«Күзгі асар»: табиғаттан туған туындылар
Бүгін «Адал азамат» республикалық бағдарламасының «Еңбек адамы» бағыты аясында Павлодарлық М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Күзгі асар» облыстық жәрмеңке-көрмесі өтті.
Көрмеге Павлодар облысының барлық аудандары мен қалаларынан іріктелген 120 үздік шығармашылық жұмыс ұсынылып, шараға 500-ден астам бала, ата-ана және педагог қатысты.
Күздің көркем бояуы балалардың қиялымен үйлесіп, табиғи материалдардан жасалған ерекше композициялар мен сәндік бұйымдарға айналды. Бүр, жапырақ, бұтақ пен дәннен жасалған әр туынды – баланың шығармашылық ізденісінің нәтижесі.
* Біздің көрменің ерекшелігі – балалар мен ата-аналардың бірлескен еңбегі. Ортақ шығармашылық арқылы отбасы мүшелері уақытын мазмұнды өткізіп, бала қиялы мен еңбекке деген қызығушылығын бірге қалыптастырды, – дейді Оқушылар сарайының әдіскері Алена Шияненко.
Экспозицияда мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілерінің, жалпы білім беретін, арнайы және мамандандырылған білім беру ұйымдары оқушыларының жұмыстары қойылды.
«Күзгі асар» аясында оқушылар көрмені аралап, сәндік-қолданбалы өнердің түрлі бағыттарымен танысты. Іс-шара соңында балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, қызықты ойындар мен интерактивті тапсырмалар мерекелік көңіл күй сыйлады.
Загрузка...
