Бір орта, бір қуаныш: Павлодарда «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті фестивалі өтті
Павлодар қаласындағы «Автомобилист» спорт кешенінде «ӘДІЛЕТ» партиясының жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер» облыстық инклюзивті балалар фестивалі өтті. Спорт пен достықты ұштастырған шара ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың басын қосып, өз қабілеттерін көрсетуіне мүмкіндік берді.
Фестивальге инклюзивті сыныптарда білім алатын 100-ден астам бала қатысты. Қатысушылар спорттық жаттығуларға, командалық ойындарға және түрлі белсенділіктерге қатысып, өзара қолдау мен достықтың үлгісін көрсетті.
Фестивальдің басты мақсаты – әр баланың мүмкіндігін ашуға жағдай жасау, спортқа қызығушылығын арттыру және қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру. Шара барысында балалар бір-бірімен еркін араласып, ортақ қуанышқа бөленді.
Айта кетейік, бұған дейін, 7 қазанда, «Юность» манежінде жеңіл атлетикадан жарыстар ұйымдастырылды. Көптеген бала үшін бұл алғашқы маңызды спорттық сын болды. Жарыс қатысушыларға жаңа әсер сыйлап, өз күшіне деген сенімін арттырды.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орын алған командалар:
Жеңіл атлетикадан 7–8 сынып қыздары арасында Ақсу қаласының №7 жалпы орта білім беретін мектебі жеңімпаз атанды. Ал ұлдар арасында Павлодар қаласының №11 жалпы орта білім беретін мектебінің командасы үздік нәтиже көрсетті.
Бочча жарысында 5–6 сыныптың А тобында Павлодар қаласының №15 жалпы орта білім беретін мектебі, В тобында Ақсу қаласының Ю. Гагарин атындағы жалпы орта білім беретін мектебі, С тобында Павлодар қаласының №2 жалпы орта білім беретін мектебі бірінші орынға ие болды.
7–8 сыныптар арасында А тобында Павлодар қаласының №41 жалпы орта білім беретін мектебі, В тобында Ақсу қаласының Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектебі, С тобында Ақсу қаласының №7 жалпы орта білім беретін мектебі жеңімпаз атанды.
Ал «Көңілді старттар» жарысында Павлодар қаласының №21 жалпы орта білім беретін мектебінің командасы бірінші орын алды.
Фестиваль қорытындысы бойынша 9 команда Павлодар облысының атынан елордада өтетін жарыстарға жолдама алды.
«Тең мүмкіндіктер» фестивалі спорттық бәсекемен ғана шектелмей, балалардың өзара қарым-қатынасын нығайтып, қабілеттерін танытуға және өз күшіне сенуіне жол ашты.
Загрузка...

