QS Insights Magazine журналында Қазақстанның жоғары білім беру саласының дамуы туралы мақала жарияланды
Халықаралық QS Insights Magazine басылымында Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің дамуы мен Еуразиядағы өңірлік білім беру орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға арналған «Space to Grow in Kazakhstan» («Қазақстанның даму әлеуеті») атты мақала жарық көрді. Материалдың авторы – Ник Харланд (Nick Harland).
Мақалада Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін трансформациялаудың негізгі бағыттары, соның ішінде жетекші шетелдік университеттермен ынтымақтастықты кеңейту, халықаралық кампустар ашу, жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ отандық және шетелдік студенттер санын арттыру мәселелері қарастырылады.
Материалда De Montfort University және Coventry University филиалдарының қызметіне, сондай-ақ Kozybayev University мен University of Arizona арасындағы серіктестікке ерекше назар аударылған. Бұл мысалдар халықаралық академиялық ынтымақтастықтың сапалы білімге қолжетімділікті кеңейтуге, сұранысқа ие мамандар даярлауға және өңірлік жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайтуға ықпал ететінін көрсетеді.
Жарияланымда жоғары білім беруді интернационалдандыру бағытындағы оң динамика да атап өтілген. 2025 жылы Қазақстандағы шетелдік студенттер саны 35 мыңнан асып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 11%-ға өсті. Сонымен қатар соңғы үш жылда отандық жоғары оқу орындарында білім алатын қазақстандық студенттер саны 14%-ға артқан.
Сондай-ақ цифрлық инфрақұрылым мен жасанды интеллектіні дамытуға, оның ішінде Data Center Valley жобасын іске асыруға, ағылшын тілінде оқытылатын білім беру бағдарламаларын кеңейтуге, шетелдік оқытушылар мен зерттеушілерді тартуға қолайлы жағдай жасауға басымдық берілген.
Мақалада келтірілген деректерге сәйкес, QS World University Rankings 2027 халықаралық рейтингіне Қазақстанның 18 жоғары оқу орны енген. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда төрт университетке артқан. Отандық екі жоғары оқу орны әлемнің үздік 400 университетінің қатарына кірсе, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үздік 200 университеттің қатарынан орын алған.
Сонымен бірге автор жоғары білім беру жүйесін одан әрі дамыту тек халықаралық кампустар мен студенттер санын арттырумен шектелмейтінін атап өтеді. Бұл ретте өңірлердегі білім беру мүмкіндіктерін кеңейту, әкімшілік кедергілерді азайту және елдің тұрақты ғылыми әлеуетін қалыптастыру маңызды.
Жарияланым Қазақстандағы білім беру саласындағы өзгерістерге деген халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын және еліміздің Орталық Азиядағы жетекші білім беру әрі ғылыми орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуға ұмтылысын көрсетеді.
Мақаланың толық нұсқасы: https://magazine.qs.com/qs-insights-magazine-46/space-to-grow-in-kazakhstan
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
Загрузка...