Дарынды оқушыны дамыту – ұстаздың кәсіби шеберлігінің көрсеткіші

Павлодар облысы Ертіс ауданында дарынды балаларды анықтау, олардың қабілетін шыңдау және зияткерлік әлеуетін дамыту мәселелеріне арналған аудандық семинар өтті. «Ортақ тәжірибе – сапалы білім кепілі!» жобасы аясында №4 Ертіс орта мектебінің базасында ұйымдастырылған кәсіби кездесудің тақырыбы – «Дарынды оқушыны тану, қолдау және дамыту – заманауи педагогтің басты міндеттерінің бірі».

Жиын барысында білім бөлімінің әдіскері Айнұр Абдразакова аудандық және облыстық олимпиадаларда оқушылардың нәтижелілігін арттыруға бағытталған, білім бөлімінің басшысы қатысқан кеңестің хаттамалық тапсырмаларымен таныстырды. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстың маңыздылығы мен педагогтердің алдына қойылған міндеттерге назар аударылды.

Семинардың практикалық бөлімі мұғалімдердің кәсіби тәжірибесін байытуға арналды. Қатысушылар дарынды балалармен жұмыс істеудің түрлі тәсілдерін меңгеріп, оларды оқу үдерісінде тиімді қолдану жолдарын талқылады.

Тірек мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі Динара Ботаева «Олимпиадаға дайындық» тақырыбындағы шеберлік сағатында олимпиадалық тапсырмаларды орындаудың тиімді әдістерін көрсетті. Сонымен қатар стандартты тапсырмаларды шығармашылық және зерттеушілік сипаттағы жұмыстарға айналдыру жолдарын ұсынып, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырудың тәжірибелік тәсілдерімен бөлісті.

Тарих пәнінің мұғалімі Нұрбек Аманкелді «Дарынды оқушылармен жұмысты жүйелеу: бастапқы ынталандырушы материалдан зерттеу мен шығармашылық өнімге дейін» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. Ол оқушылардың қызығушылығын ояту, тарихи деректерді саралау, зерттеу сұрақтарын құрастыру және өзіндік шығармашылық өнім әзірлеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған әдістерді таныстырды.

Ал бастауыш сынып мұғалімі Шолпан Мусина «Дарынды баладан – турнир жұлдызына дейін!» атты шеберлік сағатында қабілеті жоғары оқушылармен жеке жұмыс жүргізу, олардың әлеуетін жүйелі дамыту және түрлі білім сайыстарына дайындау тәжірибесін ұсынды.

Семинар қорытындысында педагогтер өзара пікір алмасып, дарынды оқушыларды ерте анықтау, олардың білімін тереңдету, сыни және зерттеушілік ойлауын дамыту, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру мәселелерін талқылады.

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий