Жоғары білім мен ғылымды дамытудың негізгі бағыттары талқыланды

Qazaq AI Research University (QAIRU) алаңында қазан айының он бесі, яғни өткен аптаның бейсенбісінде қазақстандық жоғары білім қызметкерлері күніне арналған іс-шараға бейіндік ведомствоның өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, ғылыми және академиялық қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ білім беру және инновациялар саласындағы сарапшылар қатысқан болатын. Бірегей басқосудың барысында жоғары білім мен ғылымды дамытудың өзекті мәселелері, университеттердің цифрлық трансформациясы, жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу мен білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру жайы және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктері талқыланды.

Форумда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйледі. Ол жаһандық технологиялық өзгерістер жағдайында жоғары білім мен ғылым жүйесін дамытудың маңыздылығын атап өтіп, кадрлар даярлау сапасын арттыруға, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді білім беру үдерісіне енгізуге, сондай-ақ елдің ғылыми әлеуетін нығайтуға назар аударды. Сонымен қатар министр университеттердің бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудағы, инновацияларды дамытудағы және экономика мен қоғамның заманауи талаптарына сай адами капиталды қалыптастырудағы рөліне тоқталды.

Іс-шара аясында сала дамуына үлес қосқан ғылым және жоғары білім қызметкерлеріне мемлекеттік марапаттар табысталып, жоғары білім мен ғылым жүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттары қарастырылды. Атап айтқанда, ұлттық бірыңғай тестілеу форматын жетілдіру, AI-Sana ұлттық қозғалысын іске асыру, жасанды интеллектіні білім беру үдерісі мен ғылыми зерттеулерде қолдану аясын кеңейту мәселелері зерделеген еді. Сондай-ақ жоғары білім сапасын арттыруға, білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңартуға, халықаралық интеграцияны дамытуға және жоғары оқу орындарын қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылды.

Жиналғандар тәуелсіз еліміздің ғылыми және инновациялық әлеуетін дамыту, интернационалдандыру бағытындағы нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу және университеттер қызметіне заманауи технологиялық шешімдерді енгізу мәселелерін де кеңінен қарастырды. Студент жастарды әлеуметтендіру мәселесі де талқылаудың маңызды бағыттарының бірі болды. Осы тұрғыда қолайлы, инклюзивті және қауіпсіз университеттік орта қалыптастыру, студенттік бастамаларды қолдау, студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту және білім алушыларды волонтерлік қызметке тарту қажеттігі айрықша атап айтылды.

Заманауи университеттің міндеті – сапалы кәсіби білім берумен қатар студенттердің азаматтық жауапкершілігін, көшбасшылық қасиеттерін және әлеуметтік белсенділігін дамыту. Технологиялардың қарқынды дамуы жағдайында университет моделін трансформациялау, жасанды интеллектіні жоғары оқу орындарының білім беру және басқару қызметіне кіріктіру, сондай-ақ цифрлық құзыреттері заманауи талаптарға сай мамандар даярлау мәселелері де сөз болды.

Форум сала дамуының өзекті мәселелері бойынша кәсіби пікір алмасуға, практикалық шешімдерді талқылауға және алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік бергенімен ерекшеленеді. Қарастырылған мәселелер отандық жоғары білім беру жүйесінде кадрлар даярлау сапасын арттыруға, ғылыми және инновациялық құзыреттерді дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және заманауи университеттік орта қалыптастыруға барынша басымдық берілгенін айғақтайды.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов «ҰБТ-ның жаңа форматы білім алушылардың білімін бағалаудың заманауи құралы ретінде» тақырыбында баяндама жасап, осы іргелі ұжымның халықаралық ETS ұйымымен ортақ мақсатқа сай бірлесе жүзеге асырып жатқан Admission Insight Test (AIT) жобасының жай-жапсарын әңгімеледі. Былтырғы ақпан айында басталған бұл жаңа жобаның 2030 жылға дейін жалғасатындығы жоспарланған. Негізгі ұстаным – білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен заманауи әлемнің талаптарын ескере отырып, қабылдау емтихандарын өткізу және бағалау тәсілдерін жаңарту.

Осы халықаралық форумы аясында еліміздегі ұлттық тестілеу орталығының жетекшісі Нұрсейіт Абсаттарұлы мен College Board халықаралық коммерциялық емес ұйымы вице-президенті Руши Шет қос тараптың түсіністігі туралы меморандумға қол қойды. Бұл ресми құжат академиялық ынтымақтастықты, ең алдымен, жоғары оқу орындарына түсу кезінде білімді халықаралық бағалау саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған. Қазіргі уақытта белгіленген қағидаларға сәйкес SAT нәтижелері ACT, International Baccalaureate (IB), A Level, IELTS және TOEFL сияқты басқа да халықаралық емтихандар мен бағдарламалардың нәтижелерімен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) балдарына аударылады.

College Board ұйымымен ынтымақтастық халықаралық тәжірибені зерделеуді және білім беру емтихандарының нәтижелерін егемен еліміздегі жоғары оқу орындарына қабылдау кезінде қолдану мүмкіндіктерін қарастыруды жалғастыруға жол ашады. Атап айтқанда, тараптар Advanced Placement (AP) бағдарламасының нәтижелерін есепке алу тәсілдерін, жоғары оқу орындарының осы бағдарламаның мүмкіндіктері туралы хабардарлығын арттыруды және халықаралық емтихандар нәтижелерін ұлттық жоғары білім беру жүйесінде тану тетіктерін жетілдіруді қарастырмақ.

Форум Оңтүстік және Орталық Азия елдерінен білім беру саласының өкілдерін, шешім қабылдауға қатысатын тұлғаларды және қоғамдық пікір көшбасшыларын біріктірді. Қатысушылар мектеп оқушыларын колледждер мен университеттерде білім алуға дайындау, білімге қолжетімділікті кеңейту және білім беру жүйесінің түрлі деңгейлеріндегі педагогтердің алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылады. Рас, соңғы жылдардағы нәтижелер көңіл қуантады. БҰҰ Адам дамуы индексінде тәуелсіз мемлекетіміз бір жүз тоқсан үш елдің арасында алпысыншы орынға көтеріліп, «адам дамуы өте жоғары» жат жұрттықтардың қатарына енді.

Білім енді тапшы ресурс емес. Маңызды мәселеге айналғаны – пайымдау қабілеті. Білімді қайта жаңғыртуды тексеретін емтихан бүгінде жасанды интеллект талапкерге қарағанда әлдеқайда жылдам орындайтын әрекетті бағалайды. Сондықтан қабылдау жүйесін реформалау – бүкіл білім беру жүйесін өзгертудің ең пәрменді тетіктерінің бірі. Қабылдау моделі өзгерген кезде онымен бірге бүкіл жүйе де өзгере бастайды. Ұсынылып отырған AIT емтиханының құрылымы екі негізгі бөліктен тұрады. Ең алғашқысы пәндік тестілер – он төрт бейіндік пән бойынша өткізіледі.

Тапсырмалар мемлекеттік стандартқа сәйкес жаңартылып, ақпаратты жай ғана есте сақтау мен қайталаудан гөрі оқу материалын терең түсінуге басымдық беріледі. Екінші – дағдыларды бағалау тесті. Сыни ойлау, академиялық жазылым және зерттеу дағдылары, коммуникациялық қабілеттер, жасанды интеллектіні пайдалану сауаттылығы, сандық және цифрлық сауаттылық, сондай-ақ креативті және дизайндық ойлау дағдыларын бағалауға бағытталған бес модульді қамтиды. Соңғы модуль әзірлену үстінде. Дағдыларды бағалау бөлігі пәндік білімді алмастыруға емес, оны бағалауды толықтыруға бағытталған.

Емтиханның ұсынылып отырған құрылымы білім беру саясаты мен зерттеу нәтижелеріне қарай нақтыланатын болады. Баяндамада жаңа форматты әзірлеу үдерісінің ашықтығына да ерекше назар аударылды. ҰТО мен ETS биылғы сәуірде бірлескен түрде шамамен төрт мың респонденттің қатысуымен арнайы зерттеу жүргізіпті. Сонымен қатар сегіз фокус-топ және елордасында төрт тереңдетілген талқылау ұйымдастырылған. Жаңа қабылдау жүйесін әзірлеу барысында жоғары оқу орындарының, оқытушылардың және білім беру жүйесінің басқа да қатысушыларының пікірлері ескеріледі.

– Бұл әртүрлі көзқарастарды назарға ала отырып, қабылдау емтихандарын бағалаудың жаңа моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жобаны іске асырудың келесі кезеңі – AIT тестін сынақ түрінде алдағы жылдың көктемінде ұйымдастыру көзделген. «Ана тілі» республикалық газетінің соңғы санында жарияланған сала министрі Саясат Нұрбектің адам капиталы туралы мақаласын оқып, бір ойға тоқталдым. Дүниежүзілік банктің Адам капиталы индексінде еліміз он үшінші сатыға жоғарылады. Білім беру гранттарының саны осыдан жеті жыл бұрынғы елу бір мыңнан жүз мыңға жуықтаған. Бірақ мақаладағы ең маңызды тұжырым, менің ойымша бүгін диплом алу ғана жеткіліксіз, – деді ол.

– Шешуші мәселе – түлектің нақты білімі мен дағдысының экономика сұранысына қаншалықты сай келетіндігіне тікелей байланысты. Демек адам капиталын дамыту үшін нақты өлшемдерді қапысыз білген дұрыс. Тек қорытынды балл емес, әр білім алушының мектептен жоғары оқу орнына, одан әрі еңбек нарығына дейінгі жолында дағдыларының қалай өсетінін көрсететін шынайы деректер қажет. Нақты болжам жасалмаған жүйені ілгері дамыту мүмкін емес. Ұлттық тестілеу орталығы үшін бұл – жұмыстың басты бағдары. Бағалау тек іріктеу құралы ғана емес, адам әлеуетін дамыту туралы шешімдердің дәлелді негізі болуы тиіс.

– PISA зерттеулерінің соңғы нәтижелері көрсеткендей, еліміздегі білім сапасы өте төмен деңгейде. Бұрынғыдай «бәрі жақсы болды» деп өзімізді алдай алмаймыз. Уақыт ұзаған сайын жағдай нашарлап барады. Ең басты мәселе неде? Бұрын біз формулаларды жазып: «Осыны дәлелдеу керек еді», – деп көрсететінбіз. Теория мен тәжірибе тығыз байланысты болды. Қазір ше? Қазір тек тест тапсырады. Бұл, әрине – нақты сұраққа дайын жауапты жаттап алу. Оқушылар есеп шығаруға оқыған білімін пайдаланбайды. Олар: «Мен жиырма сұрақтың 19-ына жауап бердім», – деп мақтанады, – деп жазды Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында «Қазақстан Халық Кеңесінің» мүшесі, Білім және адами капитал жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы, осы саланың сарапшы маманы Мұрат Әбенов.

– «Сен 19 есеп шығардың ба?», – десең, «Жоқ, тек жауап бердім», – дейді. Қалай жауап бергенін де есінде сақтамаған. Жаратылыстану ғылымдарында – химия, биологияда да жағдай осындай. Он жеті сатыға төмендеп кеттік. Химиялық формулаларды, биологиялық процестерді жаттайды, бірақ өмірде қолдана алмайды. Улы заттардың не екенін білмейді. Табиғаттағы көк шөптердің қалай өсетінін, оларды түрлі аурулардан емдеу тәсілдерін түк түсінбейді. Ауыл шаруашылығындағы дәнді дақылдарға қандай тыңайтқыш қолдану қажеттілігін білмейді. Білім беру мазмұнын өзгертіп, шәкірттерге түсетін артық жүктемені тез арада азайтқан жөн. Пән мұғалімінің басты миссиясы – баланы оқыту. Олар бітпейтін қағаз есептеріне көміліп қалмауы керек.

Данияр ЕСКЕЛДІТЕГІ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий