«Таза Қазақстан» бастамасының даму барысындағы экологиялық білім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВТЫҢ «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда, ол азаматтардың жаңа экологиялық мәдениетін қалыптастыру және жаңа Конституциядағы табиғатқа ұқыпты қарау қағидатының негізгі элементіне айналды. Ауқымды жоба аумақтарды абаттандыру, қалдықтармен жұмыс істеу инфрақұрылымын дамыту және экологиялық ағарту жөніндегі кешенді шараларды қамтиды, – деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы.

Жыл өткен сайын Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы экологиялық іс-шараларға қатысушылар саны да арта түсуде. Егер былтыр оған алты миллион адам қатысқан болса, осы жылдың қаңтар айынан қазіргі уақытқа дейін жеті миллионннан астам азамат атсалысқан. «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру басталғаннан бері елді мекендерде жеті миллионнан астам ағаш, ал мемлекеттік орман қорының аумақтарында бір миллиардтан астам тұқым мен көшет отырғызылды.

– Елімізде экологиялық сана қалыптастыру, экологиялық білім беру сынды бағыттар жаңа Конституцияға енгізілді. «Таза Қазақстан» бастамасы тек сенбіліктермен шектелмейді. Ол тұрғындардың экологиялық санасын дамыта түсуді көздейді, – дейді ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев.

Өскелең ұрпақтың экологиялық біліміне және кері байланысты цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. 265 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде «Жасыл балабақша» бағдарламасы енгізілген, мектептерде бес жүз алпыс мыңнан астам тақырыптық сынып сағаттары өткізілген. TazaQazBot Telegram-арнасы іске қосылып, ол арқылы елді мекендердің аумағын абаттандыру мәселелері, санитарлық жағдайы жөнінде 57 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Аумақтарды санитарлық тазарту аясында тоғыз мыңнан астам рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылып, 3,8 млн тоннаға жуық қоқыс жиналды.

Бүгінде мемлекет қалдықтар мәселесін жүйелі түрде шешуге көшті, оларды жинаудан бастап терең өңдеу және кәдеге жаратуға дейінгі кешенді шараларды қолға алды. Мысалы, шетелдік инвесторларды тарта отырып, Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл облысында жалпы құны үш жүз миллиард теңгеден асатын және қуаты тәулігіне 4,4 мың тоннаға дейін жететін заманауи қоқыс өңдеу кешендері салынуда. Жаңа нысандар қоқысты көмуден Waste-to-Energy (қайта өңделмейтін фракциялардан электр энергиясын өндіру) технологиясына көшуге мүмкіндік береді, бұл өңірлердегі полигондарды босатуға септік етпек.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату зауыттарын салу жөніндегі осындай жобалар Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Павлодар және еліміздің басқа да ірі қалаларында жоспарлануда. Кәдеге жарату алымы қаражаты есебінен қалдықтарды басқару саласындағы жобалар қаржыландырылуда. Бүгінгі таңда белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді, мәселен, мақұлданған жалпы сомасы 371,9 миллиард теңге болатын алпыс сегіз жобаның 122,6 миллиард теңгелік отыз төрт жобасы қаржыландырылды. Бұл ретте оның 9,9 миллиард теңге болатын он бесі пайдалануға берілді.

Сонымен қатар EcoQoldau бағдарламасы аясында қағаз, шыны, шиналар мен пластикті қоса алғанда, қалдықтардың бір жүз алпыс екі мыңнан астам түрін жинауға 5,3 миллиард теңге бағытталды. Президенттің елді мекендерді көгалдандыру және орманды алқаптарды қалпына келтіру жөніндегі Жолдауында қойған міндеттері шеңберінде алты жыл ішінде 18,1 миллион ағаш отырғызылған. Орманды қалпына келтіру жұмыстары аясында осы кезеңде бір миллион гектардан астам алқапқа шамамен 1,7 миллиард ағаш отырғызылды. Қазақстанның орманды алқаптарының көлемі он төрт миллион гектарға жеткені белгілі болуда.

Осы бірегей бастаманы жүйелі іске асыру барысында ел аумағындағы мектептерде экологиялық білім берудің бірыңғай жүйесі қалыптаса бастады. Бұл стандарт жыл соңына дейін қабылдануы тиіс. Қазірдің өзінде еліміздің білім беру ұйымдарында табиғатты қорғауға бағытталған түрлі бастамалар жүзеге асырылып келеді. Экологиялық тәрбие мектеп бағдарламасындағы бірнеше пән арқылы беріледі. Жаратылыстану, география, биология, химия, физика және технология сабақтарында қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне көңіл бөлінеді.

Бұл бағыттағы жұмыстар мектептен тыс уақытта да жалғасып жатыр. Қазір елімізде төрт мыңнан астам «Жасыл клуб» бар. Оларға бір жүз жиырма бес мыңнан астам оқушы қатысады. Ал жыл соңына дейін бірыңғай экологиялық ағарту стандарты қабылданбақ. Оны білім беру ұйымдарында іске асырудың негізгі тетігі «Жасыл мектеп» ұлттық моделі болмақ. Қоғамда экологиялық сауаттылықты арттыру, ақпараттық түсіндіру іс-шараларының маңызы зор. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Шымкент қаласындағы білім беру мекемелерінде экологиялық арнайы сабақтар өткізу жоспарға қойылған.

№140 жалпы орта мектебінде «Таза Қазақстан – таза болашақ» тақырыбында экологиялық сабақ ұйымдастырылып, оқушылар таным көкжиегін кеңейтті. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлия Бейсенбайқызының айтуынша, білім ордасында экологиялық танымды қалыптастыруға бағытталған арнайы ашық сабақтар тұрақты өтіп жатыр. Бүгін таңғы ауысымдағы барлық сыныптарда ауаның, судың ластануын тазарту тақырыбында өткізілген арнайы экосабақтарда оқушылар белсенділік танытты.

Сонымен қатар оқушылар қоқыс қалдықтарын кәдеге жарату, қайта өңдеу сынды тәжірибелік жұмыстарын, экологиялық жобаларын көрсетті. Бұл бағытта мектепте арнайы үйірме де жұмыс істейді. Жалпы, қалада эко-сананы қалыптастыруда мектептер мен жоғары оқу орындарында арнайы экологиялық семинар, тренингтер, ашық сабақтар және эко-экскурсиялар тұрақты ұйымдастырылуда. Жалпықалалық сенбіліктерде де тұрғындар тазалыққа үлес қосып, өзінің тұрғылықты жерін таза ұстауға дағдыланып келеді.

Кезекті іс-шараның мақсаты да осы – оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттыру және қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті қалыптастыру. Бұл арнайы сабақтар оқушылардың табиғатты қорғауға деген ынтасын оятады. Павлодарда ұйымдастырылған «Жас экорепортер» облыстық байқаудың басты мақсаты – оқушыларға табиғатты қорғау ісінің маңызын терең ұғындыруға бағытталғанымен ерекшеленген еді. Сайыс қатысушыларының бейнерепортаж түсіріп, онда нақты бір экологиялық түйткілді ашып көрсетуі тиіс болды. Олар өз елді мекенінің экологиялық мәселелерін қозғайды.

– Тылсым табиғаттың ластануын, қоқыс жинаудың жай-күйін және бұл іске өздерінің қалай атсалысып жүргенін көрсетеді. Оған қоса біз қатысушылардың, әсіресе облыстық кезең жеңімпаздарының телеарналардан көрініп, сюжетінде көтерген өңірлік немесе республикалық деңгейдегі экологиялық мәселелер туралы көпшілікке айтып беруіне жағдай жасалғанын қаладық. Аудандық және қалалық кезең жеңімпаздары атанған 8–10-сыныптардың сексен жеті оқушысы сайыстың үш бағыты бойынша жобаларын дайындап әкеліпті. Ақтоғай ауданынан келген жеткіншектер ескі арналардың толып қалу тақырыбын таңдап, оны шешу жолдарын қарастырған, – деді «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының бөлім меңгерушісі Жұлдыз Абаильдинова.

– Кім ауылда тұрады, сенокос деген бар. Сонда бір жылы бізде шөп өспей қалды. Себебі ескі арна толып, лай мен батпақпен толып кетеді де, шөп өспей қалады. Сонда мен атамнан былай деп сұрадым: «Ол мәселе қайдан шықты? Қалай пайда болды?». Атам маған ескі арнамыз шөппен тығыз байланысты болғандықтан, шөп өспегенін айтты.  Содан кейін мен Райымбек мұғалім деген мұғалім бар, сол мұғалімнен сұрай бастадым: «Қалай шешуге болады?», – деп. Сол мұғалім мәселені көтерді және біздің «Steel mind» деген СТЕМ командасы мәселені шешуге көмектесті. Сонымен біз «River clear» земснарядын ойлап таптық, – дейді Абай атындағы орта мектептің сегізінші сынып оқушысы Айсұлтан Ерғалиев.

Балалардың айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру бірден бірнеше өзекті мәселені шешуге көмектесе алады. Ескі арна толып кетсе, біріншіден, су жинау алабы азаяды. Екіншіден, ескі арна тазаланса, балық шаруашылығы дамиды. Үшіншіден, ескі арна таза болса, мал шаруашылығы да дамиды. Өскелең ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығы мен осындай тың бастамалары экологиялық мәдениеттің деңгейін айқын көрсетеді. Бастысы – байқау аяқталғанымен, жас экобелсенділердің ізгі істері мен ізденістері әлі де жалғаса бермек.

Қостанайдағы «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатының экобелсенді оқушылары бірнеше жыл қатарынан қоршаған ортаны қорғауға бағытталған тың идеяларын жүзеге асырып келеді. Мұнда биология кабинеті жай ғана сабақ өтетін орын емес. Себебі жас зерттеушілер үшін бұл – экологиялық мәселелердің шешімін іздейтін шағын зертхана. Тобыл өзенін тазартуға бағытталған жобаның алғашқы нұсқасы ретінде үстел үстінде шағын макет орнатылған. Оқушылар оны жетілдіріп, өзен суын тазартуға мүмкіндік беретін толыққанды құрылғыға айналдыруды көздейді.

Экология клубындағы қыздар да зерттеу жұмыстарын бірнеше бағытқа бөліп жүргізеді. Бірі өсімдіктердің оттегі мен көмірқышқыл газын бөлу үрдісін, енді бірі дақылдарды экологиялық әдіспен өсіру жолдарын зерттейді. Мирас Қанат бұл өсімдіктерді өсіру үшін органикалық тыңайтқыштарды өндіру тәсілдерін зерделеп жүр. Оқушылардың экологияға қызығушылығы, ең алдымен, мұғалімнің қолдауынан басталады.

Ұстаздары Жұлдызай Серікқызы балаларды тек теориямен шектемей, сабақтан тыс тәжірибе жасап, өз идеяларын сынап көруге де ынталандырады.Жас зерттеушілердің еңбегі байқауларда жоғары бағаланып жүр. Өз жобаларын жүзеге асыруға өрендер алғашқы қаржыларын алып та үлгерген. Тобыл өзенін тазартуға арналған құрылғы жобасы 126 мың теңге көлемінде қолдауға ие болды. Ендігі міндет – идеяны жетілдіріп, оны нақты іске айналдыру.

Перизат БАТЫРХАНҚЫЗЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий