Транзиттік әлеует пен ауқымды инфрақұрылымды дамытудағы адами капитал

Көлік – еліміз Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған аса маңызды көпір болып саналатыны кеңінен белгілі. Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуы тиіс. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет. Бұл жұмысқа осы салада табысқа жеткен үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту керек. Бірақ негізгі жауапкершілік – Үкіметте, – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барша отандастарымызға арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты кезекті (08.09.2025 ж.) Жолдауында.

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов өткен айда ұйымдастырылған Үкіметтің кезекті отырысында жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлаудағы жаңа тәсілдерін және бір мәрте зердеге салып, осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізген министрліктердің жетекшілері баяндама жасаған еді. Бұл басқосуда кадрларды даярлау жүйесі және жоғары оқу орындарының колледждермен әріптестігі туралы, еңбек нарығындағы жұмысшы мамандықтары бойынша техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары дайындаған кадрларға қажеттілік бойынша атқарылған іргелі істердің нақты нәтижелері тыңдалды.

– Бүгінде көлік саласында 870 мың адам түрлі кәсіппен қамтылған. Яғни, әрбір оныншы маман осы жүйенің қарқынын жеделдету үшін ерен еңбегімен жеке үлесін қосып жүр. Олардың басым бөлігі автомобиль және теміржол көлігі, жол құрылысы мен логистика саласының қызметкерлері. Соңғы жылдары бұл басым бағыттың ілгері дамуына байланысты елу жеті мыңға жуық маман қажеттілігі нақтыланды. Олардың ішінде машинистер, жүргізушілер, техниктер мен инженерлер, логистика мамандары, пилоттар мен авиадиспетчерлер, кеме капитандары және механиктерге сұраныс жоғары, – деді сөз сөйлеген отандық көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

– Жаңа буын жастардың қатарын көбейту мақсатында бос жұмыс орындарына жәрмеңке ұйымдастыру, мамандық таңдауға көмектесу, өндірістік тәжірибені ұтымды үйлестіру сынды бірқатар істер атқарылып жатыр. Осы шаралар қолына диплом алатын түлектерге болашақта тұрақты әрі дұрыс жұмыс орнын табуға тиісті қолдау жасап, қажетті көмек көрсетуді көздейді. Қазіргі кезде отандық көлік саласына мамандарды отыз жеті жоғары оқу орны мен 47 колледжде дайындайды. Оларда қырық төрт мыңға жуық студент білім алуда. Бұл білімгерлердің жиырма сегіз мыңнан астамы мемлекеттік грант есебінен оқиды.

Нұрлан Ермекұлының сөзіне сүйенсек, ең басты міндет – көлік саласына нақты қажет мамандарды оқыту және жаңа заман талабына сай бәсекеге қабілетті кәсіп иелерінің кезекті шоғырын әзірлеу. Сарапшылардың ұсынысына сәйкес жылдам өзгеретін технологияға негізделген отыз бір жаңа мамандықтың қолданысқа енгізілу мүмкіндігі назарға алынғаны айрықша атап айтылды. Автожол саласында – BIM цифрлық жобалаушылары, «ақылды жолдар» мамандары және құрылыс роботтың операторы. Теміржол саласы мен логистикада – цифрлық логистер және автоматика мамандары.

Авиацияда – жасанды интеллектімен істейтін диспетчерлер, әуе қозғалысының ИИ-жобалаушысы, пилотсыз техниканың операторы. Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік құрылымдары мен білім беру ұйымдары арасында бірегей байланыс орнатылғанын білдік. «Қазақстан темір жолы» компаниясы кадр дайындау үшін төрт өңірлік оқу орталығына қоса басқа да мүмкіндіктерді қарастырғанын оң тәжірибе ретінде ұсынған еді. Өйткені осы жүйе арқылы былтыр 174 мың қызметкер біліктілігін жетілдірсе, оның бір жүз он үш мың жасанды интеллектімен жұмыс жасауды үйреніпті. Басқа көлік саласында осыған ұқсас жобалардың қолға алынғаны белгілі болуда.

JOLSHY жобасы отандық жол саласында жүзеге асырыла бастаса, авиация мамандарын кәсіби даярлау үшін халықаралық деңгейдегі жаңа оқу орталығы құрылған. Мемлекет тарапынан соңғы кезде жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын орнықтыру қажеттігіне ерекше назар аударыла бастады. Бұл бағыттарға биыл да барынша басымдық беріліп, жаңа оқу жылында республика аумағындағы колледждерге арнайы білім беру бойынша 140 мың орын бөлінген. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ресми мәліметке сүйенсек, техникалық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс көлемі артқан.

Демек, мәселе жастарды арнаулы оқу орындарына көбірек тартумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – оларды болашағы бар мамандықтарға бағыттау. Үшінші мегаполистегі жағдай да осы үрдістің айқын көрінісі. Биылғы оқу жылына қала колледждеріне мемлекеттік тапсырыс бойынша алты мың орын қарастырылса, оның 3141-і инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына және сегіз жүз алпыс бірі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытына тиесілі екен. Бұл көрсеткіштер жергілікті еңбек нарығындағы қажеттіліктерге сәйкес техникалық мамандарды даярлауға басымдық беріліп отырғанын аңғартады.

Жол-көлік колледжі шым шаһардағы елу бес жылдық тағылымға толы терең тарихы бар техникалық және кәсіби білім беруге негізделген жергілікті ұйымдардың алдыңғы сапында. Осы арнаулы оқу орнындағы тиісті мамандықтарды таңдаған биылғы жас түлектердің саны артуынан мемлекеттік тапсырыстың нақты сұранысқа сай бөлінгенін байқауға болады. – 2026-2027 оқу жылына төрт жүз он жеті өтінім түсті. Мемлекеттік тапсырыс бастапқыда үш жүз орын көлемінде белгіленсе, «Автомобиль электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электрик» мамандығына кейіннен қосымша үш орын бөлінудің нәтижесінде мемлекеттік грантпен қабылданған студенттер саны 303-ке жетті, – дейді директордың міндетін атқарушы Берік Ешимов.

Бұл колледж автомобиль көлігі, теміржол, жол құрылысы және көлік электр жабдықтары бағыттары бойынша мамандар даярлайды. «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» бағытына бір жүз жетпіс алты өтінім түссе, оның жүзі грантқа қол жеткізген екен. Жетпіс алты талапкер оқуға ақылы негізде қабылданыпты. Ең басты назар аударатын жайт – кейбір мамандықтарға бөлінген орыннан талапкерлер санының көп болуы. Яғни қазіргі жастар арасында техникалық кәсіпті саналы түрде таңдаудағы қызығушылықтары жоғары. Алайда бұл жағдайды еңбек нарығындағы нақты мүмкіндіктермен ұштастырудың маңызы зор.

Берік Ракыманбердіұлының сөзіне сүйенсек, мемлекеттік гранттардың көптеп бөлінуі жастардың техникалық және кәсіптік білім алуына мүмкіндік береді. Бірақ маман тапшылығы бірден шешілмейді. Өйткені жұмыс берушілерге кез келген диплом иесі емес, нақты өндірістік дағдысы қалыптасқан маман қажет. Техникалық мамандықтардың мазмұны да бұрынғыдай емес. Бұған дейін автослесарь дегенде көліктің механикалық бөлшектерін жөндейтін маман көз алдымызға келетін. Қазір бұл жұмыс әлдеқайда күрделі. Заманауи автомобильде компьютерлік диагностика, электронды басқару жүйелері, түрлі сенсорлар мен электр жабдықтары бар.

