УНИВЕРСИТЕТ ПЕН БИЗНЕС СҰРАНЫСҚА ИЕ МАМАНДАРДЫ ҚАЛАЙ БІРЛЕСІП ДАЯРЛАЙ АЛАДЫ?
ToU мен BI Group кадр даярлау және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты талқылады.
Торайғыров университетінің түлектері теориялық біліммен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие практикалық дағдыларды қалай меңгере алады? Бұл мәселе BI Group өкілдерінің университетке жұмыс сапары барысында басты тақырыптардың бірі болды.
ToU саланың дамуына қандай мүмкіндіктер ұсына алады?
Қонақтарға Tomorrow School, университетті цифрландыру бағыттары, бағдарламалау және ЧПУ станоктарында модельдеу, материалтану, электр энергетикасы, химия және жасанды интеллект зертханалары таныстырылды. Сәулет-құрылыс факультетінің ғалымдары ғылыми зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісіп, студенттердің жұмыстарын ұсынды.
Білім мен бизнестің нақты сұраныстарын қалай ұштастыруға болады?
Тараптар білім беру бағдарламаларын сала талаптарына сай жаңарту, дуальды оқытуды дамыту және студенттердің тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ ToU базасында BI Group корпоративтік кафедрасын ашу ұсынылды. Бұл студенттерге оқу барысында практикалық тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
Бірлескен зерттеулер қандай технологияларға бағытталады?
Кездесуде BIM-технологиялары, цифрлық егіздер және жасанды интеллект мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар зерттеу зертханасын құру, гранттық қаржыландыру тарту және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Дарынды жастарды қалай қолдауға болады?
Бастамалар қатарында Құрылыс құзыреттері орталығын ашу, BI Group сарапшыларының дәрістері мен шеберлік сабақтарын өткізу, оқытушылардың тағылымдамасын ұйымдастыру, студенттік олимпиадалар мен хакатондар өткізу бар. Дарынды студенттерге гранттар беру мүмкіндігі де талқыланды.
Мұндай серіктестік не береді?
ToU мен BI Group арасындағы ынтымақтастық сұранысқа ие мамандар даярлауға, қолданбалы ғылымды дамытуға және құрылыс саласына инновацияларды енгізуге жол ашады. Басты мақсат — білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, ғылыми ізденістер мен білімнің тәжірибеде қолданылуына мүмкіндік жасау.
Загрузка...

