Балалар баптаған бау-бақшаның берекесі
– Аршалы ауданына қарасты Арнасай ауылындағы жалпы білім беретін мектепте оқушылар ерте жастан бастап тек партада білім алып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласына қатысты практикалық дағдыларды да меңгеруде. Мектепте көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өнім алаңы бүгінде ашық аспан астындағы нағыз зертханаға айналған, – деп хабарлайды Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Мектеп жанындағы бақтың тарихы осыдан он сегіз жыл бұрын басталған екен. Бірегей бастама шәкірттер тарапынан жасалғанын білдік. Уақыт ұзаған соң осы кішкентай қадам ұйымшыл ұстаздар ұжымындағы маңызды бағытқа айналды. Бүгінде балалар педагогтермен бірге көкөніс өсіріп, өсімдіктердің ерекшеліктерін зерттейді, бақылау жұмыстарын жүргізіп, тынымсыз еңбектерінің нәтижесін көреді. Мектеп директоры Елена Молешкованың айтуынша, білім ордасының бақшасында картоп, сәбіз, қызылша, қырыққабат, кәді және қияр өсіріледі.
Жиналған өнім мектеп асханасының қажетіне пайдаланылады. Мектептің ерекше мақтанышы – арнайы жылыжайда өсірілетін жүзімнің екі сұрпы. – Жыл сайын жаз мезгілінде сынып жетекшілерінің басшылығымен практика ұйымдастырылады. Кестеге сәйкес 5–10-сынып оқушылары он күн бойы өсімдіктерді суарып, арамшөптерді жұлады, дақылдардың өсуін бақылайды, келесі жылғы өнімге тұқым дайындау үшін үздік сұрыптарды іріктейді, – деді ол журналистермен жүздесуінде. Мектеп үшін өнім алаңы – жай ғана бақша емес.
Бұл – жобалық жұмыс, экологиялық тәрбие және экономикалық ойлау қабілетін қалыптастыруға арналған маңызды кеңістік. Бұл алаңдағы әрбір өнім – оқушылардың еңбегі, зерттеуі және бірлескен жұмысының нәтижесі. Жүзім жемісі десе, көз алдымызға бірден жылы аймақтар елестейтіні рас. Күн шуағы мол түсетін оңтүстіктің жемісін қысы қатал өңірлерде өсіру оңай емес әрине. Дегенмен, бұл білім беру ұйымындағы оқушылар жүзім өсірудің тың әдісін тауыпты. Яғни қатаң табиғи климат өршіл өрендердің таудай талабына кедергі бола алмағанын білдік.
Сарыарқаның топырағы расында жүзім өсіруге қолайсыз. Сондықтан бұл өңірде осы өнімнің жайқалған алқабын көру сирек құбылыс. Десе де зейінді зияткерлер жемісті жылыжайда өсіріп, жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Бұл – жай ғана өнім алу емес, оқушылардың табандылығы мен ізденісінің нәтижесі. Осылайша мектеп оқушылары солтүстік аймақта да жүзім өсіруге болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеуде. Бұлар – жылыжайдағы әдеттегі көшеттер емес.
Әр түптің артында баланың еңбегі, ізденісі мен қызығушылығы бар. Олар жүзімнің өсу ерекшелігін зерттеп, топырағын дайындап, суару мен күтудің тиімді жолдарын үйренген. Бастапқыда оқушылар үш түп жүзім отырғызыпты, қазір жылыжай іші толы жүзім өсімдігі. Жалпы жүзімнің күтімі күрделірек, жылу мен жарықты жақсы көреді. Мектептегі тәрбие жұмысының негізгі бағыттарының бірі – экология-экономика тақырыбында. Осыған орай тоғызыншы сыныптың оқушылары мектеп жанында үлкен жеміс, көкөніс алқабын жасау жөнінде ұсыныс айтқан.
Себебі олар асханаға қажетті көкөністерді қолдарымен өсіруге шын ынталы еді. Сол кездегі жоба жүзеге асып, қазір міне мектептің негізгі әрі ауқымды жобаларының бірі ретінде қалың қауымға кеңінен танылды. Бастапқыда жүзім сұрыбының үлкен баққа айналарын ешкім ойлаған жоқ. Алайда өскелең ұрпақтың қолынан бәрі келеріне куә болған ата-аналардың ризашылығы шексіз. Олар мектеп дастарханында өздері өсірген жүзім мен басқа да көкөністердің дәмін тұрақты татып келеді.
– Жаз мезгілінде біз жетекшімізбен бірге жүзім және басқа да өсімдіктерді күтіп баптадық, суардық, арамшөптерін жұлып тазаладық. Жүзімге ерекше күтім керек, дегенмен өсіруге болады. Біз әртүрлі көкөністер мен гүлдердің тұқымдарын да ектік. Алғашқы өскіндер шыққан соң, жылыжай мен алқапқа қайта отырғыздық. Осылайша көп нәрсе үйрендік, бұл тәжірибе өмірде қажет болады деп ойлаймын, – дейді осы игілікті іске белсене үлес қосып жүрген оқушылардың бірі Кирилл Романов.
Экологиялық жобаның тағы бір маңызды бағыты – су үнемдеу. «Суды бірге үнемдейік» жобасы аясында тамшылатып суару жүйесі енгізілген. Оқушылар арнайы еріктілер тобын құрып, суды тиімді пайдалану тәсілдерін зерттеген. Мектептің бау-бақша алаңы тамшылатып суарылады. Жыл сайынғы алқапта көкөністің он тоғыз түрін баптау қолға алынған. Оқушылардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға бағытталған бұл еңбек тек егістікпен шектелмейді. Жиналған өнімді қысқа сақтау үшін дайындық басталып, оқушылар қияр, қызанақ, қырыққабат тұздауды үйренеді. Олар жетекшілерімен бірге екі жүздей шыны банка көкөніс тұздапты.
– Жаз бойы өсірілген көкөністерді тұздап, консерві жабамыз. Банкаларды қалай дұрыс зарарсыздандыру керек, қалай жабу және сақтау қажет екенін үйренеміз. Бұл дағдыларды қыздарға бесінші сыныптан бастап еңбек сабағында үйрете бастайды. Сонымен қатар мектепте өсірілген жүзімнен тосап дайындаймыз. Балаларға осы жұмыстар өте ұнайды, – дейді оқушы Екатерина Кобылкина. Бұл – баланы еңбекке баулитын, табиғатты қорғауға үйрететін тәжірибе алаңы. Сондай-ақ үнемшілдік пен жауапкершілікті қалыптастырады. Ал ең бастысы – оқушы бүгін мектеп ауласында еккен дәннің ертең жеміс беретінін өз көзімен көріп өседі.
Аққулы ауданындағы білім беру ұйымдарының мектеп жанындағы бақшаларында биыл жазғы демалыс күндері жастардың еңбегі қызу қарқын алып, арнайы бөлінген жер телімдерінде картоп, сәбіз, қызылша, қырыққабат, пияз, қияр, қызанақ және түрлі көкөністер бітік шыққан болатын. Ең бастысы – бұл тек өнім баптау емес, еңбек пен тәрбиені ұштастырған үлкен тәжірибе алаңы ретінде барлық мүдделі тараптың назарын аударғанымен ерекшеленді, – деп хабарлайды Павлодар облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
Педагогтер, мектеп қызметкерлері және оқушылар егістікті бірге суарып, арамшөптен тазартып, топырағын қопсытып, әр көшетті ерекше күтіп-баптаған болатын. Осындай ортақ еңбек арқылы балалар жер өңдеудің қыр-сырын меңгеріп, жауапкершілікке, ұқыптылыққа және табиғатқа жанашыр болуға тәрбиеленді. Мектеп бақшаларында өсірілген өнім жаңа оқу жылы басталған сәттен бастап мектеп асханаларына жіберіліп, ұл-қыздардың күнделікті тағамына пайдаланылды. Табиғи әрі сапалы көкөністер балалардың дұрыс және құнарлы тамақтануына, денсаулығын нығайтуға үлкен үлес қосатындығы даусыз.
Берекелі бастама білім беру ұйымдарының тиімділігін арттырып қана қоймай, жергілікті өнімді бағалау, табиғатты қорғау және ортақ іске үлес қосу құндылықтарын дәріптейді. Еңбекпен егілген әр дән – молшылықтың бастауы. Аудандағы мектеп бақшалары еңбек пен берекенің, экологиялық мәдениет пен тиімді ресурсты пайдаланудың жарқын үлгісіне айналып отыр.
Май ауданы Қаратерек орта мектебінің жоғары сынып оқушысы Құсман Зере үшін бұл мезгіл – табиғатпен үндесіп, экологиялық бастамаларды жүзеге асыратын ерекше уақыт деген дұрыс. Себебі жас зерттеуші отбасымен бірге «Старатель» тұқымды шылаушындардың көмегімен табиғи биогумус өндіріп, оны бақшадағы өнімді молайтуға пайдаланып келеді. Нәтижесінде экологиялық таза әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік туып отыр. «Табиғатқа жанашырлық – өз үйіңнен басталады», – деген ұстанымды берік ұстанған Зере экология саласына қызығушылығын нақты іспен дәлелдеп жүр.
Оның еңбегі жоғары бағаланып, «Жас экорепортер» атты былтырғы облыстық экологиялық байқауда жүлделі бірінші орынды иеленді. Құсман Зере – табиғатқа деген сүйіспеншілік, еңбекқорлық пен ізденістің жарқын үлгісі. Осындай жас буынның бастамалары еліміздің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосары сөзсіз. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Эколог күніне орай Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі ұйымдастырған арнайы шара барысында қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді атсалысып жүрген оқушылар мен студенттерге Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды.
Шарбақты ауданындағы Жаңа ауыл жалпы орта білім беру мектебінің жоғары сынып оқушысы Нарғыз Қуанова осы марапатталғандардың қатарында. Ол табиғатты қорғау бағытындағы белсенді қызметі, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қосқан үлесі және қоршаған ортаға жанашыр көзқарасы үшін лайықты баға алды. Бұл жетістік – мектеп ұжымының экологиялық тәрбие беру бағытындағы жүйелі жұмысының және оқушының табиғатқа деген жауапкершілігі мен сүйіспеншілігінің жарқын нәтижесі.
Кейіпкеріміз табиғатты аялау, экологиялық бастамаларды қолдау және қоршаған ортаны қорғау ісіне белсенді қатысу арқылы құрдастарына үлгі болып келеді. Жас экологтардың жемісті жетістігі аудан мен облыстан асып, республикалық деңгейде танылғаны мәртебелі мақтаныш. Олардың игілікті істері өскелең ұрпақтың табиғатты қорғауға деген қызығушылығын арттырып, экологиялық мәдениетті дамытуға соны серпін беретіндігімен қатарластарына үлгілі өнеге.
Нұрлан МЕРАЛЫ
Загрузка...