Сондықтан бүгінгі техник-механик қозғалтқыш пен жүріс бөлігінің құрылысын біліп қана қоймай, электрондық жүйелерді диагностикалауды да меңгеруі тиіс. Қазіргі еңбек нарығында автомобильдерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу мамандарына, автослесарьларға, жүргізушілерге, сондай-ақ электр және диагностикалық жүйелерді меңгерген жаңа буын жұмысшы мамандарына сұраныс жоғары. Бұған жол-құрылыс техникасын пайдалану және жөндеу саласындағы мамандар қажеттілігін де қосуға болады. Демек бүгінгі жұмысшы маман – тек қол еңбегіне сүйенетін қарапайым қызметкер емес.

Озық үлгідегі жабдықтармен жетілдірілген жаңа техника мен цифрлық технологияны қатар меңгерген кәсіби маман даярлаудағы тиімді тәсілдердің бірі – дуалды оқыту. Жат жұрттықтардан енгізілген осы модель бойынша студент алғашқы білігінде арнаулы оқу орнындағы пән педагогтерінен тақырыптық дәрістер тыңдаса, қалғанын тәжірибе ретінде кәсіпорындағы тәлімгерінің жанында нағыз еңбекке араласу арқылы мамандығына машықтанады. Бұл жаңаша жүйенің студент пен жұмыс беруші үшін екі тарапқа тигізер пайдасы молы рас. Жас маман теориялық білімін іс жүзінде сынап көру барысында өндірістің талаптарын ерте түсінеді.

Ал түрлі саладағы ұжымдар болашақ маманды оқу кезінде-ақ байқап, оның кәсіби қабілетін бағалай алады. Қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша миллиондар мекеніндегі жиырма төрт колледжде осы формат жүзеге асырылып, бірқатар оқу орны жергілікті кәсіпорындармен тұрақты байланыс орнатқан. Дегенмен дуалды оқыту тек құжат жүзіндегі көрсеткішке айналмауы керек. Әрбір студент жұмыс орнына барып, нақты үдеріске белсене араласса, болашақ диплом иесі ретіндегі кәсіби дағдысы қалыптасады. Яғни өндірістік тәжірибе дегеніміз – жалған есепті құрайтын пайдасыз бос уақыт емес, болашақ маманның кәсіби ортаға бейімделетін сынақ кезеңі.

Қазақстандық колледждерді заман талабына сай қайта құрылымдаудағы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесін тек білімгердің оқу үлгерімімен ескіше өлшеудің енді тіптен мәні жоқ. Себебі басты әрі маңызды көрсеткіштердің бірі ретінде жас түлектің оқу аяқталғаннан кейінгі тұрақты және қомақты табысы бар өнімді еңбек жолы қарастырылған. Жол-көлік колледжінің басшылығы ұсынған ақпаратта таңдаған мамандығы бойынша білім беру бағдарламасын толық тәмамдаған түлектердің 70-75 пайызы кәсібіне сай жұмыс істеп жүргені айтылады. Million Motors, Chevrolet автосалондары мен Volvo сервис орталығында қызметке орналасқандардың қатары көбейген.

Ақтөбе автожол колледжі – көлік, жол және өндірістік салалар үшін мамандар даярлау бағытында елу екі жылдық бай тарихы бар өңірдегі оқу орындарының бірі. Жергілікті кондитер фабрикасы жанынан ұйымдастырылған №18 техникалық бағыттағы арнаулы оқу орны әр жылдары №23 кәсіптік-техникалық училище, кәсіптік-техникалық мектеп және №6 лицей болып қайта құрылған. Ширек ғасыр бұрын бұл ұстаздар ұжымы аймақтағы үздіктердің көшіне ілескен. 2012 жылы оқу орнының атауы қазіргіше өзгертілген соң алты мамандық бойынша кәсіби және техникалық білім беруді бастағанын білдік (автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану; электр механикалық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану).

Автомобиль жолдары мен әуеайлақтарын салу және пайдалану; автомобиль көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару; полиграфиялық және қаптама өндірісінің технологиясы және тоңазытқыш компрессорлық машиналары мен қондырғыларын пайдалану және монтаждау бағытындағы кәсіби мамандарды оқытатын бұл колледжде әлеуметтік серіктестермен екі жақты ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінеді екен. Өндірістік оқыту мен кәсіптік практика жұмыс берушілермен жасалған келісімдер негізінде және кәсіпорындардың білікті кадрларға деген қажеттілігін ескере отырып ұйымдастырылады.

– Аймақтағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің педагогтері биылғы жаңа оқу жылына негізгі басымдықтарды айқындады. Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжі – республикамыздың аумағында орналасқан техникалық және кәсіптік білім беретін ең көне мемлекеттік оқу орындарының бірі. Себебі бұл бірегей білім ордасының терең тарихы өткен жиырмасыншы ғасырдағы бір мың тоғыз жүз отыз екінші жылдан тамыр тартады. Сол жылы облыс орталығында пайдалану техникумы құрылып, содан бері тоқсан жылдан астам уақыт бойы теміржол саласы, көлік, байланыс, автоматтандыру және заманауи технологиялар бағыттары бойынша білікті мамандар даярлап келеді, – деп хабарлайды Ақтөбе облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.

Бүгінде бұл колледжде 1493 студент бар. Бір мың тоқсан үш білімгер күндізгі бөлімде оқыса, төрт жүз студент сырттайда. Түрлі пән бойынша дәріс беретін 139 педагогтің құрамына жиырма төрт магистр, 6 педагог-шебер, жиырма бес педагог-зерттеуші, 17 педагог-сарапшы және отыз сегіз педагог-модератор қамтылған. Осы арнаулы оқу орнында еңбек нарығындағы сұранысқа ие он бес мамандық бойынша кәсіби кадрлар даярлануда. Биылғы облыстық тамыз кеңесінде жергілікті техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің 400 педагогі арнайы бас қосып, жаңа оқу жылына арналған негізгі міндеттер мен саланы дамытудың басым бағыттарын талқылаған еді.

Негізгі назар еңбек нарығында сұранысқа ие кадрлар даярлауға, жұмыс берушілермен өзара байланысты нығайтуға, дуалды оқытуды дамытуға, цифрландыруға және заманауи білім беру технологияларын енгізуге аударылды. – Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің басты міндеті – еңбек нарығына қажетті, бәсекеге қабілетті және кәсіби білікті мамандар даярлау. Бұл үшін талапкерді колледжге қабылдаудан бастап, оның кәсіби қалыптасуы мен оқуын аяқтағаннан кейінгі жұмысқа орналасуына дейінгі барлық кезең жүйелі түрде ұйымдастырылуы қажет, – деді осы жүздесуде сөз сөйлеген облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева.

Жоғары көлік және коммуникация колледжі екінші дүниежүзілік соғыс жеңіспен аяқталған жылы осы астықты өлкеге қажетті теміржол мамандарын оқыту мақсатында ашылған талай тарлан тұлғаларды тәрбиелеген тарихи білім ордасы ретінде тәуелсіз елімізге танымалдығымен елордада беделді. Жергілікті техникалық және кәсіби білім беру ұйымы ретінде қолданыстағы дуалды оқыту жүйесіне қосылғандықтан отандық машина жасауға қатысты мамандықты таңдаған студенттер үшін салалық кәсіпорындарға арнайы экскурсиялар жасау жақсы жолға қойылған.

