ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ ЖӘНЕ СТУДЕНТТІҢ БЕЛСЕНДІ ӨМІР САЛТЫ
әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті химия және химиялық технология факультеті жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының ұйымдастырумен «Дұрыс тамақтану және студенттердің белсенді өмір салты» семинар-тренинг өтті. Тренингті Керемет медициналық орталығының жетекшісі, дәрігер Е.Ж.Жасықанов жүргізді. Тренингке факультеттің әлеуметтік – тәрбиелік жұмысы бойынша деканның орынбасары х.ғ.к., доцент Жақсылықова Гулбану және 1-4 курс студенттерімен бірге кафедра оқытушылары да қатысты.
Тренинг барысында «денсаулық тәрелкесі» кеңінен талқыланып, ағзаға қажетті дәрумендер, майлар, минералдар, көмірсулер мен ақуыздың ролі жоғары екендігі жайлы ақпараттар берілді. Студенттік кезең – адамның білім алып қана қоймай, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйренетін маңызды кезеңі. Сабақ, емтихан, ғылыми-зерттеу жұмыстары, қоғамдық іс-шаралар мен күнделікті қарбалас студенттен көп күш қуатты талап етеді. Осындай кезде дұрыс тамақтану мен белсенді өмір салтының маңызы ерекше. Тренинг барысында дұрыс тамақтану денсаулықтың кепілі екеніне назар аударылып, студенттің күнделікті өмірінде көкөніс пен жемістерді, сүт өнімдерін, ет, балық, жұмыртқа, дәнді дақылдарды жеткілікті мөлшерде пайдалану ағзаның қалыпты жұмыс істеуіне ықпал ететіндігі жайлы айтылды.
Дұрыс тамақтанумен қатар күнделікті дене белсенділігі де қажет. Жаяу жүру, спортпен айналысу, таңертеңгілік жаттығу жасау немесе таза ауада серуендеу адамның көңіл күйін жақсартып, жұмысқа қабілеттігін арттыруға көмектеседі.
Сонымен қатар ұйқының жеткілікті болуы және су ішу тәртібі де маңызды. Ұзақ уақыт бойы компьютер немесе телефон алдында отырудың орнына оқу арасында қысқа үзіліс жасап қозғалып тұрған да пайдалы.
Денсаулық бір күнде қалыптасатын нәрсе емес. Ол күнделікті қалыптасатын әдеттердің нәтижесі. Салауатты студент белсенді студент. Ал белсенді студент – білімді, мақсатшыл және болашаққа сенімді маман!
Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасы
х.ғ.к., доцент Рыскалиева Р.Г
х.ғ.к., доцент Бейсембаева Л.К
х.ғ.к., доцент Пономаренько О.И
х.ғ.к., аға оқытушы Далабаева Н.С
