Аймақтағы азайған ағайларды арттырудың ақылды амалы

Мұнайлы өлкедегі білім беру ұйымдарында қызмет атқаратын он екі мыңға жуық пән мұғалімінің бір мың үш жүздейі ағайлар екен. Отбасындағы әке рөлі секілді, жас буынның мінез-құлқын дұрыс қалыптастыруда ер азаматтың ықпалы ерекше екені даусыз. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында осыдан бес жыл бұрын ұл балаларды ұстаздыққа баулитын арнайы жоба қолға алынғанын білдік.

Басты мақсаты – қарымына қабілеті сай жас жігіттерді іріктеудің нәтижесінде аймақтағы қатары кеміген ағайлардың санын арттыруға бағытталған болатын. «Ұстаз» мектебі аталатын білім ошағы алпыс айда үш жүзге тарта түлек тәрбиелеп шығарған. Атырауда қолға алынған бұл бірегей бастама басқа өңірлерде жалғасын тапса, ұрпақ тәрбиесіне қосылған өлшеусіз үлес болары анық. Жергілікті ағарту жүйесінде мұғалім мамандығына сұраныс уақыт ұзаған сайын артып келеді. Сарапшылар алдағы бес жылда өңір мектептеріне 3595 педагог қажет болатындығын айрықша атап айтуда.

Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде жуырда алғаш рет облыстық ер мұғалімдердің форумы ұйымдастырылып, осы жиынға облыстағы жеті аудан мен Атырау қаласынан белсене қатысқан жүзге жуық педагогтің тәжірибе алмасқаны белгілі болды. Басқосудың негізгі ұстанымы – мұнайлы өлкедегі жас мұғалімдерді жан-жақты қолдаумен бірге олардың кәсіби біліктілігін арттыру, білім беру қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың нәтижесінде жаңа буын өкілдеріне бағыт пен бағдар беру.

– Биыл біздің жоғары оқу орнының жанынан ер балаларды педагог мамандығына бағыттау мақсатында ашылған «Ұстаз» мектеп-интернатына бес жыл толды. Қолына диплом алған түлектерінің алғашқы легі таңдаған мамандықтары бойынша университеттік бағдарламаны сәтті тәмамдап, өңірдегі қала және ауыл мектептерінде алғашқы еңбек жолдарын бастады. Осыған орай жас мұғалімдердің тәжірибелі тәлімгер, парасатты педагог, ұлағатты ұстаздармен пайымды пікір алмасып, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік беретін ашық алаң қалыптастыруды жөн көрдік, – деді жиналғандардың алдында сөз сөйлеген осы университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Саламат Идрисов.

– Мен оныншы сыныптан бастап мұғалім болуды таңдадым. «Ұстаз» мектебін үздік бітіріп, осы жоғары оқу орнындағы ғылым оқытушылардан төрт жыл дәріс алдым. Биыл дипломды жас маман ретінде өзім білім алған мектепке жұмысқа орналастым. Осы тұңғыш форумда бірге оқыған достарымнан бөлек басқа да әріптестермен кездесіп, тәжірибелі аға буын өкілдерінің пайдалы ақылдары мен қажетті кеңестерін тыңдадық. Бұл басқосудың жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, көкжиегі кеңейгенін қалаймын, – деді журналистермен жүздескен жас ұстаз Бектөре Ғалымов.

Жиырма бір мен қырық бес жас аралығындағы пән мұғалімдері бас қосқан бұл форумның бағдарламасына сәйкес қатысушылар түрлі интеллектуалдық және топтық сайыстарда бақ сынаған еді. Канда, куиз, хакатон және киберспорт бағыттарындағы жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен көшбасшы құрамаларға түрлі марапаттарға қоса естелік сыйлықтар табысталды. Бекзат Елеусінов осыдан бес жыл бұрын қазіргі оқушылар секілді партада отырған. Бала жасынан мұғалім болуды армандаған талапты шәкірт алыстағы Исатай ауданынан келіп, «Ұстаз» мектебіне қабылданғанын ұмытпайды.

– Енді, міне, жас мамандардың қатарында түлеп ұшқан алтын ұяма оралып, педагогикалық еңбек жолымды таңдаған мамандығым бойынша жоғары білім алу үшін арнайы жолдама ұсынған қара шаңырақтан бастадым. Қазіргі кезде шәкірттерге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берудемін. Сондықтан артылған сенім мен жауапкершіліктің бірнеше еселенген ауыр жүгін ақтау – басты парызым, – деді ол.

– Атырау университетінде мамандығымыз бойынша магистратурада білім мен біліктілікті одан әрі жетілдіре бастадық. Бұл жоғары оқу орнындағы арнайы мектеп тоғызыншы сыныпты бітірген ауылдың ер балаларын қабылдап, қазақ тілі мен әдебиеті және физика-химия пәндерін тереңдетіп оқытады. Қазір бұл кешенде тоқсан оқушы бар. Шәкірттер түске дейін теориялық білім алса, түстен кейін оны тәжірибемен толықтырады. Жалпы миссиясы – талапты жасты ұстаздық мамандыққа бағыттау. Себебі әрбір бала дер кезінде кәсіптік дағдыға бейімделуі қажет.

Ұлттық бірыңғай тестілеу қатысуға ынталы жас түлектерді сынақтардан сүрінбеу үшін тегін дайындалады. Сәпи Нұрәділ есімді оқушы 138 балл жинап, елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың физика пәні мұғалімдігіне грантқа түсіпті. Бүгінде республиканың барлық аумақтарындағы мектептерде үш жүз қырық мыңнан астам ұстаз еңбек етсе, ер мұғалімдердің үлесі 24 пайыздан аспайтын көрінеді. – Ұстаздық – жай ғана қызмет емес, бұл – ұлы миссия. Елдің болашағы – жас ұрпақтың қолында, ал сол жас буын сіздер берген білім мен тәрбиенің арқасында қалыптасады, – деді өткен аптадағы мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылған аймақ ұстаздарымен басқосу барысында облыс әкімі Болат Ақшолақов.

– Әрине, бұл бағытта мектеп, ата-ана және қоғам болып бірлесіп жұмыс істегенде ғана жақсы нәтижеге жете алатынымызды есте ұстауымыз керек. Соңғы жылдары білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсартуға арналған ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі заман талабына сай жаңа «Келешек мектептер» салынып, ескі мектептер жөнделу үстінде. Мұның бәрі – оқушыларға сапалы білім беруге жағдай жасау мақсатындағы шаралар. ҚР Президентінің Жолдауында мұғалімдерге жаңа талаптарға сай біліктілік арттыру, жаңа оқыту әдістемелерін меңгеру сияқты маңызды тапсырмалар берілді.

Аймақ жетекшісінің пайымына сүйенсек, бұл – қазақстандық білім беру жүйесін әлемдік деңгейге көтеруге бағытталған қадам және ол ұрпақ болашағына тікелей әсер етеді. Ұстаз – шәкіртімен биік. Мемлекет басшысының кезекті Жарлығымен кәсіби мерекеге орай еліміздің аймақтарынан бір шоғыр педагогке білім саласын дамытуға қосқан үлесі мен көп жылғы адал еңбегі үшін мемлекеттік марапаттардың тапсырылғанын баршамыз білеміз. Солардың қатарында – Атырау қаласының еңбек ардагері, композитор, қырық бес жылдық еңбек өтілі бар білікті педагог Қосай Мұқаш білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі мен көп жылғы адал еңбегі үшін «Құрмет» орденінің иегері атанды.

Ол 1981 жылы Атырау педагогикалық институтының музыка факультетін тәмамдап, еңбек жолын бастаған. Жамбыл атындағы балалар музыка мектебінің құрылуына атсалысып, оның алғашқы директоры болды. Ұжымда көп жыл еңбек етіп, көркемдік жетекші әрі оркестр дирижері қызметтерін атқарды. Қосай Құбашұлы – балалар мен музыка мектептеріне арналған ғылыми-әдістемелік құралдар мен ән жинақтарының авторы. Еңбектері республика көлемінде кең таралған. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан Авторлар қоғамының мүшесі, республикалық композиторлар байқауының дипломанты.

– Шұрайлы шығармаларым мұнайлы өңірдің әндері мен күйлерінің антологиясына енген. Баян мен домбырадан дәріс беріп, «Атырау» ансамблі мен фольклорлық ансамбль құрамында қызмет атқардым. Әрбір пән мұғалімі өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру арқылы бәсекеге қабілетті, ұлтжанды тұлға қалыптастыру жолындағы ұзақ жыл тер төккеннен кейін ерен еңбегінің мемлекет тарапынан дұрыс еленгенін күтетіні рас. Осы орайда барлық жанашыр жанға лайықты бағалағандары үшін шынайы ризашылықпен алғыс айтамын, – деді бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен қуанышын бөліскен абыройы асқақ ағамыз.

Айтпақшы, өткен қыркүйек айының 14-і күні таңғы сағат 09:40 шамасында Құрманғазы ауданына қарасты Шортанбай ауылындағы аядай мектеп аумағында қолындағы өткір затымен жан-жағындағыларға қауіпті әрекет жасаған ер адамның қылмысты қылығына алғашқы болып тойтарыс жасаған полиция немесе арнайы күзет қызметкері емес, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мен ауыл тұрғындары екенін сол сәтте барлық әлеуметтік желілер мен ақпараттық сайттардың жарыса жазғаны жадымызда. Облыстық полиция департаменті сол ер адам өткір затпен мектеп маңында тұрған автокөліктің төрт дөңгелегін бүлдіргенін жедел түрде ресми хабарлады.

Сондай-ақ оның тас лақтырып, агрессивті әрекет жасағаны нақтыланған. Оқыс оқиғаны тез байқаған дене шынықтыру ағайы сырт айналып кетпей, жергілікті жамағаттың көмегімен бұзық азаматтың қауіпті әрекетін тоқтатуға кіріскен. Бұдан кейін учаскелік полиция инспекторы шақырылыпты. Полиция тарапынан мұғалім мен ауыл тұрғындарына дер кезінде әрекет еткені үшін алғыс білдірілгені айтылды. Егер кішкентай құлыншақтарға нақты қауіп туындаған сәтте ер мұғалім қолына күрек алып, балаларды қорғамаса, сол жайсыз жағдайдың қалай ушығарын көз алдымызға елестету, әрине, қорқынышты. Демек ағайлардың азаймағаны барлық жағынан үлкен маңызға ие.

Нұрлан МЕРАЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий