениеті жоғары отанымыздың ертеңін қалыптастырудамыз, – дейді №199 мамандандырылған гимназияның шығармашылығын шыңдаған шәкірттері.
– «Жасыл мектеп» – біздің білім шаңырағы үшін жай жоба емес, өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, табиғат пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейтін бірегей бастама. Қалалық байқауда қол жеткізген жоғары көрсеткіш – біздің ортақ жеңісіміз. Жуырда экологиялық білім беруді арттыру мақсатында пластик қалдықтарды қайта өңдеуге арналған «Eco Network» экохабына танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Бұл жүздесу шеңберінде қатысушылар пластик қақпақтарды жинау және сұрыптау үдерісімен, сондай-ақ қайта өңдеу арқылы алынатын өнімдермен танысқан болатын.
Алматылық ұл-қыздардың қайта өңделген материалдардан жасалған бұйымдарды ерекше қызығушылықпен тамашалағанын айрықша атап айтқанымыз абзал. Себебі бұл кезекті шара қалдықтарды сұрыптау, қоршаған ортаны қорғау және табиғатқа ұқыпты қарау туралы білімімізді кеңейтуге мүмкіндік берген еді. Нәтижесінде олар әрбір адамның табиғатты қорғауға қосқан үлесі зор маңызға саналатынын тағы бір мәрте түйсініп, таным көкжиегін кеңейтті. Шынында да әрқайсымыздың қолдан келер кішкентай қадамымыз – тұтас ғаламшарымыздың болашағы үшін үлкен іс екіндігі айдан анық.
– «Таза Қазақстан» – жай ғана тазалық науқаны емес, қоғамда жауапкершілік пен қоршаған ортаға жанашырлық мәдениетін қалыптастыратын бастама. Мемлекет басшысы ұсынған бұл батыл бастаманы тұрақты дәстүрге айналдыру үшін балабақша бүлдіршіндерінен бастап, аға буынға дейін барлық жастағы азаматтарды қамту маңызды, – деді еліміздің беделді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен сұхбаттасқан Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьева.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоғамда қарапайым әдеттерден бастап, елді мекендерді абаттандыруға және әр азаматтың жеке жауапкершілігіне дейінгі ортақ мәдениетті қалыптастыруды көздеді. Ендігі міндет – осы бағыттардың бәрін бір арнаға тоғыстырып, жүйелі түрде жүзеге асыру. Жаңашыл жобаны тек экологиялық тұрғыдан емес, философиялық әрі дүниетанымдық тұрғыдан да кеңінен қарастыруымыз қажет. Ерекше идеялар ұсынып, көрікті қалалар салуға, қоғамдық кеңістіктер мен орталықтар құруға болады. Алайда оларды мәдениетпен, мән-мағынамен, дұрыс әдеттермен және азаматтар мен мемлекеттік органдардың жауапкершілігімен ұштастырмасақ, тұрақты нәтижеге жету қиын.
Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Қоғамдық кеңестің төрағасы Елдос Абақановтың пайымы бойынша «Таза Қазақстанның» тұрақтылығы екі жағдайға байланысты болмақ. Бірінші кезекте мемлекет қажетті жағдай мен ортақ талаптарды қалыптастырады. Екінші жағынан, бизнес пен ұйымдар өз аумағына жауапкершілікпен қарайды. Ал тұрғындар тазалықты біреудің міндеті емес, өз ортасына деген қалыпты қарым-қатынас ретінде қабылдай бастайды.
Сондықтан бүгінгі міндет – осы жобаның аясында қалыптасқан қоғамдық белсенділікті жоғалтпай, оны тұрақты мәдениетке айналдыру. Ұлттық тазалық стандарты жүйелі жұмыстың нақты негіздерінің бірі бола алады. Түпкі мақсат – жыл сайын қанша сенбілік ұйымдастырылғанын санамалау емес. Нәтиже – қалаларымыз бен ауылдарымыздың тұрақты таза болуы және адамның өзі тұратын жерге деген көзқарасының өзгеруі. «Таза Қазақстан» – саналы таңдау және ортақ іс. Ал тазалық стандарты осы ортақ жауапкершілікті күнделікті өмірде нақты іске айналдыруға мүмкіндік беруі тиіс.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ
Загрузка...


