Балалардың бітім-болмысын бағамдайтын бапкердің беделі біліктілігіне байланысты
Қазіргі білім беру жүйесінде баланың білім алуымен қатар оның тұлғалық дамуы, эмоционалдық жағдайы, әлеуметтік ортаға бейімделуі және психологиялық қауіпсіздігі ерекше маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда педагог-психолог мамандығы – білім беру саласындағы аса жауапты бағыттардың бірі. Педагог-психолог оқушының ішкі жан дүниесін түсініп, оның қабілетін ашуға, қиындықтарын жеңуге және өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне ықпал етеді.
– Биылғы оқу жылының басты ерекшеліктерінің бірі – жаңа пәндер (5–9-сыныптарға «Жеке қауіпсіздік», 10–11-сыныптарға «Құқық негіздері») енгізіліп, факультативтік курс ретінде оқытыла бастауы. «Жеке қауіпсіздік» пәнінің қазір маңызы зор деп ойлаймын, – дейді жергілікті журналистермен жүздесуінде биылғы аймақтық тамыз конференциясында 1993 жылдан бергі отыз үш жылдық тағылымға толы тарихында екінші рет Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Үздік орта білім беру ұйымы» атанған (68 миллион теңгенің сертификатымен қоса) Петропавловск қаласындағы «ЛОРД» дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-лицей-интернатының директоры, соңғы он жылдан астам уақыттан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің майталман мұғалімі ретінде 2022 жылы «ҚР Үздік педагогі» атағын алған Светлана Шәукерова.
– Бала күнделікті уақытының едәуір бөлігін мектепте өткізетіндіктен, қауіпсіздік ережелерін біліп, түрлі жағдайларда өзін дұрыс ұстай алуы қажет. Сондықтан пән аясында оқушыларға күнделікті өмірде кездесуі мүмкін түрлі қауіптердің алдын алу, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіледі. Ал 10–11-сынып оқушыларына арналған «Құқық негіздері» пәні олардың өз құқықтары мен міндеттерін білуіне, құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Оқушы өз құқығын біліп қана қоймай, оны күнделікті өмірде дұрыс қолдануды, қоғамда өзін сауатты әрі жауапкершілікпен ұстауды үйренеді.
Светлана Нәбиқызының сөзіне сүйенсек, жаңа пәндерді енгізудегі тағы бір ерекшелік – сабаққа мектеп психологтарының тартылуы екен. «Жеке қауіпсіздік» курсын жүргізу міндеті психологтарға жүктеліпті. Осы уақытқа дейін бұл мамандықтың иелері көбіне оқушылармен жұмысы сауалнама, тест және жеке кеңес беру форматында жүзеге асса, енді сабақ барысында балалармен тұрақты әрі тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алғаны айтылды. Демек бұл жаңаша қадам психологтарға ұл-қыздардың мінез-құлқындағы өзгерістерді ұдайы бақылауға алып, олардың көңіл-күйінде қандай да бір қиындықтар мен келеңсіздіктер кездессе алаңдататын мәселелерді дер кезінде анықтаған соң дұрыс шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
– Яғни жаңа пән тек қауіпсіздік дағдыларын қалыптастырып қана қоймай, оқушымен жүйелі психологиялық жұмысты күшейтуге де ықпал етеді. Облыс әкімінің грантын жеңіп алу – мектебіміз үшін биылғы жылдың ең үлкен жетістіктерінің бірі. Бұл нәтиже – бір күндік еңбектің емес, бірнеше жыл бойы қалыптасқан жүйелі жұмыстың жемісі. Байқауға мектептің соңғы үш жылдағы жетістіктері ұсынылды. Ереже бойынша бағалау 15 критерий негізінде жүргізіледі. Осы талаптарға сәйкес білім сапасы, педагогтердің кәсіби деңгейі, материалдық-техникалық база және басқа да негізгі көрсеткіштер бойынша атқарылған жұмыстарымызды көрсеттік, – деді ол.
– Бұл байқау 2019 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алтын ұя мектебіміз сол жылы да «Үздік орта білім беру ұйымы» атанып, 34 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болған еді. Бұл қаражат ағарту ошағының материалдық-техникалық базасын дамытуға бағытталды. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыс жалғасып келеді. Мектептің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып, заманауи талаптарға сай жетілдірілуде. Биылғы грант қаражаты да осы бағытқа, яғни мектептің материалдық-техникалық мүмкіндіктерін одан әрі арттыруға жұмсала бастады. Атап айтқанда, физика және «STEM», информатика және жасанды интеллект кабинетін жасақтау көзделген болатын.
– Бүгінгі мектептегі ең маңызды міндеттердің бірі – баланың білім алуымен қатар оның психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әсіресе қазақ тілінде білім алып жатқан оқушылармен жұмыс барысында олардың тілдік және мәдени ортасын ескеру – педагог-психолог үшін аса маңызды. Қазақы ортада тәрбиеленген баланың бойында үлкенді сыйлау, отбасын құрметтеу, жауапкершілік, ұяңдық секілді қасиет басым болуы мүмкін. Бірақ осы қасиеттердің кейде баланың ішкі сезімін ашық айтуына кедергі келетін тұстары да бар, – дейді беделді бұқаралық ақпарат құралында жариялаған пайымды пікірінде шымкенттік педагог-психолог Ботагөз Елікбайқызы.
– «Үлкенге қарсы сөйлеме», «ұят болады», «шыда» деген сөздерді жиі еститін бала өз мәселесін іште сақтап қалуы ықтимал. Сондықтан педагог-психолог үшін ең маңызды сұрақтардың бірі – «Бұл бала өзін қалай сезініп жүр?». Мектеп – тек білім беретін орын емес, баланың тұлға болып қалыптасатын ортасы. Мұнда оның өзін-өзі бағалауы қалыптасады, достық қарым-қатынасы орнығады, алғашқы жеңістері мен жеңілістері қатар жүреді. Біреуге жай ғана ескерту болып көрінген сөз екінші бір бала үшін ауыр соққы болуы мүмкін. Әсіресе жасөспірімдік кезеңде құрдастарының пікірі, ата-ананың талабы, оқу үлгерімі мен сыртқы бағалау баланың көңіл-күйіне айтарлықтай әсер етеді.
Сала маманының мәлімдеуінше, осындай кезде балаға ақыл айтудан бұрын оны тыңдай білу қажет. Психологтың міндеті – баланың орнына мәселені шешу емес, оның өз күшіне сенуіне көмектесу. Ал мұғалімнің міндеті – әр оқушының қабілеті әртүрлі екенін түсіну. Ата-ананың міндеті – баласын өзгемен салыстырмай, оның жеке тұлға екенін мойындау. Ал қазақ тілді оқушылармен психологиялық жұмыста ұлттық құндылықтарды ескеру маңызды. Бірақ бұл барлық қазақ баласын бір қалыпқа салу деген сөз емес. Әрбір бала – жеке әлем. Алғашқысы ашық сөйлейді, екіншісі тұйық, келесісі сезімін бірден білдіруге бейім және тағы бірі ұзақ ойланған соң айналасындағы адамдармен араласа бастайды.
– Олардың бәріне ортақ нәрсе – түсіністік пен қолдауға деген қажеттілік. Балаға жақсы психолог ретінде қолдау білдіру үшін алдымен жақсы тыңдаушы болған дұрыс. Кейде баланың мәселесін шешу үшін ұзақ әңгіме де қажет емес. Бүгінгі мектепке білімді ұрпақпен бірге өзін түсінетін, өзгені құрметтейтін, қиындыққа төтеп бере алатын психологиялық тұрғыдан сау тұлға қажет. Ал мұндай тұлғаны қалыптастыру – мұғалім мен ата-ананың ғана емес, педагог-психологтың да ортақ жауапкершілігі, – деді ол сөзінің соңында.
Тараздық педагог-психолог Айпара Тұрапқызының пайымдауынша, кейбір балалар қиындыққа тап болған кезде эмоциясын сыртқа шығарса, енді бірі ішкі күйзелісін сыртқы ортаға білдірмей жүре береді. Кей жағдайда ата-ана немесе мұғалім баланың тұйықтығын, ашушаңдығын, сабаққа деген қызығушылығының төмендеуін тәртіп мәселесі ретінде қабылдайды. Алайда мұндай өзгерістердің артында басқа да себептер болуы ықтимал. Бала сыныпта өзін жайсыз сезінуі, құрдастарымен қарым-қатынаста қиындыққа тап болуы, отбасындағы жағдайға алаңдауы немесе өзіне деген сенімін жоғалтуы мүмкін.
Сондықтан баланың мінез-құлқындағы өзгерісті бірден бағаламай, оның себебін анықтауға тырысқан дұрыс. Бала өз ойын еркін айтып, қорқынышын немесе мазалап жүрген мәселесін ашық жеткізе алатын ортада болған кезде ғана оған тиімді көмек көрсетуге болады. Бала психологқа өзінің айтқан сөзі басқа адамдарға таралмайтынына, оны ешкім сынамайтынына немесе кемсітпейтініне сенуі қажет. Бүгінде көбінесе ата-аналар балалардың мінезіндегі агрессия бойынша педагог-психологтың көмегіне жүгініп жатады. Көп жағдайларда мінездегі өзгерістер гаджеттермен байланыстырылады.
Қазіргі мектеп – өскелең ұрпаққа сапалы білімге қоса саналы тәрбие берумен қатар ұл-қыздардың өзін-өзі терең танып, жеке эмоциясын басқара білуіне, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынас орнатуына және түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік беретін маңызды орта. Павлодар облысының Аққулы ауданында осыған орай оқушылардың психологиялық мәдениетін қалыптастыруға, тұлғалық қасиеттерін дамытуға бағытталған жаңа бастама ретінде жас психологтардың арнайы клубы жүйелі жұмысын бастағаны белгілі болды.
«Жас психолог» клубы психология ғылымына қызығушылық танытатын, өзін және өзгелерді жақсырақ түсінуге ұмтылатын оқушылардың басын біріктіретіндігімен ерекше маңызға ие. Клуб жұмысы тренингтер, психологиялық ойындар, практикалық жаттығулар, пікірталастар мен шығармашылық тапсырмалар арқылы жүргізіледі екен. Сабақтар барысында сала мамандары тарапынан шәкірттердің эмоционалдық интеллектісін, қарым-қатынас мәдениетін, өзін-өзі реттеу дағдыларын, күйзеліске төзімділігін және коммуникативтік қабілеттерін дамытуға айрықша көңіл бөлінетіндігін білдік.
Облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі жариялаған ресми ақпаратқа жүгінсек, сонымен қатар, клуб аясында буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, жанжалдарды конструктивті шешу, қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру, құрдастарына қолдау көрсету және жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру мәселелерін кеңінен қамту қарастырылған көрінеді. «Жас психолог» атауының мәні зор. Бірақ клубтың мүшелері кәсіби психолог болуды мақсат етпейді. Керісінше, олар адам психологиясының қызықты әлеміне алғашқы қадам жасап, жеке сезімдері мен эмоцияларын түсінуге, басқа жұрттың түрлі көңіл-күйін сезінуге және өзара сыйластыққа негізделген бірегей байланыстың қыры мен сырын зерделеуді үйренеді.
Оқушылар клубы – өршіл өрендердің көзқарасын еркін жеткізіп, пікір алмасып, жаңа достар тауып, белгілі бір бағыттағы қарым-қабілеттерін танытуға мол мүмкіндік беретін үлкен сенім мен қажетті көмектер көрсетудің қолдау кеңістігі. Бұл бастаманы ұйымдастырушылардың басты мақсаты – психологиялық сауатты, эмоционалды тұрғыдан тұрақты, өзіне және өзгеге құрметпен қарайтын, қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын жаңа буын жас ұрпақты қалыптастыру. Өйткені өзін түсіне білу – өзгені түсінудің бастауы болып табылады. Ал бір-біріне қолдау көрсете білу – қауіпсіз әрі жайлы ортаның негізі. «Жас психологты» – өзін танудан басталып, өзгелерді түсінуге жетелейтін ашық алаң деуге толық негіз бар.
Өмерсерік РАХАНОВ
Загрузка...

