ШӘЙ ҮСТІНДЕГІ ТӘРБИЕ – ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕГІ ҰЛАҒАТТЫ ӘҢГІМЕ
Павлодар облысы Аққулы ауданында отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ата-ана мен педагог арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілікті арттыруға бағытталған «Шәй үстіндегі тәрбие» форматындағы тағылымды кездесу өтті.
Ізгілік пен өнегені, ұлттық құндылықтар мен отбасылық тәрбиені арқау еткен шараға 50-ге жуық ата-ана, ата-аналар клубтарының мүшелері мен педагогтер қатысты. Кездесудің мақсаты – отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайтып, ата-аналардың тәрбиелік әлеуетін арттыру және тәжірибе алмасуға қолайлы орта қалыптастыру.
Аталмыш шараға облыстық М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының әдіскерлері Майя Темирбулатова мен Бақыт Аралбаева қатысты. Олар «Мобильді әдіскер» жобасы аясындағы көшпелі семинар-практикумға қатысып, тәрбие жұмысын ұйымдастырудың тиімді тәсілдерімен бөлісті. Жоба педагогтерге әдістемелік қолдау көрсетіп, өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуды дамытуға бағытталған.
Семинар-практикум барысында «Тәрбие ошағы – аймақтық бағыт: бала тәрбиесіндегі өңірлік кеңістік пен отбасылық құндылықтардың ықпалдастығы» тақырыбында «Аққу» клубының үйлестірушісі Майя Темирболатова сөз сөйледі. Ол бала тәрбиесіндегі отбасы мен қоғамның рөліне, ұлттық құндылықтарды күнделікті тәрбие үдерісінде насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ата-аналар клубтарының жұмысы арқылы отбасы мен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайту мәселелерін қозғады. Әдіскер Бахыт Аралбаева облыстық жобалармен таныстырды.
Қазақ халқы үшін дастарқан басындағы әңгіме – ұрпақ тәрбиесінің ерекше мектебі. Шәй үстіндегі өнегелі сөз бен үлкеннің ақылы бала бойына ізгілік пен сыйластық қасиеттерін сіңіруге ықпал етеді. Кездесу барысында ата-ана мен бала арасындағы сенім, ұлттық тәрбие, отбасындағы сыйластық және мектеппен ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Шара соңында ата-аналар клубтары, сондай-ақ «Аққу» және «Мирас» клубтары арнайы көрме арқылы өз жұмыстары мен тәрбиелік бастамаларын таныстырып, тәжірибе алмасты.
Загрузка...

