Тынышбаев атындағы Шымкент көлік колледжі: “Шаңырақ” командасы – хакатонда топ жарды
Біздің колледждің студенттері жоғары оқу орындарының командаларымен тең дәрежеде сайысып, «Ktz-alt innovation» хакатонында бірінші орынды иеленді. Алматы қаласында орналасқан Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT University алаңында қазан айының 1–2 күндері аралығында Көліктегі қауіпсіздік және цифрландыру жөніндегі VII Еуразиялық форум аясында осы жоғары оқу орнының 95 жылдығына орай ұйымдастырылған «KTZ-ALT INNOVATION» студенттік байқауға Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент және Ақтаудан қырық үш команданың құрамындағы бір жүз жетпістен астам үміткер қатысқан еді.
Қорытынды кезеңде ақтық сын саналатын финалға үздік көрсеткіштерімен дараланған он алты команда қатысып, білім мен біліктілікке негізделген бәсекелестікте бақтары мен баптары бойынша ерекше сынға түсті.
ҚТЖ кейстеріне арналған цифрлық шешімдер: Қатысушылар 24 сағат ішінде «Цифрлық станция» және «Автоматты диспетчер» атты ҚТЖ кейстерімен жұмыс істеді. Командалар цифрлық шешімдері нәзірлеп, жұмыс істейтін прототиптер жасап, оларды сарапшы қазылар алқасына ұсынды. Біздің арнаулы оқу орнының «Шаңырақ» командасы «Теміржолдағы пойыздар қозғалысын тиімді жоспарлау мен басқару» жобасын таныстырып, алдыңғы саптан көрінді. Жоба пойыздар қозғалысын жоспарлау мен басқару тиімділігін арттыруға бағытталған.
Колледж командасы жоғары оқу орындарының студенттерімен тең дәрежеде сайысып, өз білімін, кәсіби дайындығы мен жаңашыл көзқарасын дәлелдеді. Студенттер жобасын сенімді таныстырып, теміржол саласындағы маңызды міндетке тың шешім ұсынды. Команданың бірінші орынды бөлісуі колледжде берілетін білімнің сапасы мен студенттердің практикалық даярлығын көрсетті.
Хакатон жүлдегерлері: Бірінші орын – М.Тынышбаев атындағы Шымкент ALT көлік колледжінің «Шаңырақ» және Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің «SULU» командалары. Екінші орын – Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT University-дің «BESEU» және Алматы технологиялық университетінің «Nova» командалары. Үшінші орын. – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Insomnia» және Қазақстан-Германия университетінің «LogWay» командалары.
Команда және дайындық: «Шаңырақ» командасының капитаны — Қалдыкерім Қазыбек. Команда мүшелері — Айсары Ұлықбек, Әбдірасыл Қуандық, Халмуратов Шахзод және Мұратбаев Ғалымжан. Бес студент біздің техникалық және кәсіби білім беру ұйымындағы «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» мамандығында оқиды, ал жобаға колледждің арнайы пән оқытушысы Сәуірбай Ауелбайұлы жетекшілік жасады.
Білімгерлер осы кезекті хакатонға үш ай дайындалып, колледждегі IT құзыреттілік орталығында жобамен жұмыс істеді. «Шаңырақ» атауы команданың бірлігі мен ортақ білім ордасын білдіреді. Жеңіс студенттердің өзара қолдауы мен теміржол саласына деген қызығушылығының нәтижесі болды.
ALT білім беру желісі: Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT Universityдің тоқсан бес жылд құрайтын тағылымға толы терең тарихы көлік саласына маман даярлаумен тығыз байланысты. Бұл жоғары оқу орны еліміздің бес қаласындағы алты колледж бен Ақтаудағы бір мектеп-лицейді біріктіреді. Бұл желі көлік, логистика, инженерия және педагогика бағыттарындағы білімді өңір жастарына жеткізіп, колледж бен университет арасындағы кәсіби сабақтастықты қолдайды.
Биылғы хакатон ҚТЖ-ның цифрлық бастамаларын дамытуға және жоғары оқу орындары мен колледждер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді. Үшінші мегаполистегі көлік колледжінің «Шаңырақ» командасы мен ALT University-дің «BESEU» командасының жүлдеге ие болуы – ALT білім беру желісіндегі студенттердің көлік саласының практикалық міндеттеріне цифрлық шешім ұсына алатынын көрсетті.
Ерзат Шахатулы УТЕБЕРГЕНОВ,
М. Тынышбаев атындағы Шымкент
AL көлік колледжінің директоры





