Саясат Нұрбек Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін таныстырды
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек КИМЭП университетінің Басқарушы кадрларға арналған білім беру орталығы (Executive Education Center, EEC) мен Цинхуа университеті бірлесіп ұйымдастырған қытайлық жоғары буын басшыларына (C-level) арналған білім беру бағдарламасының құрметті спикері ретінде сөз сөйледі.
Өз сөзінде министр Қазақстанды өңірлік білім, ғылым және инновациялар орталығына айналдыру жөніндегі стратегиялық пайымын таныстырды. Ол соңғы жылдары Ғылым және жоғары білім министрлігі қол жеткізген негізгі нәтижелерге, халықаралық академиялық ынтымақтастықтың дамуына және жетекші шетелдік университеттердің Қазақстандағы қызмет ауқымының кеңеюіне тоқталды.
Сондай-ақ жасанды интеллектіні дамыту мен цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыру перспективаларына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, министр Екібастұз қаласында деректерді өңдеу орталығын салуды қоса алғанда, ауқымды технологиялық бастамалар туралы айтты. Бұл бағыттар инвестиция тартуға, инновациялық экожүйені дамытуға және Қазақстанның Орталық Азиядағы орнын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

13-17 қазан аралығында өткен білім беру бағдарламасына Қытайдың 50 компаниясының басшысы қатысты. Бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстан мен Орталық Азиядағы экономикалық және саяси ахуалды, өңірлік іскерлік ортаның ерекшеліктерін, инвестициялық мүмкіндіктерді және ел дамуының стратегиялық басымдықтарын тереңірек түсінуге жағдай жасау.
Бағдарлама аясында қатысушылар Қазақстанның сарапшылық және іскерлік қауымдастық өкілдерімен кездесіп, тақырыптық сессияларға қатысты. Сондай-ақ Astana Motors Manufacturing, Freedom Holding және Atasu Group компаниялары мен өндірістік алаңдарына барды. Кездесулер барысында делегация мүшелері елдегі автомобиль өнеркәсібінің, қаржылық технологиялардың және логистикалық инфрақұрылымның дамуымен, сондай-ақ бизнес жүргізу мен бірлескен жобаларды жүзеге асырудың нақты мүмкіндіктерімен танысты.

Бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру және іскерлік байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Сарапшылық пікір алмасуды, кәсіби тәжірибе бөлісуді және ұлттық экономиканың негізгі салаларымен танысуды ұштастыру мазмұнды диалог орнатуға, жаңа іскерлік байланыстар қалыптастыруға және екіжақты ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Бағдарлама – КИМЭП университетінде Цинхуа университетімен бірлесіп, жоғары буын басшыларын даярлау бағдарламаларының тыңдаушыларына арнап осындай форматта ұйымдастырылған алғашқы жоба.
«Бұл жай ғана білім беру бағдарламасы емес. Бұл – тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстар орнатуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашуға арналған алаң», – деп атап өтті қатысушылар.

Осындай бастамаларды дамыту халықаралық серіктестікті нығайтуға, академиялық және іскерлік байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ Қазақстанды білім беру алмасуы, инвестиция тарту және технологиялық ынтымақтастық үшін перспективалы бағыт ретінде ілгерілетуге ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі
Загрузка...