TOU-ДА «ТІЛ – ДОСТЫҚ ҚҰРАЛЫ» ЭТНОФЕСТИВАЛІ ӨТТІ
Торайғыров университетінде «Тіл – достық құралы» этнофестивалі өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылып, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға, тілдік және мәдени әралуандықты қолдауға, бірлік пен қоғамдық келісім құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.
Фестивальге мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және өңірлік этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Ресми бөлімді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова ашты.
Іс-шара аясында мемлекеттік тілді дамытуға, тіл саясатын іске асыруға, ономастика саласына, ғылымға және сапалы ақпараттық контент қалыптастыруға үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына, сондай-ақ Павлодар облысы әкімінің орынбасары атынан берілген марапаттарға білім, ғылым, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ие болды.
Фестиваль этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары мен Торайғыров университетінің өнерпаздары қатысқан концерттік бағдарламамен жалғасты. Көрермендерге «Алаш қайраткерлері» атты сахналық қойылым мен түрлі тілдердегі музыкалық нөмірлер ұсынылды. Ал «Рух пен тіл» қорытынды композициясы фестиваль қатысушыларын бір сахнада тоғыстырды.
Загрузка...

