«ШАБЫТ» – ӨНЕР МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН МЕРЕКЕСІ

Республика күніне орай Павлодар облысы Аққулы ауданында өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін шыңдап, өнерге деген сүйіспеншілігін арттыруды мақсат еткен аудандық балалар шығармашылығының «Шабыт» байқау-фестивалі ұйымдастырылды.

Өнер мерекесіне аудан мектептерінің талантты оқушылары қатысып, өздерінің шығармашылық әлеуетін, сахналық шеберлігі мен орындаушылық қабілеттерін ортаға салды. Байқау жас дарындардың өнерін шыңдап қана қоймай, олардың өзара тәжірибе алмасуына, ұлттық мәдениет пен өнерді дәріптеуіне мүмкіндік берді.

Фестиваль бірнеше бағыт бойынша өткізілді. Атап айтқанда, «Ән қанатында», «Би әлемінде» және «Ансамбль» бағыттары бойынша қатысушылар өз өнерлерін көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсем ән мен мың бұралған би, үйлесімді ансамбльдік орындаулар байқаудың көркін аша түсті.

Байқау барысында қатысушылардың орындаушылық шеберлігі, сахна мәдениеті, шығармашылық ізденісі мен өнер көрсету деңгейі бағаланды. Әрбір өнерпаздың сахнаға деген құлшынысы мен дайындығы олардың өнерге деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті.

Фестивальдің қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте бірінші орынды екі жыл қатарынан Шәмші бастауыш мектебі иеленді. Бұл – мектеп ұжымы мен оқушыларының жүйелі еңбегінің, шығармашылық ізденісінің және өнерге деген шынайы сүйіспеншілігінің жемісі.

«Шабыт» байқау-фестивалі – балалардың бойындағы талантты танытып, шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашатын маңызды мәдени іс-шара. Осындай өнер додалары жас ұрпақтың рухани дамуына, ұлттық құндылықтарды құрметтеуіне және өз қабілеттеріне деген сенімін арттыруға ықпал етеді.

Өнерлі өрендердің алар асуы биік, шығармашылық жолдары жарқын болсын! Шабыттарыңыз шалқып, өнерлеріңіз өрлей берсін!

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий