Ауыл мектептеріне жаңа мүмкіндік – сапалы білімге жол
Түркістандағы «Конгресс-холл» кешенінде «Адамға инвестиция: адами капиталды дамыту жолындағы қайырымдылық» тақырыбында «Қазақстан халқына-2026» бесінші Ұлттық қайырымдылық конференциясы ұйымдастырылды. Ауқымды жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесі мен Басқарма мүшелері, мемлекеттік органдардың, серіктес ұйымдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, демеушілер және еліміздің жиырма өңірінен қор жобалары аясында қолдау алған ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қатысушыларға алдымен «Жасампаз ұрпақ», «Мәдени даму алаңы», «Ауыл мектебі», G2B маркетплейсі және қордың басқа да жобаларының интерактивті таныстырылымдары ұсынылды. Конференцияда аймақ жетекшісі «Қазақстан халқына» қорының өңірдегі қолдауына алғысын білдірді. – Ұлт рухы ұлықталған, елдік пен ізгіліктің алтын бесігі болған қасиетті Түркістанға қош келдіңіздер! «Қазақстан халқына-2026» бесінші Ұлттық қайырымдылық конференциясының өңірімізде өтуі біз үшін үлкен мәртебе. Халқымыз қиындық көрген жанға қол ұшын беріп, ортақ іске жұмыла білген, – деді ол.
– Бүгінгі басқосу осы дәстүрді жалғастырып, адамның өмірін жақсартуға, қабілетін ашуға арналған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан халқына» қорына қолдау көрсетуді Жаңа Қазақстанның маңызды бастамасы деп атап айтты. Қор алғашқы күннен бастап еліміздегі шынайы қамқорлықтың, жанашырлық пен мызғымас бірліктің символы болып қалыптасты. Қолдау, ең алдымен, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңартуға, халықтың денсаулығына, спортпен шұғылдануына және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті арттыруға бағытталды. Қордың біздің өңірге де көрсетіп келе жатқан қолдауы өлшеусіз. Өйткені біздің облыс демографиялық өсім мен халық саны ең көп стратегиялық аймақ.
– Соңғы төрт жылдан бері өңірімізде қор қолдауымен жүзеге асқан және іске асырылып жатқан жобалардың жалпы құны 20,3 миллиард теңгені құрайды. Осынау ауқымды қамқорлығы үшін облыс халқының атынан Қордың Қамқоршылық кеңесіне, Ләззат Алтынбекқызы бастаған ұжымына, демеушілер мен серіктестерге шынайы алғысымды білдіремін. Дер кезінде көрсетілген қолдау адамның өзіне деген сенімін нығайтып, өміріне жаңа мүмкіндік әкеледі. Бүгін көмек алған жан ертең өзгеге қамқор болып, ел игілігіне үлес қосса, ортақ еңбегіміздің ең үлкен жемісі сол болады. Бүгінгі басқосу елге пайдасы тиетін игі бастамаларға жол ашсын! Конференция жұмысы жемісті болсын!, – деген Нұралхан Көшеров қор басшылығы мен Қамқоршылық кеңесі өкілдерін «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Бұдан кейін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Ләззат Шыңғысбаева сөз сөйлеп, қордың жұмыстары мен жоспарларын баяндады. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан тиімді жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталып, қолдау жалғасатынын жеткізді. Қор төрағасы мен Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Бану Нұрғазиева өңір басшысы Нұралхан Көшеровке алғыс айтып, «Қазақстан халқына» қоры атынан арнайы стеланы табыстады. Жиында «Қазақстан халқына» қоры мен облыс әкімдігі арасында «Жасампаз ұрпақ» жобасы аясында төрт даму орталығын іске асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Жаңа орталықтар Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында ашылады. Ғимараттарды облыс әкімдігі салса, орталықтарды арнайы оқу жабдықтарымен «Қазақстан халқына» қоры жасақтайды. Конференцияның мазмұндық бөлімі «Мүмкіндіктерге жол ашатын оқиғалар» және «Адамды өзгертетін оқиғалар» бағыттары бойынша жалғасқан болатын. Сонымен бірге «Жақсылық жалғасады» республикалық бейнероликтер байқауының жеңімпаздары анықталып, тоғыз аталым бойынша 23 жеңімпазға сертификат табысталды. «Жасампаз ұрпақ» жобасы өңірдің бір жүз он бес педагогі оқыту семинарына қатысты.
Конференция соңында «Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесінің көшпелі отырысы шеңберінде өңірлердегі жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды. Айта кетейік, 2022 жылдан бері «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен облыс аумағында жиырма екі жоба жүзеге асырылды. Өңірдегі әлеуметтік жобаларға жиырма миллиард үш жүз жетпіс бес миллион теңгеден астам қаражат бағытталды. Денсаулық сақтау саласында жалпы құны 5,5 миллиард теңге болатын тоғыз жоба жүзеге асырылды.
Жобалар балалар нейрохирургиясын дамыту, сирек кездесетін аурулары бар пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, офтальмологиялық көмек көрсету, ретинопатияны диагностикалау және емдеу, трансплантациялық қызметті дамыту, ерте араласу орталықтарын жабдықтау және онкологиялық аурулары бар азаматтарға медициналық көмек көрсету бағыттарын қамтыды. Білім беру саласындағы тоғыз жобаға 13 миллиард 74 миллион теңге бағытталған.
Оның ішінде ауыл мектептерін заманауи пән кабинеттерімен, робототехника және STEM-зертханаларымен жабдықтау, арнайы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, білім гранттарын бөлу және оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстары бар. Қор қолдауымен он алты ауыл мектебіне заманауи жабдықтар беріліп, 12 мектеп робототехника кешендерімен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі үш мыңнан астам оқушының жазғы демалысы ұйымдастырылды. Әлеуметтік қолдау бағытында үш жобаға 546,5 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.
Қаражат ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жастарды оңалтуға, протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз етуге және арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталды. Спорт саласындағы үш жобаға 870,8 миллион теңгеден астам қаражат бағытталды. Жиырма бір спорт мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, спорт инфрақұрылымы жеткіліксіз ауылдық елді мекенде екі спорт залының құрылысы жүзеге асырылды. Мәдениет саласында «QH Мәдени даму алаңы» жобасына 381,8 миллион теңге бағытталды.
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова аймақ жетекшісінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевпен өткен айдың соңғы аптасындағы кездесуінде біздің өңірдегі білім сапасын арттыру мәселелері талқыланған еді. Жиынға жергілікті салалық құрылымның басшысы Ғалымжан Орынов пен білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Камилла Ауанасова қатысқан болатын. Бұл басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы республикалық тамыз конференциясында берген тапсырмаларын іске асыру, мектептердің оқу нәтижелерін жақсарту, көрсеткіштері төмен білім беру ұйымдарына әдістемелік қолдауды күшейту және педагогтердің кәсіби даярлығын жетілдіру бағыттары қаралды.
Кездесу қорытындысында министрлік пен облыс әкімдігі білім сапасын арттыру бойынша бірлескен жұмысты күшейтіп, нақты шараларды кешенді жоспарға енгізуге ке-лісті. Түркістан қаласында ұйымдастырылған «Адамға инвестиция: адами капиталды дамыту жолындағы қайырымдылық» тақырыбындағы бесінші Ұлттық қайырымдылық конференциясы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева бастаған бір топ қоғам қайраткерлері Отырар ауданына арнайы жұмыс сапарымен барды.
– Сапар барысында қордың өңірдегі білім беру саласына көрсетіп отырған қолдауының нақты нәтижелерімен таныстырдым. Қордың қолдауымен облыстың ауылдық жерлеріндегі бір жүз мектепке үш жүз модификациялық пән кабинеті жабдықталды. Сонымен қатар төрт мың бес педагог біліктілігін арттырып, 100 мектеп директоры басқару бағытында білімін жетілдірді. Оқушылардың олимпиадалық дайындығы мен оқу-жаттығу жиындары да назардан тыс қалған жоқ, – деді жергілікті журналистермен жүздесуінде облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Қалдықозұлы.
– Бұл – жай ғана материалдық қолдау емес, ауыл мектептерінің білім беру мүмкіндігін кеңейтіп, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді жұмыс. Отырар ауданына қарасты Қоғам ауылындағы екінші дүниежүзілік соғыста қаһармандықтың үлгісін көрсеткен майдангер және бейбіт замандағы ерлікпен еншілес ерен еңбектің ардақты ардагері, КСРО батыры Сейітқасым Әшіровтің есі-мімен аталатын білім ордасындағы осы жұмыстың нақты нәтижесі көрсетілді.
Жаңа оқу жылында физика, химия және биология кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылып, оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына қажетті барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Әрбір баланың жан-жақты дамуына жасалған жайлы жағдай – тәуелсіз еліміздің барлық бағытта ілгері өркендеуі мен берік болашағына бағытталған маңызды қадам. Әсіресе ауыл оқушыларының сапалы білім алуынан туындайтын талап-тілектерді орындау – құзырлы басшылардың негізгі міндеттерінің бірі.
Осы орайда жергілікті білім саласына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына айтар алғысымыз шексіз. Бірлескен осындай жобалар арқылы ауыл мектебінің әлеуетін арттырып, әр балаға сапалы білім алуға тең мүмкіндік қалыптастыру күн тәртібінен түспейді. Игі бастаманың ең үлкен мәні – оның нақты адам өміріне, әсіресе баланың білімі мен болашағына әсер етуінде. Осы тұрғыдан алғанда, бұл қоғамдық қордың қолдауы ерекше маңызға ие. Ә.Сығай атындағы мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы қолдауы мектептің оқу үдерісіне қажетті жағдайды жақсартуға, оқушылардың заманауи білім алуына мүмкіндік беріп отыр.
Бұл – жай ғимаратты немесе кабинеттерді жабдықтау емес. Бұл – ауыл баласының сапалы білім алуына, жеке қарым-қабілетін дамытуына және болашағына сеніммен қарауына жасалған мүмкіндік. Бұл мақсатты мүмкіндіктердің нәтижесі әрбір оқушы үшін зор маңызға ие. Түркістан қаласындағы №1 арнайы «Балабақша-мектеп-интернат» кешені де осы қоғамдық қордың қолдауын толық сезінуде. «Арнайы мектеп ұйымдарын жарақтандыру» жобасы аясында білім беру мекемесі қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл бағыттағы әрбір жағдай ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың әлеуетін ашуға бағытталған.
Кешенде қордың қолдауымен ашылған заманауи телестудияның жұмысы да көңілге қуаныш ұялатады. Оқушылар журналистермен сұхбаттасып, еркін ойларын ашық жеткізді. Осы шағын орталықта олар сөйлеу шеберлігін дамытуға, әлеуметтік тұрғыдан бейімделуге және шығармашылық дағдыларын жетілдіруге ынталы. Бұл мүмкіндік балалардың жеке сенімін арттыруға ықпал етері даусыз. Әсіресе ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін қоғамның қолдауы мен қамқорлығы өте маңызды. Олардың әрқайсысына шеберлігін танытуға ашық алаң ұсыну – баршаға ортақ міндет.
Нұрлан ҚАЙРАТБЕКҰЛЫ,
Түркістан облысы білім басқармасының баспасөз хатшысы


