ҒЫЛЫМИ ЖОБА: ИДЕЯДАН СӘТТІ ҚОРҒАУҒА ДЕЙІН
Алматы қаласындағы №200 мектеп-гимназиясында «Ғылыми жобаны қалай дайындау керек? Идея таңдаудан сәтті қорғауға дейін» тақырыбында аудандық әдістемелік жәрмеңке өтті. Іс-шараның мақсаты – ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың тиімді тәсілдерін таныстыру, педагогтердің тәжірибе алмасуына жағдай жасау және оқушылардың зерттеушілік қабілеттерін дамыту.
Жәрмеңке бағдарламасы ғылыми жобаларды әзірлеудің теориялық негіздері мен практикалық қырларын қамтыған екі бөлімнен тұрды.
Бірінші бөлім «Классикалық және академиялық бағыт» аясында ұйымдастырылып, эксперименттік зерттеулер, цифрлық технологиялар, медицина, экология және тарих салаларындағы жобалар ұсынылды.
Эксперименттік-практикалық алаңда А. Баймендинова, Ә. Сәдуахас және Д. Шұхратұлы жұмыс үлгілері мен прототиптер әзірлеу тәсілдерін көрсетті. З. Насыр, А. Шаханова және Ұ. Омарова экспресс-тәжірибелерді таныстырса, Е. Блясов, Д. Жакишева және Ұ. Омарова өнімдерді дегустациялау бағыты бойынша жұмыс ұсынды.
Цифрлық және медиа шешімдер алаңында Г. Н. Баянбаева бейнеролик пен презентация әзірлеудің мүмкіндіктерін таныстырды. Бұл құралдардың ғылыми ақпаратты жүйелеуге, зерттеу нәтижелерін көрнекі көрсетуге және күрделі мәліметтерді түсінікті жеткізуге көмектесетіні атап өтілді.
Медицина бағытында Н. Хоханбаева мен К. Жалғасбаева «Денсаулық нүктесі» жобасын ұсынды. Ал А. Елеуова мен А. Расберген дәрілік өсімдіктер гербарийін әзірлеу жұмысын көрсетті.
Экология алаңында М. Салихарова мен Ұ. Дабылова микроскоппен зерттеу жүргізу тәсілдерін таныстырды. Г. Апсалимова «Экологиялық із» калькуляторын ұсынса, Е. Блясов пен Г. Жусанбекова экологиялық ақпаратты инфографика арқылы көрсету бағытын таныстырды.
Тарих алаңында Н. Ө. Бабажанова мен А. Чинибекова жәдігерлер бұрышын ұйымдастыру идеясын, ал Н. Қ. Мадалиева мен М. Қалыбай тарихи тұлғаларды таныстыру бағытын ұсынды. Бұл жұмыстар тарихи деректерді зерделеу мен өткен кезеңдер туралы білімді кеңейтуге бағытталды.
Жәрмеңкеде «Табиғи ем – фито-бар» атты үздіксіз жұмыс және релаксация аймағы да ұйымдастырылды. Г. Н. Құрманбекова, М. Қасен және Д. Сайлау дәрілік шөптер шайын ұсынып, медицина, экология және тарих бағыттарын өзара ұштастырды.
Ал «Сабақтағы интерактив» тәжірибе алмасу алаңында Ж. Джарас, А. У. Даулеткулова, Т. Ә. Барболова және Е. Атамқан сабақ барысында интерактивті әдістерді қолдану тәжірибелерімен бөлісті. Ұсынылған тәсілдер оқушылардың сабаққа белсенді қатысуына және оқу үдерісін жетілдіруге бағытталды.
Жәрмеңкенің басты ерекшелігі – жобалардың теориялық сипаттамамен шектелмей, тәжірибе жүзінде көрсетілуі. Оқушылар өз жұмыстарының мазмұнын түсіндіріп, зерттеу әдістерін таныстырды, тәжірибе нәтижелерін көрсетті және көрнекі материалдарын ұсынды. Осылайша, ғылыми білімнің практикалық маңызы мен пәнаралық байланыстың мүмкіндіктері айқындалды.
Бағдарламаның екінші бөлімі «Теориялық негіздер және концепциялар» тақырыбына арналды. Онда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология және биотехнология факультеті молекулалық биология және генетика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, биология ғылымдарының кандидаты Н. А. Алтыбаева «Ғылыми жобаға оқушыларды дайындаудағы негізгі қағидалар» тақырыбында баяндама жасады.
Ғылыми жобаны дайындауда жетекшінің әдістемелік қолдауы мен оқушының белсенділігі өзара сабақтас болуы маңызды. Зерттеу нәтижелерін көпшілік алдында таныстыру да оқушылардың ойын жүйелі жеткізу, ғылыми ақпаратты түсіндіру және өз тұжырымдарын дәлелдеу дағдыларын жетілдіреді.
Жәрмеңке ғылыми жобаның идея таңдаудан бастап, теориялық негіздеу, тәжірибелік зерттеу, нәтижелерді талдау және қорғау кезеңдерінен тұратын кешенді үдеріс екенін көрсетті. Сонымен қатар педагогтерге тәжірибе алмасуға, тиімді әдістерді зерделеуге, ал оқушыларға ғылыми ізденіске қызығушылығын арттырып, теориялық білімін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік берді.
ДАУРЕМБАЕВА Қаракөз Сейсеновна
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, №200 мектеп-гимназия, Алматы қаласы