– Astana Invest ұтымды ұйымдастырған кезекті шара барысында болашақ диплом иегерлері жауапкершілігі шектеулі «Stalbau» серіктестігінің қарқынды жұмысымен кеңінен танысып, теориялық білімдерінің өндірісте қалай қолданылатынын байқап көрді. Қазіргі кезде осы колледждің 2–4-курсында оқитын бес жүз жетпіс үш студент дуалды оқыту жүйесімен қамтылған. «Stalbau» компаниясы астаналық машина жасау саласындағы белді өкілдердің бірі. Бұл іргелі ұжым коммуналдық, жол және арнайы техникаларды өндірумен және жеткізумен айналысады, – деп хабарлайды екінші мегаполистегі білім басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кету керек, бәсекелестік нарықта он жылдан астам уақыттан бері жүйелі жұмыс істеп келе жатқан қазақстандық кәсіпорын жеке өндірістік базасын дамытып, заманауи технологиялық шешімдерді батыл енгізуде. Astana Invest пен Жоғары көлік және коммуникация колледжі және кәсіпорындар арасында дуалды оқытуды дамытуға бағытталған үшжақты ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол қойылған. – Біздің арнаулы оқу орнында жаңа жүйені жетілдіру, дамыту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп келеді. Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығы – ортақ мақсаттағы маңызды серіктестеріміздің бірі, – дейді қала әкімдігіне қарасты Жоғары көлік және коммуникация колледжі директорының орынбасары Ұланбек Бақытұлы.

– Осы орталықтың қолдауымен колледжіміз бен бірқатар жетекші кәсіпорындар арасында бұрыннан бар байланысымыз бекемделіп, игілікті істеріміз ілгеріледі. Дуалды оқыту, ең алдымен, студентке үлкен мүмкіндік береді. Білім алушы кәсіпорында тәжірибеден өту арқылы болашақ мамандығының қыр-сырын меңгереді. Және кәсіби дағдыларын қалыптастыру арқылы еңбек ортасына бейімделеді. Astana Invest – кәсіпорын – колледж арасындағы тараптар түсіністігін білім мен өндірісті байланыстыратын маңызды қадамға бағалаймыз. Нәтижесінде студент сапалы білім мен тәжірибе алса, кәсіпорын білікті кадр даярлауға қатысады. Колледж еңбек нарығының нақты талаптарына сай маман даярлау мүмкіндігін арттырмақ.

Сала сарапшыларының сөзінше, авиация мамандарын заманауи даярлау білім беру стандарттарының талаптарына ғана емес, саланың нақты сұраныстарына да сәйкес келуі тиіс. Сондықтан студенттерге жетекші халықаралық компаниялар мен университеттердің өкілдерінен тікелей практикалық тәжірибе алу мүмкіндігін ұсынудың маңызы зор. Бұл бастамалар студенттердің кәсіби ой-өрісін кеңейтуге, цифрлық және коммуникативтік құзыреттерін дамытуға, сондай-ақ қарқынды өзгеріп жатқан авиация саласында жұмыс істеуге дайын болуына мүмкіндік береді. Digital Tools және Soft Skills сынды екі тәсіл авиация саласының цифрлық трансформациясы жағдайында маңызы артып келе жатқан құзыреттермен болашақ кәсіби мамандардың бейінді академиялық даярлығын толықтырады.

Рас, тәуелсіз мемлекетімізде авиация саласы қарқынды дамып келеді. Бұл үдерісті одан әрі ілгерілету үшін білімі терең, білікті әрі болашақ талаптарына сай мамандар қажет. Осы орайда еліміз жүйенің ілгері дамуына серпін беріп, өңір елдерін байланыстыратын маңызды буынға айналмақ ниетте. Әрине, техникалық білім тиімді коммуникация, ынтымақтастық және мәселелерді шешу қабілетімен ұштасуы тиіс. Сондықтан бағдарлама аясындағы екі модуль студенттерге болашақ кәсіби қызметінде қажетті құзыреттерге жаңаша көзқараспен қарауға көмектеседі. Азаматтық авиация мамандарын даярлайтын арнаулы және жоғары оқу орындары жаңаша білім берудің бағдарын нығайтуға, шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге, тәжірибе алмасудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға мүдделі.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий