«ECO отбасы» – табиғатты қорғау отбасынан басталады
Бүгін Аққулы ауданы Б. Уахатов атындағы орта мектебінің базасында ата-аналар арасында аудандық «ECO отбасы» байқауы ұйымдастырылды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты аялауға деген жауапкершілікті арттыру және отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткен байқауға ауданның 10-нан астам отбасы қатысты.
Байқау барысында қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін, тапқырлығы мен ұйымшылдығын ортаға салды. Отбасылар табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау және тұрмыстық қалдықтарды тиімді пайдалану бағытындағы өз идеяларын таныстырды.
Сайыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең – «Таныстыру» бөлімінде әр отбасы өздерін таныстырып, отбасының ерекшелігі мен экологиялық ұстанымдарын көрсетті. Екінші кезең – «Эко сән» бөлімінде қатысушылар қайта өңдеуге болатын материалдардан әзірленген ерекше киім үлгілерін ұсынып, шығармашылық шеберліктерін танытты. Ал «Эко мода» кезеңінде отбасылар экологиялық тұрғыдан тиімді әрі креативті идеяларын көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Байқау барысында ата-аналар ғана емес, отбасының барлық мүшелері белсенділік танытып, бірлесе жұмыс жасаудың үлгісін көрсетті. Қалдық заттарды қайта пайдалану арқылы жаңа дүниелер жасау – табиғатты қорғауға қосылған шағын болса да маңызды үлес екені айқын көрінді.
«ECO отбасы» байқауы – экологиялық тәрбиені отбасылық құндылықтармен ұштастырып, ата-аналар мен балалардың бірлескен шығармашылығын дамытуға мүмкіндік берген тағылымды шара болды.
Табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет. Ал экологиялық мәдениеттің негізі отбасынан басталады. Осындай іс-шаралар арқылы өскелең ұрпаққа қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, табиғи ресурстарды үнемдеу және туған жердің тазалығын сақтау құндылықтары дәріптеледі.
Загрузка...
